Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстанды шетқақпай қылды

15317

Бірақ бұған олардың айыбы жоқ: ортаға қосылмаған Қазақстанның өзі. 

Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстанды шетқақпай қылды Фото: gov.kz

Бүгінде ЮНЕСКО ұйымы құратын "Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне" 145 елдің 730 мұрасы енген.

ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенцияға" қосылған мемлекеттер ұсынған мұра-кандидатураларды бағалау үшін жыл сайын жиындар өткізеді. Онда қандай да бір елдің мәдени мирасы жаһандық тізімге енгізуге лайық па, жоқ па деп, шешім қабылдайды.

ЮНЕСКО-ның аталған үкіметаралық комитеті соңғы рет өткен жылдың соңында, 2023 жылғы 5–9 желтоқсанда, Ботсвананың Касане қаласында жиналыпты. Сол сессияда комитет жомарттық танытып, аталған Конвенцияның 20 жылдық мерейтойына орай рекордтық көлемде – 72 ел ұсынған 55 жаңа элементті Материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне бірден енгізе салды. Онда қазақтың мұрасы болмағандықтан, Қазақстан тарапы бұл ірі жаңалыққа сол кезде мән бермеді.

Алайда сарапшылар мен депутаттар енді ғана егжей-тегжейіне назар аударып, төбе шаштары тік тұрды: түркі, соның ішінде Орталық Азия елдеріне ортақ мұраларды ЮНЕСКО тізіміне тіркегенде, бастамашы бауырлас мемлекеттер Қазақстанды қалыс қалдырыпты.

Мұны халықаралық жанжал деуге болады, өйткені ол мұраларды көршілер БҰҰ деңгейінде "меншіктеп" алды, бұдан былай қазақтар оны өз ата-бабасының мирасы ретінде халықаралық деңгейде ұсынса, бұл өзге елдің мұрасын ұрлап алғанмен бірдей болуы мүмкін. Қапы қалған қазақ елі мәдени мұрасыз қалды. Депутаттар бұған көрші елдермен лайықты ықпалдастықты жолға қоймаған ел Үкіметін айыптап отыр.

"Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне бұл жолы ондаған жаңа элементтер қосылды. Олардың арасында: Тәжікстанның атлас пен адрас маталарын дайындау дағдысы, Түрікменстанның ақалтеке аттарын өсіру және оларды әшекейлеу өнері, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ирандағы байырғы қолжазбаларда, каллиграфиялық мәтіндер мен миниатюраларда қолданылатын "Иллюминация" декоративті өнері, Өзбекстанның қыш бұйымдарын жасау өнері, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан мен Ирандағы Рамазан айында мұсылмандардың кешкі ауыз ашуы, ифтар, Әзербайжан мен Түркияның "балабан" музыкалық аспабын жасау дәстүрі, Қырғызстанның "элечек" әйелдердің бас киімін орай жоралғысы және басқалары кірді", – деп хабарлады ЮНЕСКО.

Бұлардың көбі қазақта бар, мысалы, элечек бізде "кимешек" аталады. Қазақ та ауыз бекітіп, ауыз ашады. Балабан бізде қоссырнай және басқа атауларымен белгілі. Алайда олардың бәрінен Қазақстан шет қалды.

Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра тізімінде Қазақстанның 13 мұрасы ғана бар.

Бұларға: Наурыз (2009, өзге елдермен бірге); Киіз үй (2014); Домбырамен күй орындау өнері (2014); Айтыс (2015); Күрес, куреш (2016, өзге елдермен бірге); Саятшылық, сұңқармен аң аулау (2016, әлемдегі өзге елдермен бірге); Қатырма жұқа нан, жупка, юфка, лаваш жасау өнері (өзгелермен бірге, 2016); Қазақтың дәстүрлі ойыны: асық (2017); Атбегілердің көктемгі жоралғылары (2017); Қорқыт Ата мұрасы (2018); Дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын: тоғызқұмалақ (өзге елдермен бірге, 2020); Ортеке – Қазақстанның дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка (2022 жыл); Қожанасырдың әзіл әңгімелері (өзге елдермен бірге, 2022 жыл) жатады.

Адамзаттың мәдени мұрасы бойынша рейтингте Әзербайжан әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады: ол 23 мұрасын енгізе алды. Түркияда – 15, Өзбекстанда – 11, Қырғызстанда – 6, Тәжікстанда – 4 мұра жаһандық тізімге ілікті. Яғни, бұл қатарда Қазақстан – көштің басында. Дегенмен, бұрынғы жылдары әлемдік тізімді жыл құрғатпай дерлік толтырып келген Қазақстанның тірлігінде кейінгі кезде тоқырау байқалады.

Үкіметтің арқаны кеңге салып, марқаятын жөні жоқ. Арнайы комиссия адамзаттың мұрасы тізіміне қосу үшін "Материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізіміне" 2023 жылы кем дегенде 88 элементті іріктеп алды. Олардың арасында қазақтың және тек қазақ жерінде сақталған өзге этностардың әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық дағдылар, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеу, құсбегілік, аңшылық, ән, жыр, дастан, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар және басқалары бар.

Оларды кіргізу үшін тағы ондаған жыл күттіріп қойса, оның біразын келер ұрпақ ұмытып, мұра жоғалуы мүмкін. Ал егер ЮНЕСКО-ның тізіміне кірсе, бұл халықаралық ұйым өз тізіміне кірген мұралардың қалай сақталып, дамытылып жатқаны туралы Үкіметтен үнемі есеп сұратады. Бұл мемлекетті болашақта да сол мұраларды ілгерілетуге итермелейді.

Қазақстан Үкіметінің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 қаулысымен "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама" қабылданды. Алайда, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, бұл тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ.

Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдады. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар салалық заңмен шектелмей, "Манас" туралы жеке заң да шығарды.

"Ал бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ! Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылап экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар. Материалдық емес мәдени мұраны сақтаушы негізгі нысан – адам. Егер рухани мұраны ұстап отырған адам, мұрагер өмірден өтсе, мұра да бірге өледі. Бүгінгі таңда ел аумағында ондай кісілер, көпті көрген ақсақалдар күн санап азаюда. Олармен бірге құндылықтар да жойылуда. Төл құндылықтардың атадан балаға жалғастығы үзіліп, дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады", – деді депутат.

Оның айтуынша, 2003 жылғы Париж Конвенциясына сәйкес, Қазақстан ЮНЕСКО-ға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау, зерттеу туралы 5 жыл сайын есеп беруге міндетті. Жасалмаған жұмыстардың есебі қалай жасалып жатқаны беймәлім.

Мәжілісмендер осыған байланысты Үкіметке ұсыныспен шықты. 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы" жеке заң жобасын әзірлеуі керек.

Бірден айта кетейік, жаңа Үкімет жаңа Парламенттің бұл ұсынысынан бас тартты. Вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, әлемнің басқа елдерінде бар материалдық емес мәдени мұраларға қатысты арнайы заң Қазақстанға қажет емес.

"2011 жылы Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және меншік құқығын беруге тыйым салу және оның алдын алу құралдары туралы конвенция ратификацияланды. Елімізде материалдық емес мәдени мұраны сақтау және жаңғырту шаралары қолданыстағы заңнамамен реттеледі және жеке заң қабылдауды қажет етпейді", – деді Тамара Дүйсенова.

Ал есеп сол бойы тапсырылмапты. Қазақстан ЮНЕСКО жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетке Мерзімді есебін 2024 жылы ұсынбақ.

"Мерзімді есеп 2024 жылдың 15 маусымы және 15 желтоқсанынан кешікпей жіберілуі керек. Ол Мерзімді есепті дайындау үшін Ведомствоаралық комиссия құрылды. Конвенция талаптарына сәйкес Ұлттық тізімге және ЮНЕСКО-ның Репрезентативті тізіміне енгізілген ұлттық элементтерді кеңінен насихаттау және пайдалану бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды жан-жақты зерделеу үшін сараптамалық топ құрылды", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Айтпақшы, материалдық емес мәдени мұра элементтерінің және оларды сақтаушы мұрагерлердің облыстық және республикалық тізімдері де күні бүгінге дейін жасалмапты. Үкімет оны енді түзуге уәде етіп отыр.

Ынтымақтастықтың үйлестірілмеуі салдарынан бауырлас, түбі түркі елдердің жаһандық тізімге ортақ мұраны тіркетуде арасына Қазақстанды қоспауына қатысты айыпқа Үкімет жауап бермеді. Тек бұл бағыттағы қатынастар жалғасын жатқанын білдірді.

"Әлемдік Мәдени мұраның репрезентативті тізіміне Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының 13 элементі енгізілген. Сонымен қатар, қазақ мәдениетіне қатысты 2 элемент – беташар мен салбурын ЮНЕСКО-ның бағалау комитетінің қарауында. Үкіметаралық комитеттің 2024–2025 жылдарға арналған құрамына енгізіледі. Сонымен қатар 2024–2025 жылдары үйлестірушісі Өзбекстан болып табылатын "сюзанна-кестелеу өнері" бойынша көпұлтты номинацияға Қазақстанның қосылуы жоспарлануда", – деді Тамара Дүйсенова.

Материалдық мұраның жайы да мәз емес

Сенатор Дархан Қыдырәлі материалдық және материалдық емес мұраны қорғауда мәселе көптігін айтты.

"Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр! Киелі жерлер шырақшылардың күнкөріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтағанымен, арнайы білімі, қағидат, стандарты жоқ. Ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде! Пір Бекет бір қазақтың айбары емес, бар қазақтың байрағы. Халықтың рухани қалпын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені құндылық ретінде мемлекет қарауында болуға тиіс", – деді сенатор.

Әулие-ата мен Жетісу, Арқа мен Сыр бойы және өзге де өңірлерде жағдай осыған ұқсас. Мәселен, Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды "қара археологтар" мен бұзақылар түрлі вандализммен бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдар аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынған.

Оларға қарсы тұруға тиіс қолданыстағы "Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану" заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана.

Д.Қыдырәлі тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажеттігін нықтады. Мәселен, көрші Өзбекстанда Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабз, Әзербайжанда Шеки сияқты тұтас қалалар Әлемдік мұра тізіміне енген. Сол арқылы тарихи-рухани орындарына былтыр 7 миллионға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан 2 миллиард доллар табыс тапты.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның  тарихи-мәдени мұрасының бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның "Бүкіләлемдік мұра тізіміне" енгізу жұмыстары пысықталуда.

"2024 жылы Маңғыстаудың жерасты мешіттері бойынша номинациялық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылы "Сырдария-Ферғана дәлізі" трансұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу қарастырылады. "Далалық ғибадаттық архитектура" атауымен Қазақстанның ежелгі кесенелері, мешіттері – Домбауыл, Алаша хан, Айша бибі, Арыстанбаб, Бабаджа хатун, Абат Байтақ кесенелері және басқалары бойынша номинация құжаттарын әзірлеу қарастырылады", – деді Тамара Дүйсенова.

Ол депутаттардың тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау үшін ештеңе жасалып жатқан жоқ деген сынымен келіспеді. Вице-премьердің мәліметінше, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген Ысқақ баб, Қарашаш ана, Ибрагим ата кесенелерінде, Қызыр мұнарасында 2023 жылы олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін ғылыми-реставрациялар жүргізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу