Бұл туралы Премьер Олжас Бектеновтың Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Ол өңірде "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені құрылысының қарқынын тексерді, 2050 жылға дейін Ресей қолданысында болатын Байқоңыр қаласының даму жоспарымен танысты.
Бұл ретте технологиялық тұрғыдан қарқынды түрде көнеріп бара жатқан, физикалық және моральдық тұрғыдан тоза бастаған "Байқоңырды" алмастыратын "Бәйтерек" космодромы "Протон-М" немесе "Ангара-А5В" сияқты ауыр емес, тек орташа сыныптағы, қос сатылы зымырантасығышты ұшырумен шектеледі. Айтпақшы, "Союз-5" деген атауды бұрын екі ел "Ертіс" немесе "Сұңқар" деп қайта атауға келіскен. Бірақ ескі технологияларымен бірге әзірге ескі атауы да қалып тұр.
"Ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы "Союз-5" жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған "Зенит-М" зымыран кешенінің инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатты. Содан бері нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған. Ал, алғашқы ұшыру сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланған", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
"Бәйтерек" жылына 6-8 зымыран ұшыруға әлеуетті көрінеді. Алайда шынында нақты қаншасы ұша алатыны белгісіз. Егер АҚШ ресейлік ғарыш саласына қарсы санкция енгізсе, бұл жоба күйреуі мүмкін.
Өйткені, ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Союз-5" жаңа зымыран тасығыштарын сынау 2024 жылдан 2025 жылға шегерілді. "Роскосмос" дерегінше, "Союз-5"-терді коммерциялық эксплуатациялаумен ресейлік International Launch Services компаниясы айналысады, ол – "Америка Құрама Штаттарында тіркелген".
Үкімет басшысы Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. "Бәйтерек" БК" АҚ басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов кешенді заманауи жүйелерге сәйкестендіріп жаңғырту мәселелерін баяндады. Зымырантасығыш жүйелерін тексеру кезеңдері, "Бәйтерек" жобасы үшін мамандарды оқыту туралы хабардар етті.
Үкімет басшысы "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы екенін және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биылдың өзінде оны іске асыруға 14,7 миллиард теңге бағытталды. Бұл тек бір бөлігі ғана, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталатын болады.
Олжас Бектенов экологиялық таза тасымалдағыштарда ғарыш аппараттарын сәтті ұшыру үшін мамандардың тығыз бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.
"Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек! Үш ұшырылымның ең құрығанда біріншісі келесі жылы өтуге тиіс. Жоба “Байқоңыр” кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек", – деді Бектенов.
Қазақстан Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, қазіргі уақытта Байқоңыр қаласындағы халықтың 70%-ын Қазақстан азаматтары құрайды. Табиғи өсім мен көші-қон ағыны есебінен оң динамика тіркелуде.
Қаланың қарқынды өсуін ескере отырып, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Мәселен, 600 орынға арналған мектеп салу жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандық білім беру стандарттары бойынша 2 балабақша ашылды, бұл кезекті екі есе төмендетуге мүмкіндік берді.
"Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер Қазақстан есебінен газдандырылды.
Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұру желілері де Ресейдің иелігінен алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне рұқсат алуды жеңілдету үшін цифрлық құралдарды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Осылайша, қала бірте-бірте одан Ресейдің кетуіне дайындалып жатқанға ұқсайды. Ресей азаматтары Байқоңыр қаласынан отбасыларымен бірге үдере көшіп жатқанын Inbusiness.kz бұған дейін жазған болатын.
Ресейлік ғарыш сарапшысы Александр Баулиннің айтуынша, егер "Байқоңыр" ғарыш айлағы қызметін доғарса, онда Ресейдің пилотталатын космонавтикасының дәуірі аяқталуы мүмкін. Өйткені "Бәйтерек" ғарыш айлағынан ғарышкерлер ұшпайды.
Оның үстіне ресейлік ғарышкерлердің ғарышқа ұшуының мағынасы да, мақсаты да қалмайтын түрі бар. Себебі, олар сапарлап жүрген Халықаралық ғарыш станциясы (МКС немесе ISS, International Space Station) алдағы жылдары орбитадан төмен "тебіліп" құлатылады және мұхитқа батырылады.
"Илон Маск Халықаралық ғарыш станциясының қабіршісіне (могильщик) айналады. Оның SpaceX компаниясы станцияны орбитадан итеріп түсіретін арнайы аппаратты тұрғызады. Жобаның құны 850 миллион доллар тұрады", – деп жазды Би-Би-Си.
Америкалық ғарышты зерттеу және аэронавтика басқармасы (NASA) Халықаралық ғарыш станциясын (ХҒС) пайдалану мерзімі аяқталған соң, оны орбитадан құлату миссиясына Илон Масктың SpaceX компаниясын таңдап алды.
"Калифорнияда орналасқан компания жоба аясында арнайы аппарат жасап шығады. Оның міндеті – келесі онжылдықтық басында 430 тонналық алып орбиталды платформаны Тынық мұхитқа итеріп құлату болады. NASA мен SpaceX арасында бекітілген контрактіге сәйкес, бұл жұмыстардың құны шамамен 850 млн долларға бағаланып отыр", – деп түсіндірді BBC ғалым мәселелері жөніндегі сарапшысы Джонатан Эймос.
Еске сала кетсек, Батыс елдері мен Ресей бірлесе тұрғызған алып ғарыш станциясының алғашқы элементтері ғарышқа 1998 жылы ұшырылған болатын. Толыққанды пайдалануға және бортында ғарышкерлердің тұрақты тұруына станция екі жыл кейін берілді.
Қазіргі кезде ХҒС жобасын АҚШ пен РФ басқарады. Еуроодақ, Канада мен Жапония онда көмекші рөл атқарады. Бұл ретте Батыстық серіктестер станцияны ары кетсе 2030 жылға дейін қаржыландыруға келісті. Ресей жобадан әлдеқайда ерте кетпек. Мәскеу жобаға өзінің қатысу мерзімін "2028 жылға дейін" деп шектеді.
Роскосмостың мәліметінше, оның орнына "Ресей орбиталды қызметтік станция" (РОҚС немесе "Ұлттық орбиталды ғарыш станциясы" деп те аталады) салынуға тиіс. РОҚС "Ресейдің ХҒС-қа тұрақты қатысуының орнына келеді". Дегенмен, жоба аяқталмақ түгіл, оның ақырғы атауы да ойлап табылмаған, тек шартты және жұмысшы атауға ие.
Айтқандай, оның технологиялары да ескі болады.
"Жобаны "РКК Энергия" кәсіпорнының мамандары әзірлеуде. Ұлттық ресейлік орбиталды станция о баста ХҒС-ға арналған модульдар негізінде құрылатын болады. Бұлар – "НЭМ", "МЛМ" және "УМ". Соңғы екеуі ХҒС-ке 2021 жылы жолданған модульдердің баламасы. Кейін тағы екі модуль – Шлюздік және Трансформациялаушы модуль қосылуға тиіс. Нәтижесінде, бүкіл станция 5 модульден құралады. Оның салмағы 60 тоннаны құрайды", – делінген Уикипедияда.
Халықаралық ғарыш станциясы Жер ғаламшарын әрбір 90 минут сайын толық бір айналып шығады. Ол жерден 400 шақырымдай биікте самғап жүр. Ширек ғасыр ішінде оның бортында адам ағзасының қартаю процестерін зерттеген, материалдардың жаңа типтерін әзірлеуге бағытталған және басқа да мыңдаған ғылыми сынақ жүргізілді. Соның ішінде қазақстандық ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов осы станцияда болды. Тоқтар Әубәкіров соның алдында ресейлік "Мир" станциясына ғана ұшты.
NASA-ның ғарыш операциялары бойынша директоры, инженер Кен Бауэрсокстың (Ken Bowersox) айтуынша, Халықаралық ғарыш станциясы сол бұрынғыдай жұмысқа жарамды, бірақ оны утилизациялау жоспарларын қазірден әзірлеу қажет. Егер істі бетімен жіберсе, станция күндердің күнінде өзі Жерге құлайды. Сонда халық тығыз тұратын өңірге соғылса, бұл әлемге үлкен зұлмат әкелері сөзсіз.
"Халықаралық ғарыш станциясын түсіру үшін америкалық аппараттың таңдалуы бекер емес. Бұл станцияның пайдалану мерзімі аяқталған соң NASA-ның және оның серіктестерінің оны жер айналасындағы төменгі орбитаға қауіпсіз әрі жауапты түсіруін қамтамасыз етеді. Бұған қоса, жер айналасындағы орбитаны пайдалануды үзбеуге және коммерциялық ғарыш қызметтерін тоқтаусыз жалғастыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Кен Бауэрсокс.
ХҒС Тынық мұхитына батырылғанда, Батыс елдері станциясыз қалмайды: олар одан да биік шыңды бағындыруға дайындалуда. Атап айтқанда, Батыстық серіктестер адамдар тұратын келесі жаңа станцияны Жердің емес, оның табиғи серігі – Айдың айналасындағы орбитада салуды жоспарлады. Бұл станция Gateway аталады.
Осы орайда мұхит тұңғиығына батыру үшін станцияны SpaceX-ке бермес бұрын, NASA біраз уақыт ХҒС-ны утилизациялаудың басқа түрлі нұсқаларын әзірледі. Мысалы, оны сол жерде, ғарыш сеңгірінде бөлшектеп, іске жарамды, жаңа детальдарын келесі буындағы ғарыш станциясын тұрғызуда пайдалану нұсқасы пысықталды. ХҒС-ны қандай да бір коммерциялық концернге табыстап, оны ары қарай өзге мақсатқа – туризмде, ғылыми салаларда пайдалануына рұқсат ету қарастырылды.
Алайда бұл нұсқалардың бәрі тым қымбат, еңбек шығынын көп қажет етеді, сондай-ақ заңгерлік қиындықтарға соқтырады деп танылды. Сонымен қатар Батыс бөлшектеп алса, Ресей станцияның өзіне тиесілі бөлігінде ондай кең ауқымды жұмыс жүргізуге қауқарсыз болатыны анықталған. Салдарынан, ХҒС-ның қалған ресейлік бөлігі бақылаудан шығып, орбитада лағып кететін қаупі туындады.
Халықаралық ғарыш станциясының адамдарға қаупін барынша азайтып, Жерге құлатумен айналысатын аппарат "Deorbit Vehicle" аталмақ. Әйтсе де, NASA да, SpaceX те "ғарыштық буксирдің" конструкциясының егжей-тегжейін жарияламады. Бір белгілісі, көлемі шамамен бір футбол алаңындай болатын, салмағы 430 тонналық алып станцияны керекті кезде керекті жерге бағыттау үшін аппаратқа ғаламат тартым қуаты қажет болады.
Диспетчерлер ХҒС-ның орбитадағы табиғи түрде біртіндеп төмендеуін кірпік қақпай бақылайтын болады. Мамандар станцияның ақырындап төмен түсуіне Жердің атмосферасының қысымы, гравитация және күн радиациясы ықпал ететін қаперге салды. Яғни, солардың бәрі есепке алынуға тиіс. Ақыр соңында станцияны мұхит пен тарих қойнауына Масктың "буксирі" итеріп жібереді.
Қызмет ету мерзімі аяқталған, көнерген ғарыш аппараттары Тынық мұхиттағы "Немо нүктесі" (мұхиттағы қолжетімсіз полюс) деп аталатын, барлық құрлықтардан барынша қашық жатқан жерге құлатылады. Бұл атау Жюль Верннің "Су астындағы 20 000 лье" атты кітабының кейіпкерінің есімімен байланысты. Ғарыш кемелерінің моласы таяудағы құрлықтан 2 500 шақырым қиянда жатыр
NASA мәліметінше, Халықаралық ғарыш станциясы теңіз тұңғиығына батып, жоқ болған кезде тіпті жеке алпауыт консорциумдар төл коммерциялық ғарыш станцияларын ұшыра бастайды. Бірақ Gateway-ге де, жеке станцияларға да Мәскеу жіберілмейді. Ресейлік сарапшылардың "ресейлік пилотталатын космонавтика құру қарсаңында тұр" деген байламдарының бір пұшпағы да сонымен ұштасып жатыр.