Азық-түлік бағасының өсуі рекордтық көрсеткішке жетті

Мұндай жағдай Қазақстанда және бүкіл әлем елдерінде де байқалады.  

Азық-түлік бағасының өсуі рекордтық көрсеткішке жетті

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының мәліметінше, азық-түліктің әлемдік бағасы соңғы 10 жылдағы өзінің тарихи шыңына жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Бағаның өсуі 2011 жылғы шілдесіндегі деңгейден асып түсті. Мәселен, биылғы жылдың қазан айында ФАО азық-түлік бағасы индексінің (АБИ) орташа мәні 133,2 тармақты құрады. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 3,9 тармаққа (3%) және 2020 жылғы қазандағы көрсеткіштен 31,8 тармаққа (31,3%) жоғары. 

Мұндай жағдай барлық негізгі сегменттерде тіркелді:
• Өсімдік майлары: 184,8 балл – 16,3 балл, немесе өткен айға қарағанда 9,6% және бір жыл бұрынғыдан 78,4 балл, немесе 73,6%-ға жоғары. Бұл индексте бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш.
• Дәнді дақылдар: индекс – 137,1 тармақты құрады, бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 4,3 тармаққа немесе 3,2%-ға, өткен жылмен салыстырғанда 25,1 тармаққа немесе 22,4%-ға артық.
• Сүт өнімдері: 120,7 балл – 16,2 балл немесе бір жыл бұрынғыға қарағанда 15,5%-ға жоғары.
• Қант: 119,1 балл – 34,4 балл немесе 2020 жылдың қазан айымен салыстырғанда бірден 40,6%-ға артық.
• Ет: 112,1 балл – 20,3 балл немесе өткен жылмен салыстырғанда 22,1%-ға жоғары. 

Елімізде 2021 жылдың қазанында өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік тауарларының бағасы 11,3%-ға өсті.

Оның ішінде өсімдік майы – 54,2%-ға, қант – 25%-ға, жарма – 16,1%-ға, ет – 10,3%-ға, сүт өнімдері – 7,4%-ға қымбаттады.

Соған қарамастан Қазақстанда ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында орташа айлық жалақы ең төмен – 167,5 мың теңге болып отыр.

Одан төмен айлық өнер, ойын-сауық және демалыс саласының қызметкерлеріне төленді.

Сонымен қатар өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, аңшылықта қызмет көрсету одан да төмен бағаланып отыр. Орташа айлық жалақы 167,1 мың теңгеден аспайды (Қазақстан Республикасында орташа айлық 243,7 мың теңге). 

Ал балық аулау және акваөсіру саласына келетін болсақ, мұнда мамандар айына орта есеппен 85,7 мың теңге алады. Ауыл, орман және балық шаруашылығы секторы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты сала екенін ескерсек бұл өте қауіпті тенденция.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу