Азық-түлік нарығы: кім кімді алдап жүр?

9463

Арзан картоп пен жұмыртқа қағаз жүзінде ғана болып отыр.  

Азық-түлік нарығы: кім кімді алдап жүр?

Картоп көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрған Павлодар облысында қаңтар айында дәл осы өнімнің бағасы күрт қымбаттады. Өткен жылдың желтоқсан айында бір келісі 120-130 теңге аралығында болған картоп қаңтарда 250 теңгеге дейін сатылды.  

Бағаның бірден екі есеге қымбаттап кеткенін жұрт әлеуметтік желілерде жарыса жазған соң жергілікті билік мәселеге араласты. Содан "картоп бағасының қымбаттауына аязда көкөніс қоймаларынан өнімнің жеткізілмеуі себеп болды" дегенді алға тартып, бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдағандай болды. Облыс орталығындағы 50 дүкенде бір келі картопты 90 теңгеден алуға болады деп тұтынушыларды ақпараттандырды. Әлеуметтік желілерде 50 дүкеннің тізімін жариялады.

Алайда бұл сауда орындарының басым бөлігінде 90 теңгенің картобы жоқ. Дүкен сөрелерінде тек "картоп – 90 теңге" деген жазу бар. Сондықтан тұрғындар 140-150 теңгенің өнімін алуға мәжбүр.

"Соңғы бір айға жуық уақыт аралығында байқағаным – әлеуметтік дүкендерде 90 теңге тұратын картоп қарапайым сатып алушылар үшін жоқ. Сатушыға бірнеше рет "Қызым, 90 теңгенің картобынан екі-үш келі бере ғой" деп едім, ол арзан түрінің жоқ екенін айтып, 140 теңгелік картоптан өлшеп берді. Ал мен айналып кете бергенімде өзге сатушының "90 теңгенің картобынан 10 келісін алып қал" дегенін құлағым шалып қалды. Сонда мұндай көзбояушылық кімге керек? Басқасын былай қойып, енді картоп саудасында да "бармақ басты, көз қыстылық" болайын дегені ме? Әлде тексеріс келген кезде ғана төмен бағамен сатылуы тиіс өнімді дүкен сөрелеріне қоя ма? Бұл – халықты алдау әрі қанау деп білемін. Сатушылар табыс табу үшін арзанын жасырып, қымбатын өткізуді құп көретіні – бірінші рет орын алып тұрған жағдай емес", – деп ашынады зейнеткер Нұржамал Шаймаханова.

Шынымен, мұндай қитұрқылық әрекеттерді жұмыртқа сатушылардың тарапынан да байқауға болады. Ақпан айында жұмыртқаның он данасының бағасы қаңтармен салыстырғанда 15%-ға өсіп, орташа есеппен алғанда 420 теңгеден 480 теңгеге дейін қымбаттады. Кейбір сауда орындарында 530 теңгеге дейін жетті.

Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Талғат Дұғаловтың айтуына қарағанда, мемлекет тарапынан бірінші санатты оралмаған жұмыртқаның бағасы ғана бақыланады. Ал оның құны әлеуметтік дүкендерде 390-420 теңге аралығында. Тіпті, "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Мейрам Өтешов тұрақтандыру қорынан жеткізілген жұмыртқа ондығының бағасы 365 теңгеден аспайды деп мәлімдеді.  

Іс жүзінде олай емес. Тұрақтандыру қорының серіктесі саналатын сауда нүктелерінде жұмыртқаның бірінші санатының ондығы 440 теңге тұрады. Бірақ оның өзі сатылымда жоқ. Әлде ол да мониторингтік топтар бас сұққан кезде пайда бола ма, кім білсін?! Тек екінші санатты жұмыртқа 415 теңгеден, сұрыпталған ондық 460 теңгеден тұтынушыларға ұсынылған.  

Сонда кім кімді алдап отыр? Сатушы сатып алушыны ма, әлде билік тұтынушыны ма? Қалай болғанда да мұндай әрекеттерден тек қатардағы қарапайым жұртшылық зардап шегеді. Баға бойынша бар ауыртпалық солардың қалтасына салмақ салады. Ал билік арзан өнімдер сатылатын дүкендердің тізімін жариялап қана қоймай, қамтылу мәселесін де басты назарға алса жақсы еді. Әлде олар бақылауға кіріскенде сатушылар 90 теңгелік картоп пен 365 теңгелік жұмыртқаны қоймадан алып шыға қояр ма екен...

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу