КТО-ның қоймадан несі артық?

8543

Дамыған елдер үлгісінде дамытса,бұл жобадан ел ұтады.

 КТО-ның қоймадан несі артық?  Фото: Мария Матвиенко

"QazExpoCongress" деген жаңа атау алған бұрынғы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының шығынды болып жатқанын іnbusiness.kz биылғы сәуір айында жазған болатын . Өйткені оның басқаруындағы жаһандық көрме кешенінің басты нысаны "Нұр-Әлем" сферасы мол табыс әкелуді қойған екен. Оның үстіне сфераның зақымдануына байланысты оны ұстап тұру шығыны да артып бара жатқан көрінеді. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі оған жүздеген миллиард бюджет қаржысын игерудің басқа мүмкіндігін тауып бермек. Еске сала кетсек, Үкімет шешімімен "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" АҚ-ы акцияларының мемлекеттік пакеті 100% дәл осы Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Бұрын ол Руслан Дәленов басқаратын Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын. Сондай-ақ бұдан бұрын Бақыт Тұрлыханұлының өзі "QazExpoCongress" директорлар кеңесіне сайланатыны хабарланады.

Енді экс-көрме компаниясы көтерме базарлармен айналыспақ. Жалпы, базарком болу – мемлекеттің жұмысы ма?

"Бұл дамыған елдердің тәжірибесі. Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының тек біреуі ғана жеке, қалғаны толығымен немесе ішінара мемлекеттік. Испаниядағы "Mercasa" көтерме-тарату орталығы да мемлекеттік. Варшаваның "Bronisze" ауыл шаруашылығы көтерме базарының 62% акциясы мемлекетке тиесілі", – деді министрлік.

Қазақстандағы жаңа көтерме базарларға көтерме-тарату орталықтары (КТО) деген атау беріледі. Ұлттық компания жалпы сомасы 237,5 млрд теңгені игеріп, 24 КТО салып шығуға тиіс.

Сәуір айында бұл мәселе Үкімет отырысында жария етілді де, артынша тыншып қалды. Министрлік идеядан бас тартты ма? Бас тартпаған екен. Олай болса, бүгінде жүзеге асырудың қандай сатысына шықты?

"Бұл жоба бағаларды ұзақ мерзімді кезеңде тұрақтандыру тетіктерін құру, сондай-ақ өнімдердің отандық өндірушіден сөреге дейінгі оңтайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін қажет. КТО желісі түріндегі жаңа инфрақұрылымды түзу, ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде біздің министрлік жергілікті әкімдіктермен бірге жер телімдерін бөлу мәселелерін пысықтап жатыр. Біз еліміздің барлық өңірінде көтерме-тарату орталықтары желісін құрып шығуды жоспарлап отырмыз", – деді министр Бақыт Сұлтанов.

Ол әрбір өңірдегі нақты КТО-ның қай жерде орналасатыны және онда қандай нысан тұрғызылатыны бірнеше факторға, атап айтқанда өңірдің ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің қандай саласына маманданғанына, өндіріс пен тұтыныс орталықтарына жақындығына, географиялық ерекшеліктеріне байланысты болатынын айтты. Мысалы, Ақмола облысында орталықты Нұр-Сұлтанмен іргелес Целиноград ауданында, не туристерге бағдарланған Щучинск қаласында салған жөн.

"Сонымен қатар, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясын КТО-ларды салу және басқару операторы ретінде бекіту үшін Үкімет қарауына "Астана ЭКСПО-2017" АҚ-ның 2015–2024 жылдарға арналған даму стратегиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі шығарылды. КТО-лар салуға қандай компания, соның ішінде отандық немесе шетелдік жобалау және құрылыс компаниялары қатысатынын қолданыстағы заңнамаға сай оператор шешетін болады. Бұл ретте жобаны іске асыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану ұсынылып отыр", – деп түсініктеме берді Б.Сұлтанов.

15 жылдай мұнай-газ саласының қыр-сырын меңгерген, кейін аграрлық салаға ден қойып, шаруа қожалығын құрған бизнесмен Руслан Ибатов министрліктің КТО-лар мәселесін қоғамның, бизнестің қатысуынсыз, жабық пысықтап жатқанына наразы. Сарапшы КТО дегеннің тек аты ғана жаңа дейді, шынында оны бизнес өкілдері біраздан игеріп жатыр.

"Көтерме-тарату орталықтары тақырыбы бұрыннан әңгімеге арқау болып келеді. Біздің облыс орталығы Орал қаласында мұндай орталық біраздан бар. Ол "Ел ырысы" деп аталады. Онда үлкен тоңазытқыш құрылғылар, қоймалар, сауда павильондары, тіпті тірі мал саудалауға арналған жеке орындары да сайланған. Қаладағы алып аумақ биік дуалмен қоршалған. Оның орналасқан жері де ыңғайлы: қала ішінде, бірақ "Шымкент-Самара" халықаралық жолының бойында орналасқан. Жанында тұрғын үй алаптары тұр. Жұрт серуендейтін Тұңғыш Президент атындағы жаңа алаң да жанында", – дейді ауыл кәсіпкері.

Шынын айтқанда, бұл КТО бүгінде жөндеуді қажет етеді. Әйтсе де, кәсіпкер облыстағы бір көтерме-тарату базарын дамыта алмай отырып, бюджет ақшасын кезекті ірі КТО-ны салу жобасына шашпаса екен дейді.

"Қалада тағы бір осындай орталық салу үшін ел қаржысын босқа шығындауға болмайды. Оған ешқандай қажеттілік жоқ. Бұл іске мемлекет бюджеті араласпағаны абзал. Қазіргі күрделі шақта жаңа КТО құрылысына 12 миллиард теңге жұмсау – ақылға симас абсурд! Одан да осы миллиардтарды газдандыруға, жергілікті елді мекендерді таза ауыз сумен қамтуға, ауылға жол салуға, мектеп, емхана секілді әлеуметтік нысандар тұрғызуға бағыттаған дұрыс. Ақша бөлсе, шешімін күткен әлеуметтік мәселелер жетіп артылады", – дейді Руслан Ибатов.

"Атамекен" ұлттық палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, КТО құру туралы пікірталас 2017 жылдан бері белсенді жүруде. Ол КТО деген – көкөніс пен азық-түлік атаулы сатып алушының келуін күтіп жата беретін үлкен қойма еместігіне назар аудартады. Бұл техникалық тұрғыдан күрделі логистикалық кешен, онда әрбір тауар партиясы цифрландырылып, оның өткізу нарығы бағытында жылжу жолы қадағаланады. Онда қойма орындары сыртында зертханалар, әртүрлі климаттық режимі бар тоңазытқыш-мұздатқыш камералары, тіпті кейде теміржол тұйықтары және басқа да көптеген техникасы болуы шарт. Егер Қазақстан дәл дамыған елдер үлгісінде дамыта алса, бұдан ұтатын тұстары да табылады. Тек салада қатаң монополия орнатылмауы, адал бәсекелестік болуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу