Үкімет халық арасында танымал көлік түріне қатысты қатаң шешім қабылдады

11372

Жүргізуші куәлігі жоқ мопедистер мен скутеристер адам қағып, халықты ығыр етті.  

Үкімет халық арасында танымал көлік түріне қатысты қатаң шешім қабылдады Фото: Колеса

Мопедтер мен скутерлер Қазақстанда кең танымал бола бастады. Біріншіден, оларға көлік кептелісі қорқынышты емес: көлік-көліктің арасынан сығылысып өтіп кетеді. Көздеген жеріне тез жетеді.

Екіншіден, мысалы, самокаттар тақтайдай түзу жолды талап етеді, оны айдаушы ойқы-шойқы жолда омақаса құлауы мүмкін. Оның үстіне электрлі самокаттардың батареялары отырып қалып жатады. Ал, скутерлер бензинмен де қозғалады. Әрі жол талғамайды.

Үшіншіден, мопедтер мен скутерлер арзан тұрады. Қолданыстағыларының бағасы 100–125 мың теңгеден басталады. Қазіргі қымбатшылық заманында бұл – жақсы велосипедтің құны ғана. Жаңаларын 350 мың теңгеден табуға болады.

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, егер бұл көлік еш жерде тіркелмесе, мемлекеттік нөмір белгісі болмаса, жүргізушісінің бет-жүзі шлеммен жабылса, онда бұл – полицейлер үшін үлкен проблема. Жол апатына себеп болып тайып тұрса, табылуы қиын.

"Мұндайда егер болса, тек көшелердегі бейнебақылау камералары ғана көмектесе алады. Жедел басқару орталығындағылар (ЖБО) байқап қалса, радиобайланыспен таяу жердегі патрульдік экипажға хабарлай алады. Ол қуып жетіп, құқық бұзушыны тоқтатады. Бұл кезде оның қозғалыс бағытын ЖБО-дағы мамандар қадағалап отырады. Құқық бұзушылыққа видеожазба ғана дәлел бола алады, ал, жүргізушінің кім екенін жеке куәлігі бойынша патрульдік полицейлер анықтайды. Егер бейнебақылау болмаса, таяу жерде полиция жүрмесе, жақын аулалардың бірін қалқалап, жазадан құтылып кетеді", – деді заңгер.

Дәл осы кезде мопедтер мен скутерлер жалғыз қалада ғана емес, ауылда да кең таралып жатыр. Ауылдықтар сонымен атты ауыстыра бастапты.

"Соңғы кезде халық малды мопедпен, мотоциклмен бағатын болды. Неге? Себебі, мопедтің бағасы мініс аттан арзан, қолжетімді. Бұл енді жақсы шығар. Көптеген дамыған мемлекетте адамдар квадроциклмен де мал бағады. Біраз қазақ мініс атқа жасөспірімдерді отырғызады, 5–6 жастан бастап атқа мінгізеді. Далада ат үстінде мал бағып жүрген 10–12 жасар балаларды байқауға болады. Мопедтен төнетін қауіп аттан да келеді. Бірақ біз ат мінуге ешқандай жүргізу куәлігін сұрамаймыз ғой", – деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.

Оның бұлай ренжуінің негізі бар. Өйткені Мәжіліс "Жол жүрісі туралы" заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасын, сондай-ақ "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын концептуалды түрде қабылдап қойды.

Енді Сенат мақұлдап, Президент қол қойса, бір топ депутат жазған жаңа заң аясында Қазақстанда жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед пен скутер айдауға тыйым салынады.

"Ауыл" партиясының аз шоғыр депутаты қазіргі қымбатшылық дәуірі ауылдықтарға да, ауыл кәсіпкерлеріне де қатты қиын тиіп тұрғанын алға тарта келе, "ауылдарда мопедпен ешқандай тас жолға шықпай, далада малын бағып жүрген азаматтарға ерекше жағдай қарастыруды" ұсынған. Алайда депутаттар көпшілік болып, ауылға жеңілдік жасауға жол бермеді. Көшесі мен тротуары көлікке толы қаланың проблемасы ауылды "жықты".

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл тұрғыда ауылға ерекше жағдай жасауға негіз жоқ дегенге келтірді.

"Жалпы алғанда, заң жобасының талаптары ауыл тұрғындарына ешқандай да әсер етпейді. Біріншіден, құлан түзде қуаты төмен мопедтер пайдаланылмайды, ауылдағылар негізінен, мотоциклдерді қолданса керек. Қуаты шамалы мопедтердің далада, ойлы-қырлы жерлермен жүре алуы неғайбыл. Екіншіден, мопедтерді мемлекеттік тіркеуге қою шығыны сонша көп те емес. Бұл жерде мен ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын!", – деп шорт кесті ІІМ басшысының орынбасары И.Лепеха.

Депутат А.Баққожаев мұндай ұстаныммен келіспейді. Сондықтан Мәжіліс отырысында мәселе етіп көтерді.

"Мәселе сол тіркеуде болып тұр ғой! Тіркеу не үшін керек? Олар ешқандай тас жолға шықпайды. Мына заң қабылданбай тұрып, мысалы, Жетісу облысында, Сарыөзектің төңірегіндегі ауылдарда ішкі істер органдарының қызметкерлері "бас киімің қайда? Басқасы қайда?" деп мал бағып жүрген жасөспірімдерді жауапкершілікке тартқан. Талап қатайса, қуғын-сүргін де күшейеді. Менің айтып отырғаным осы тіркеуге байланысты. Егер тас жолға шықпаса, одан ешқандай қауіп-қатер төнбесе, ол неліктен мопедін тіркеуі керек? Тып-тыныш далада мотоциклмен, мопедпен малын бағып жүргеннен ешқандай қауіп жоқ еді", – деді Анас Ахатұлы.

Әріптестері оның аузын жауып тастады. Заң жобасына бастамашылардың бірі, депутат Екатерина Смышляева да "ауылдық" әріптесін "өтірікші" етті.

"Сіз айтып тұрған мопедтер ауылда қалай жүреді? Олардың конструкциясы да бұған мүмкіндік бермейді ғой. Заң жобасында айтылған қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтердің конструкциясында жолсызбен қозғалу қарастырылмаған. Бұлар – асфальттың машинасы! Электросамокаттар сияқты. Электросамокаттармен мал бағып көріңіз, баға алмайсыз. Мопедте де солай. Бұл – бір! Екіншіден, ауыл жолдарымен қозғалатын дәстүрлі көлік түрлері үшін арнайы реттеу дегенді біз бұл заңда қарастырмаймыз. Үшіншіден, ауылдықтар көлігімен трассаға шықпайды деп отырсыз. Егер жалпыға ортақ пайдаланылатын жолды пайдаланбаса, құқық қорғау органдары тарапынан да ешқандай сұрақ болмайды", – деп шарт түйді Екатерина Смышляева.

"Таудың ішінде мал бағып жүрсе, енді оны барып полиция ұстамайды ғой!", – деп нүкте қойды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

"Ашық НҚА" порталында қоғамның талқылауынан өтпеген, депутаттардың өздері жазып, өздері қабылдаған аталған жаңа заңдар топтамасы ауылдықтарды ғана емес, қалалықтарды да дүрліктіргелі тұр. Мұны мәжілісмендер де, ІІМ-дегілер жоққа шығарып отырған жоқ. Өйткені мопедистерге жүргізуші куәлігін алу, көлігін мемлекеттік тіркеуден өткізу, мемлекеттік нөмір белгісін иелену және басқа да қатаң талаптар мен шектеулер енгізгенімен, жауапты құрылымдар соған өздері дайын емес.

"Заң жобалары қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтерді ресми тіркеуді енгізбек. Бейресми деректер бойынша бір ғана Алматыда кем дегенде 20 мың мопед бар. Оларды көптеген курьерлер, жеткізушілер, кәсіпкерлер пайдаланады. Тұрғындар мопед арқылы табыс табады, қызметпен айналысады. Олардың бәрін тіркеуге міндеттеу ІІМ органдарында және тіркеуші ұйымдарда коллапс тудыруы мүмкін. Оның үстіне шетелден әкелінген бұл көліктердің көбісінің елге әкелу туралы құжаттары, техникалық паспорттары жоқ, өйткені бұрын талап етілмеді. Мұндай құжаттарсыз олар қалай тіркеледі?", – деп күмәнданады депутат Айтуар Қошмамбетов.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл проблеманы "көкейкесті" деп атады.

"Заң жобасының күшіне енуіне 60 күн өтпелі кезең беріледі. Біз сол 60 күнде қажеттінің бәрін жасап үлгермейміз деп қауіптеніп отырмыз. Өйткені үлкен дүрбелең, ажиотаж келе жатыр. Қандай да бір коррупциялық мәселелер туындауы ықтимал. Сондықтан жұмыс тобы аясында қандай ақылға қонымды мерзімді орнатқан жөн деп ары қарай талқылап жатырмыз", – деді Лепеха.

Оның пікірінше, мопедтерін тіркеуге қоюда түрлі түйткілдер туындауы мүмкін. Мысалы, ондаған мың мопедтің әрқайсысын жеке-жеке тексермек. Бұған қаншама уақыт кетпек.

"Есепке қою регламентін әзірлейтін боламыз. Мопедтер Қазақстанға көлік емес, жай тауар ретінде әкелініп жатыр. Салдарынан, оған ілеспе ешқандай құжаттары жоқ. Ең жақсы дегенде, кассалық чегі болуы мүмкін. Сол себепті біз әрбір мопедке міндетті түрде тексеріс жүргіземіз, көлік құралын қарау актісін толтырамыз. Vin-коды болмаса, оны оған өзіміз белгілейміз. Азамат 0,24 АЕК немесе 923 теңге мемлекеттік бажды төлеуі керек. Өтініш жазады және жеке куәлігін ұсынады. Болды. Барлық құжаттарды біз дайындайтын боламыз", –деп уәде етті ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепеха.

Қабылданғалы тұрған заңда депутаттар бұдан былай барлық мопед жүргізушілерді А1 категориялы жүргізуші куәлігін алуға міндеттемек.

Бұл ретте өздері "мопедтердің қуаты шамалы, ауылда жүрмейді" деп отыр. Сонымен қатар депутаттар қуаты шамалы электросамокаттарды "кез келген категориядағы куәлікпен" айдауға рұқсат етті. Кейбір депутаттар мұндай "дискриминацияға" қарсы сөз айтып, мопед жүргізушілеріне де ұқсас құқықты беруді ұсынып көрген, өтпеді.

"Шынында да, мопедтерді кез келген категориямен жүргізуге рұқсат ету ұсынысы жұмыс тобында қаралды. Өйткені қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтерді басқару үшін жүргізудің ерекше машық-дағдылары қажет емес. Демек, жүргізуші куәлігінің кез келген категориясы жарай береді. Ең бастысы, жүргізуші жол жүрісі ережелерін білсе болғаны. Алайда Қазақстан 2009 жылы БҰҰ-ның Жол жүрісі туралы конвенциясын ратификациялады. Қазақстанда халықаралық келісімдер ұлттық заңдардан жоғары тұрады, үстемдікке ие. Біз мына заң жобасында мопедтерді "механикалық көлік құралына" теңестіріп қойдық, тиісінше, аталған конвенция талабына сәйкес, мопед жүргізу үшін жеке категория енгізуіміз қажет", – деді заңның бір авторы Екатерина Смышляева.

Ал, бұрынғы Парламент тұсында әзірленген "Жол жүрісі туралы" заңында электросамокаттар "механикалық көлік құралы" деп танылмады, тиісінше оны кез келген категориямен айдауға рұқсат етілді. Осылайша, қазіргі Парламент өзін де, халықты да тұйыққа тіреп отыр. Депутат Е.Смышляева осы баптың кесірінен, ХҚКО-лар мен автомектептерге шектен тыс жүктеме түскелі тұрғанын жасырмады.

Тығырықтан шығу үшін жұмыс тобы ымыра тәсілді талқылауда: егер азаматта А, В және С категориялары болса, онда оған А1 жаңа категориясын автоматты түрде беру керек. Бірақ мұның тетігі әзірге жоқ. Сондай-ақ мопед айдаушылардың көбінде жүргізуші куәлігі де жоқ, ендеше "компромистік нұсқа" да дүрбелеңнің алдын ала алмайтынға ұқсайды.

Депутаттардың мопедтерге неге "өшіккенін" Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов түсіндірді.

"Бүгінгі таңда мопедтер тіркеуден өтпейді, мемлекеттік нөмір берілмейді, сақтандырылмайды және жол қозғалысы ережесін жиі бұзады. Сондықтан заң жобасы арқылы мопедтерді жүргізу тәртібі мен пайдалану мәселелері қолға алынады. Жергілікті атқарушы органдарға шағын электрлі көлік құралдарын пайдалану тәртібін айқындау құзыретін беру көзделген. Өйткені елді мекендердегі жол құрылымын жөндеу, салу мәселелерімен әкімдер айналысады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі аясында мопед жүргізушілерінің жазасы көліктің басқа түрлерінің жүргізушілерімен теңестіріледі", – деді Н.Сабильянов.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2023 жылы мопедтердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 39 адам қаза тауып, 730 адам зардап шекті. 2024 жылдың үш айында болған жол оқиғаларының саны 171. Бір адам мерт болды. 173 адам жараланды

Бүгінде елдегі мопедтердің нақты санын ІІМ білмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу