"Азия Авто" көліктерін ЕАЭО мен Қытай жаратпай отыр

Ержан Мәндиев шулы мәлімдеменің мәнін түсіндірді.  

"Азия Авто" көліктерін ЕАЭО мен Қытай жаратпай отыр

"Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобы төтенше жағдайдан кейінгі жұмысын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін ақпараттық қыспаққа алумен бастады. Негізгі өндіріс базасы Өскеменде орналасқан кәсіпорын ұжымы Үкімет басшысы Асқар Маминге мәлімдеме жолдаған болатын.

"Азия Авто Қазақстан" компаниясының бас директоры Ержан Мәндиевтің сөзіне сенсек, 11 сәуірде кәсіпорын Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігінен хат алған. Онда көлік құрастыру жобасын қолдауды көздейтін екі арадағы келісімшарттың күші жойылатыны хабарланыпты.  

"Мемлекет пен холдинг арасындағы келісімшарт жойылса, Өскемендегі тұтас тізбекті автомобиль зауытының құрылысы тоқтайды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік туралы кодекске біз үшін жағымсыз түзету енгізілетіні туралы ақпарат алдық. Бұл өзгеріс құрылысты жүргізуді түбегейлі тұншықтырады.  Осындай күйретуге бағытталған шешімдер төтенше жағдай кезеңінде қабылданып отыр. Осының кесірінен жобаға тартылған мыңдаған қазақстандық жұмыстан айырылуы мүмкін", – деген болатын Ержан Мәндиев.

Бүгін ол "Азия Авто" компаниясының бас директоры Ерік Сағымбаевпен бірге атышулы мәлімдеменің мәнін бейнеконференция арқылы түсіндірді.

Шетке кеткен инвестиция

Негізінен LADA маркалы көліктер құрастырумен айналысатын кәсіпорынды жұрт ресейлік бәсекеге қабілетсіз технологияның өнімін Қазақстанға тықпалаушы компания деп айыптайды. Зауыт басшылығы Өскеменде құрастырылған көліктерді экспорттаймыз деген желеумен Ресейдің 12 қаласында 19 автоорталық ашқан болатын. Бүгінде ол орталықтарда бірде-бір "өскемендік" көлік сатылмағаны белгілі болып отыр. Оны Ержан Мәндиев  те бейнеконференция барысында мойындады.

"Ресейдің 12 қаласында 19 автоорталық ашқанбыз. Өйткені "АвтоВАЗ" – біздің негізгі серіктесіміз. Олардың алаңында өз күшімізді сынап көру бізге өте қызық болды. Қазір бұл орталықтар өзін ақтайтындай деңгейге шықты. Қысқа уақыттың ішінде инвестициялық фазадан шығып, ақша әкеле бастады. Сондықтан шығыны көп дегенше, тиімді инвестиция десе дұрыс. Өскеменде салынып жатқан жаңа зауытымыздың өнімін экспорттайтын плацдарм құрып қойдық деп айтуға болады. Жылына шамамен 60 мың автомобиль шанағын дәнекерлеп, бояймыз. Сол кезде ішкі нарықтан артылған көліктің бәрі осы орталықтар арқылы экспортталады. Бүгінде кәсіпорын 100 пайыз "Бипэк Авто-Қазақстан" акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып саналады. Яғни зауытқа салған инвестиция сыртқа шығарылған жоқ. Қазақстандық акционер ол қаржыны қадағалап отыр. ЕАЭО аясындағы ықпалдастыққа да сай келеді", – дейді компания өкілі.

Ержан Мәндиевтің айтуына қарағанда,  2019 жылдан бері "Азия Авто"-ның қолданыстағы өніріс алаңына 51 млн доллар, жаңа зауыттың құрылысына 74 млн  доллар инвестиция салынған. 2002 жылдан бері бюджетке 511 млн теңге салық төлеп, 300 млн теңгеден астам салықтық жеңілдік алған. Ал "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша Қазақстан 20 млн долларға жаңа зауыттың инфрақұрылымын тартып берген. Кәсіпкерлік туралы кодекске түзету енгізілсе, құрастырушы компания осы жеңілдіктен айырылуы мүмкін.

Сағыздай созылған "теңдессіз" жоба

Жалпы Өскеменде зауыт салу керектігі 2002 жылдан бері айтылып келеді. Әуелі жыл сайын 120 мың көлік бастан-аяқ Өскеменде құрастырылады десе, кейін жылына 60 мың көлік шанағын құрастырып, оны бояйтын  зауыт салынса жеткілікті деген шешім шығарылды. Астанадан Алтайға ат басын бұрған басшылардың бәріне аталмыш нысан шикізаттық емес өндіріс саласындағы теңдессіз жоба ретінде таныстырылатын. Осының арқасында "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобы мемлекеттен түрлі жеңілдіктер алып, қосымша құн салығынан босатылған болатын.

18 жылдан бері жыр болып келе атқан жобаның миллирдтап қаржы құйса да бітпей қоюы жергілікті халықты да, салаға жауапты министрлікті де мезі етсе керек. Оның үстіне БАҚ бетінде "Азия Авто" компаниясы зауыт құрылысын тоқтатып, техникаларды сатып жатыр деген ақпараттар қылаң берген. Құрылыс кестесін кешіктіріп, кредит төлемдерін уақтылы өтемегені үшін бактермен соттасып жатыр деген де мәлімет бар. Ержан Мәндиев аталған айыптардың бәрін жоққа шығаратын дәйек беруге тырысты.

"Бізді қазір жобаның нобайын ғана көрсетіп, жеңілдіктер алып келеді деп кінәлайды. Олай емес екеніне Еуразиялық экономика кеңесіне қарасты ұйымның жасаған сараптамасы дәлел. Мемлекетаралық деңгейдегі ұйымның өзі бұл жобаның болашағына үлкен үмітпен қарап отыр. Ал министрліктің шешімдерін біз бәсекелестікке килігу деп санаймыз. Тіпті ЕАЭО ішіндегі сауда қарым-қатынасына кері әсер етеді. Әрине, мұндай интеграциялық жобадан бас тартудың соңы жағымсыз әсер туындатаны сөзсіз", – дегенді де айтты.

ЕАЭО неге есіктен қаратпай отыр?

Бір қызығы, жобамызды жоғары бағалады деп отырған Еуразия экономикалық одағының басты ойыншысы "Азия Автоның" көліктерін өз нарығына кіргізбей отыр. Ресейге қазақстандық кәсіпорынның LADA-дан бөлек оңтсүтіккореялық, еуропалық маркаларды да құрастыратыны ұнамаса керек.

"Шынымен де біз Ресейдегі автоорталықтарда тек ресейлік көліктерді сатамыз. Неге ол жаққа Қазақстанда құралған көліктерді сатпаймыз? Біз қазір көлік шанағын дәнекерлеп, бояйтын толық тізбекті зауыт салып жатырмыз. Ол зауыт іске қосылғанша Өскеменде құрастырылған көліктерді ЕАЭО қазақстандық өнім ретінде мойындай алмайды. Сондықтан әзірге "өскемендік" көліктерді Ресейге экспорттай алмаймыз", – деді Ержан Мәндиев.

Оның сөзіндегі қайшылықтарды Ерік Сағымбаев былайша түсіндірді.

"12 жыл бұрын біздің компания Ресейге 100 дана Chevrolet Captiva көлігін экспорттаған болатын. Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылған кезде біздің зауыт кедендік алымнан босатылған компаниялар тізіміне кіргізілді. Біз сол құқығымызды пайдаланып, Ресейде алғашқы партияны саттық. Кейін бұл әрекетімізді экономикалық басқыншылық деп қабылдаған Ресей Үкіметі  "толықтай Қазақстанда құрастырылмаған"  деген желеумен бізге берілген жеңілдікті алып тастады. Өз көліктерімізді экспорттауға басты кедергі болып отырған жайт осы", – деді Ерік Сағымбаев.

"Жыл сайын бәсекеге қабілетсіз 60 мың көлік шығару Қазақстан экономикасына не береді? Онсыз да LADA маркалы көліктерге сұраныс оңып тұрған жоқ қой". Конференция барысында осындай сұрақ қойылды. Кәсіпорын басшылары ол сауалды жауапсыз қалдырғанымен, мындай қызық мәлімет айтты. Бақсақ, "Азия Авто" көліктерін жаратпай отырған жалғыз Ресей емес екен. Қытай да "өскемендік" өнімді экологиялық стандартқа сай емес деп танып, өз нарығына кіргізбей отыр.

"2017 жылға дейін біз Қытайға LADA-4х4 маркалы 1000 автомобиль жеткізген болатынбыз. Кейін бұл да тыйылды. Өйткені 2018 жылы Қытай жаңа экологиялық кодекс қабылдады. Жаңа стандарт бойынша біздегі автомобильдердің құрылысына үлкен өзгерістер енгізу қажет болды. Осылайша Қытайға экспорттау да мүмкін болмай қалды", – дейді Ержан Мәндиев.

"Сочидағы шипажай – әлеуметтік жоба"

Зауыт құрылысын кестеден кешіктіргеніне қарамастан, Ресейдің Сочи қаласынан 5 млн долларға шипажай ашқан компания басшылары бұл әрекеттерін әлеуметтік инвестиция етіп көрсеткісі келеді.

"Сочи қаласында шипажайымыз бар екені рас. Оны өзіміз "аппартамент кешені" деп атаймыз. Оған 5 млн доллар салдық. Біздің компанияда ресейлік мамандар жұмыс істейді. Екі елдің мамандарымен бірлескен тренингтер, оқу бағдарламаларын сонда өткіземіз. Яғни бұл да әлеуметтік инвестиция", – дейді Ержан Мәндиев.

Компания басшылары карантиндік шектеулер толық аяқталғаннан кейін Нұр-Сұлтанға барып, осы мәселе бойынша салаға жауапты шенеуніктермен бетпе-бет отырып сөйлесетіндерін айтты.  

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз шешімін өзгертпесе, бізге жаңа зауыттың құрылысын жалғастырғанша, сататын көлігімізді Ресейден импорттау тиімді болады", – деген Ержан Мәндиев өз мәлімдемесін ешқандай да қоқан-лоққы деп қабылдамауды сұрады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу