Аяғы кемтар болса да, өзгелерді аяқтан тұрғызып жүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3804

Павлодарлық Әйтім Құсайыновтың оңалту орталығына деген сұраныс артып келеді. 

Аяғы кемтар болса да, өзгелерді аяқтан тұрғызып жүр

Қайбір жылы Павлодардағы үш қабатты ғимараттың бірін мекен етіп отырған мекемелер Наурыз мерекесіне орай кеш ұйымдастырды. Ән-биден кейінгі кезек спорттық ойындарға жетті. Алыбы бар, арығы бар ондаған адам білек түріп, ортаға шықты. Бұлар – қол күресінен бақ сынаушылар. Осы сайыста аяғын сүйрете басқан Әйтім Құсайыновтың өз қарсыластарын күйрете жеңгені есімізде. Кемтар жан болса да, қара күштің иесі екен. Жастар бастамаларын дамыту орталығында жұмыс істейтін Әйтім сол кезде көп адамды таңқалдырып еді.

Осыдан екі жыл бұрын Әйтім Құсайынов көпшілікті тағы да тәнті етті. Ол Павлодар қаласынан өзі секілді дертке шалдыққан балаларды емдейтін оңалту орталығын ашты. Осылайша, кәсіпкер ретінде кемтар балаларды аяқтан тұрғызуға атсалысып жүр.

Қоғамдық жұмысқа құлшына кірісіп, азаматтық позициясын, өмірлік көзқарасын ашық айтатын Әйтім Құсайынов былтыр Павлодар облысы бойынша ұйымдастырылған "Ертіс дарыны" жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл оның іскерлігіне, азаматтығына берілген әділ баға еді.

28 жастағы Әйтім – екінші топтағы мүгедек. ДЦП дертіне шалдыққандықтан, дұрыс жүре алмайды. Бала күнінен солай. Бір аяғын сүйрете басса да, көштен қалған емес. Қайта, қатарластарының алды.

"Әке-шешем ұзақ жылдар бойы Ресейде тұрды. Мен Павлодар облысының Ресеймен шекаралас жатқан Ертіс ауданында туыппын. Бағым шығар, анам – медицина қызметкері. Үйде медициналық әдебиеттер көп еді. Ес білгелі сол кітаптарды оқып, "Неліктен өзгелер секілді дұрыс жүре алмаймын" деген сұраққа жауап іздедім. Мектептегі достарым секілді жоғары қабатқа баспалдақпен жүгіріп шығуды армандайтынмын", – дейді Әйтім Құсайынов.

Әйтімнің әкесі өмірден ерте өтіпті. Анасы 4 жасар қызымен және 1 жасар ұлымен жалғыз қалады. Кейін бұл отбасы Павлодар өңіріне қоныс аударған.

"Бірде анам мен дәрігердің әңгімесін естіп қалдым. Олар өзара сөйлесіп тұр еді. Сол кезде анадай жерде тұрған мүгедектер арбасына көзім түсті. Дәрігердің: "Бала өздігінен жүре алмайды. Қалайда арбаға отыруы керек", – деген сөзін құлағым шалды да, ауруханадан қашып шықтым. Себебі көкейімде "Егер қазір арбаға отырсам, аз қозғалғандықтан, аяқтарым жансызданады. Соның салдарынан ағзада түрлі ауытқулар болады" деген ой тұрды. Мені көшеде жүрген жерімнен тауып алды. Не себепті қашып кеткенімді сұрады. "Қандай жағдай болмасын арбаға отырмаймын!" деп кесіп айттым", – дейді ол.

Әйтім Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразиялық университетін тәмамдайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң, "үйде отырып қалмау керек" деген оймен жұмыс іздейді. Ал мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс табу қиынның қиыны. Соған қарамастан, үмітін үкілеп Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын қолдау орталығына келеді.

"Директоры өте тамаша адам екен. Әңгімемді тыңдады. Сөзге келмей, жастарды жұмыспен қамту жөніндегі инспектор ретінде жұмысқа алды. Дәл осы жұмыс өмірге деген құштарлығымды одан әрі арттырды. Жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі жандармен жиі ұшырасатынмын. Көбінің көзінде от жоқ. Өмірден түңілген. Осындай жандардың ел қатарлы жүріп-тұруына, еңбек етуіне үлес қосқым келді. Сол себепті анам Роза Құсайынованың ерекше қолдауымен мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашуды қолға алдым. Бұл өте үлкен жауапкершілік, әрине. Мен осы жауапкершілікті арқалауға бекіндім", – дейді Әйтім.

Айтып өткеніміздей, Әйтімнің жеке кәсібін ашуға көмектесіп, демеген өзінің анасы. Орталықтың негізгі жұмысы да осы кісінің мойнында. Роза Құсайынова дертке шалдыққан балаларға түрлі массаждар жасайды. Ал Әйтім мүгедек жандарға арнап тренингтер өткізеді. Бүгінде орталықтың танымалдылығы артып келеді.  

"Әйтім тоғыз жасқа дейін жүрген жоқ. Дәрігерлер "балаңыз өмір бойы осылай өтеді" деді. Дәрігер айтты екен деп, баламнан бас тартпаймын ғой. Ұлымды аяқтан тұрғызу үшін медицинадағы білімімді одан әрі жетілдіруді жөн көрдім. Себебі Әйтімнің интелектісі өте жоғары екенін жақсы білемін. Сөйтіп, медицинаның мүлдем басқа саласында жұмыс істесем де, ұлым үшін алдымен массаж жасауды үйрендім. Астанаға барып, емдік дене шынықтыруды, яғни ЛФК-ны меңгердім. 45 жасымда логопед-дефектолог мамандығына оқуға түстім. Жұмыс барысында өте қиын жағдайға душар болған балаларды көріп, шүкір етемін. Қазір он екі мүшесі сау адамдар да өмірден түңіліп, баз кешіп жүреді ғой. Әйтімнің бойында мінез бар. Ерік-жігері мықты. Оны алға жетелейтін де осы қасиеттері", – дейді Роза Құсайынова.

Әйтім мүмкіндігі шектеулі жандарға реабилитациялық көмек көрсету жобасын әзірлеп, "Самұрық Қазына" қорынан 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Бұл сома орталықтың бастапқы шығындарына жұмсалады. Бүгінде орталықта күніне 10 балаға ем жасалады. Атап өтерлігі, орталықтың жұмысына Ресей, Өзбекстан елдерінен де қызығушылық танытатындар жоқ емес.   

"Мүгедектік адамның ой-санасында ғана болады. Кемшілігім бар деп кері тартуға болмайды. Өмірдің кез келген белесін бағындыру адамға ерекше ләззат сыйлайды. Бастысы, іркілмей, қадам жасау керек. Мейлі, мүгедек болсаң да", – дейді Әйтім Құсайынов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу