Бағалаушылар табысының 80 пайызын жылжымайтын мүлік қамтамасыз етуде

3862

Бағалаушылар қызметін реттейтін заң күшіне енгелі қаржы министрлігіне шағымдар борап жатыр.

Бағалаушылар табысының 80 пайызын жылжымайтын мүлік қамтамасыз етуде

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде отандық бағалау қызметі бірнеше оттың ортасында қалып, қиыншылық шегуде. Біріншіден, олар бизнесмендер қатарынан шығарып тасталды: бағалау қызметі бұрынғыдай "кәсіпкерлік" емес, енді "кәсіби қызмет" деп танылды. Екіншіден, өткен жылы реттеушісі өзгерді: бұған дейін ондаған жылдар бойы әділет министрлігінің қарауында болып келген олар енді әлдеқайда қаталдау қаржы министрлігінің құзырына көшірілген. Үшіншіден, олардың қаражат табар кіріс көзі қатты шектелді: енді несиелендіру кезінде тәуелсіз бағалаушының бағалауы туралы есебінің болуы қажет етілмейді.

"Қазақстанда бағалау қызметін реттейтін жаңа заң күшіне енгелі бері бізге шамамен 60 арыз-шағым келіп түсті. Олардың көбі бір нысанның құнын әртүрлі бағалаушылардың әрқалай бағалауына және ол құндар арасындағы айырмашылықтың тым үлкен болуына қатысты", – деп мәлімдеді қаржы министрлігі. 

Айта кету керек, өз басында қандай да бір мүлкі бар кез келген азамат ең құрығанда бір рет бағалаушыларға жүгінері сөзсіз. Оның себептері де әртүрлі болуы мүмкін: баспанасын, көлігін не басқа да жылжитын-жылжымайтын мүлкін сатса, ағайын-туысымен бірге бөліске салса, онысы мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алынып қойылса, немесе банк ипотекасы үшін кепілге ұсынса, сенімді басқаруға тапсырса, жалға берсе және басқа да жағдайларда нысанның құнын анықтау үшін бағалаушы іздеуге мәжбүр.

Қаржы министрлігі салада революциялық өзгерістер орын алғанын еске салады. Олардың бірқатары жоғарыда айтылды. Олардан басқа, бағалаушылар қызметіне бұрынғыдай лицензия беру тоқтатылып, олар мемлекеттік реттеуден шығарылды: бұл сала өзін-өзі реттеуге көшірілді. Тиісінше, олар өз қызметін сертификаттауы шарт.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда осы салада төрт өзін-өзі реттеу ұйымы жұмыс істейді және олардың әрқайсысы кем дегенде 300 бағалаушыны біріктіріп отыр. Бұлар – "Кәсіби бағалаушылардың астаналық палатасы", "Кәсіби тәуелсіз бағалаушылар палатасы", "Bagalau Qazaqstan" бағалаушылардың орталық бірлестігі" және "Қазақстан бағалаушылар қауымдастығы".

Мұның сыртында бағалаушылар реестрін жүргізу, олардың есептеріне сараптама жасау, оқыту, бақылау және адал емес бағалаушыларға қатысты шара қолдану секілді жаңашылдықтар өмірге жолдама алды.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұдан былай бағалаушылар палатасы өз мүшесі болып табылатын бағалаушының есебіне алқалы сараптама жүргізіп, оның қаншалықты заңды екенін анықтайды. 

"Біздің министрлік тұтынушылардан келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдарға талдау жүргізеді және оларды қарау үшін тиісті палатаға жолдайды. Егер бағалау қызметін тұтынушы азамат өз арыз-шағымы жедел түрде қаралсын десе, онда мынадай қарапайым іс-әрекет алгоритмін қолданғаны жөн: тіркелген 4 бағалаушылар палатасының сайттарында, бағалаушылар реестрінде қажетті бағалаушыны тауып, арыз-шағымды толтырып, сол бағалаушы мүшесі болып саналатын палатаға жолдауы керек. Осылайша, өтінішті жедел қарауды және аты аталған бағалаушыға қатысты шаралар қабылдауды тиісті палата өзі қамтамасыз етеді", – деп мәлім етті қаржы ведомствосы.  

Сонымен бірге, шағымданушы бағалаушылар палатасы қабылдаған шаралардың жұмсақтығы немесе шаралар қабылдамағаны жайында қаржы министрлігіне арыздануға құқылы.

"Қазақстанда кезінде, 2007 жылғы 23 ақпанда қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік басқармасы қабылдаған "Кредиттеу бойынша құжаттаманы жүргізу қағидаларын бекіту туралы" №49-шы қаулысына сәйкес, тәуелсіз бағалаушы бағалауының есебі міндетті түрде қоса берілуге тиіс болатын. Алайда 2019 жылғы қаңтар айынан бастап, бұл норманың жойылуы мамандарды есеңгіретіп тастай жаздады. Тәуелсіз бағалауға деген қажеттіліктің жоқтығы бағалау қызметі нарығын тым тарылтып жіберуі және кәсіби қызмет ретінде бағалаушылардың жойыла бастауына соқтыруы ғажап емес", – деп дабыл қағады отандық кәсіби бағалаушы, бағалау магистрі Евгения Ломакина.

Саладағы өзгерістер мұнымен шектелмейді. Бұдан былай Қазақстанда заң бойынша тек жеке тұлғалар ғана бағалау қызметімен айналыса алатын болды. Бұған дейін жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар, яғни тұтас компаниялар да бағалаушы болып есептеле беретін.

Евгения Ломакина бағалау нысандарының 80 пайызын жылжымайтын мүлік, баспана құрайтынын айтады. Тұтастай алғанда, бағалаулардың көбісі екінші деңгейлі банктер үшін жасалатын көрінеді. Өйткені бизнес пен халық өз дүниесін кепілге қойып, банктерден несие қаражат алуда.

Кейінгі бірнеше жылда сондай-ақ бизнесті бағалау бойынша тапсырыстар саны да артуда екен. Бұдан бөлек, жекелеген бай адамдар материалдық емес активтерін, мәселен, картиналар мен мүсін-скульптураларды бағалауды да қазақстандық бағалаушыларға сеніп тапсыра бастапты. Бірақ бағалаушыларды кейбір әріптестерінің бағаны тым құлдырататыны да қапаландырады.

"Бағалау қызметінің бағасына байланысты мәселе әсіресе, тендерлерде өткір тұрады. Мысалға, күрделі нысанды, айталық бизнесті немесе кен орнын бағалауды 100 мың теңгеге алып кетеді. Егер нысанның құрылымында ондаған техника болса, ол жылжымайтын мүліктер тізімінен тұрса, дебиторлық және кредиторлық борышы болса, онда бағалау жұмыстарының көлемі де ауқымды. Сонымен қатар, бағалаушы мүшелік жарна төлеуі, қателіктен сақтандырылуы, біліктілігін көтеруі қажет. Ендеше әлгіндей сомаға сию және жұмысты сапалы орындап шығу мүмкін болуы екіталай. Алайда өзін-өзі реттеу ұйымдары бағалаушылардың баға қалыптастыру үдерісіне араласа алмайды. Тарифтерді бірыңғайландыруға деген кез келген талаптарды монополияға қарсы орган "ымыра" деп танып, заңнамамен қудалайды", – дейді бағалау магистрі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу