Бал ұстаған енді субсидия санайды

4634

ШҚО-ның өндірістік омарташылары республикалық бюджеттен 13 мың ара ұясы үшін субсидия алды.

Бал ұстаған енді субсидия санайды

Шығыс Қазақстанның омарта шаруашылығы саласындағы 52 асыл тұқымды ауылшаруашылық құрылымдарының барлығы 2017 жылы ауылшаруашылық министрлігі тарапынан республикалық бюджеттен алғаш рет субсидия алды. Бір ара ұясына берілетін тарифтік мөлшерлеме – 9918 теңге, ал мұндай ара ұясы Шығыс Қазақстан облысында –13044. Бұл  санды abctv.kz-ке республикалық омарта шаруашылығы палатасының басшысы Валерий Қасымбаев келтіріп кетті. Бір ресми мәліметке сүйенер болсақ, соңғы жеті жылда бал өндіру үш есе артқан, яғни 2010 жылы бал өндіру 1374,3 тонна болған болса, 2017 жылы 2013,5 тоннаға дейін жеткен.  Бірақ та омарташылар ара ұяларының санын есепке алудың әдіснамасы болмағандықтан, бұл санның нақты еместігін айтып отыр.  Қазір жалпы өнімділік жылына 4000 тонна тауарлы балдан асып кетеді. Оның үштен бір бөлігі шетелге кетеді. Бұл ретте ШҚО-ның бал өндіру, сондай-ақ оны экспорттаудағы  әлеуеті зор екенін айтып кеткен жөн.

Валерий Қасымбаевтың ақпары бойынша, 2016 жылдың наурызында "Пасека" шаруа қожалығы базасында алғаш омарта шаруашылығының "Алтай балы" кооперативі құрылған. Бұл кооперативке басқа шаруа қожалығындағы омарташылар мүше болған.

"Омарта шаруашылығы саласында АӨК құралдарын  көпке дейін қолдана алмадық. Қазір АӨК субъектісінің инвестиция салғандағы шығындарының жартысын қайтару бойынша субсидия берудің жаңа ережесі бар. Омарташылар енді ара балын өңдеуге арналған жабдықты сатып алуға мүмкіндіктер алды. Қазір омарташылар палатаға келіп, өкілетті органда өздерінің инвестициялық жобасын қорғау үшін құжатты қалай дұрыс толтыру керектігін сұрап, кеңес алуда", – деді республикалық оматашаруашылығы палатасының басшысы.

Алтай балы
Кеңес одағы кезінде Шығыс Қазақстан облысында 30 мың тоннаға жуық бал өндірілетін. Оның едәуір бөлігі экспортқа кететін. "Алтай балы" деген бренд тек Қазақстан аумағында ғана  емес, сонымен қатар кеңес одағы құрамындағы елдердің бәріне танымал еді. ШҚО-да омарта шаруашылығына арналған ірі қожалықтар болатын, ол жерлерде сегіз мыңнан жиырма мыңға дейін омарта болатын  еді. Колхоз, совхоз, тіпті жеке аулаларда омарта болатын.  

"Бал бұрын жеңсік ас еді. Балдың 50 килограмдық бір құтысы 200 рубль тұратын. Ол дегенің кеңес одағы кезіндегі инженер немесе мұғалімнің екі айлық жалақысы, – деп еске алды Валерий Қасымбаев. – Қазір салыстырып қарайтын болсақ, сол 50 килограмдық бал 30 мың теңге тұрады және қазір де оған екінің бірінің қолы жете бермейді".

1990 жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басында еліміздің шығыс өңіріндегі бал өндіру 500-600 тоннаға дейін түсіп кеткен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысына  жұмыс сапарымен келгенде облыс басшылығына өңірдегі омарташаруашылығын дамыту мен сақтап қалуға тапсырма берген болатын. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев омарта шаруашылығы үшін облыс бюджетінен субсидия бөлді. Бүгінгі таңда ШҚО-да тауарлы бал өндіру бүкіл еліміз бойынша 70%-дан асады. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы асыл тұқымды ара мен омарта шаруашылығы саласындағы жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыс бойынша елімізде алдыңғы орында. Әртүрлі бағалау бойынша, шаруашылықтың барлық категориясында 77-ден 100 мыңнан астам ара ұясы бар. Саладағы  аралардың ауру деңгейінің жоғары болуына, сондай-ақ селекциялық-тұқымдық жұмыс, "Қазақстанда жасалған" табиғи бал брендін экспортқа шығаруға қатысты проблемалар баршылық.

Экспортты арттыру
"2015жылдан бастап ҚХР-ға Қазақстаннан ауылшаруашылық өнімін әкелуге тыйым салынды. Оның ішінде бал да бар. Олар біздегі рұқсат беретін ветеринарлық жүйе толық ойластырылмаған дегенді желеу етіп отыр, – деді Валерий Қасымбаев. – Қытайға балды экспорттау мәселесін шешу үшін 2016 жылдың қыркүйегінде облыстың омарта шаруашылығын ҚХР инспекция және карантин, қытайлық сапаны бақылау жөніндегі бас басқарманың мамандары тексерген.  Ауылшаруашылық министрлігі қазір Қытайға бал экспорттауға рұқсат ететін құжатты дайындап жатыр. Оған  2017 жылдың мамырында біздің кәсіпорындардың балды Қытайға экспорттауға рұсқат алуына қатысты екі елдің бірлескен мәлімдемесі себеп болды. Бұл "Қазақстанда жасалған" деген біздің балды шетел нарығына шығарудың көзі болып табылады".

Валерий Қасымбаев Шығыс Қазақстан облысындағы "Пасека" ірі шаруа қожалығы өзінің өнімін "Алтай балы" брендімен Біріккен Араб Әмірлігіне, АҚШ-қа, Қытайға жеткізіп жатқанын айтты. Ол үшін омарташылар құжаттар мен сертфикаттардың толық пакетін жинап, әділет органдарында тауарлық белгі мен сауда маркасын тіркеген. Олардың зертхана желілері де бар. "Пасека" шаруа қожалығында 2500-ден астам ара ұясы бар және олар жылына 200 мың тоннадан астам өнім шығарады. 

Кәсіп етіп отырғандар мен әуестенушілер
Валерий Қасымбаевтың айтуынша,  омартадағы ара ұясының саны 100-ден кем болмағанда ғана оны өндірістік омарта деп  есептеуге болады. Ара ұясының осындай санымен асыл тұқымды ара дәрежесін алуға болады. Ал ол субсидия алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай агроауылшаруашылық қалыптастыру базасында зоотехникалық жұмысты, құжаттаманы, тұқымдық аудандастыр жоспарын дұрыс жасай білетін омарташаруашылығы саласының мамандары дайындалады.

"Әуестенушілер 20-30 ара ұясын ұстайды. Бұған қоса, олар тауық, шошқа, ірі қара мал ұстауы мүмкін. Бір ара ұясынан бір маусымда орташа есеппен бір құты бал алуға болады. Бюджетті санау оңай: 20 ара ұясын ұстайтын адам бір маусымда, яғни сәуірден қазан аралығында 600 мың пайда табуы мүмкін. Бірақ та шығыны да аз болмайды, – деп жалғастырды ол. – Бұл балауыздың, омартаға арналған бояу, т.б ақшасы. Әдетте, әуесқой омарташылар өз еңбектерін есептемейді. Ал ол оңай емес, жаздың ыстығында да жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені бұлтты күні аралар омартадан шықпайды".

Генетикалық қорды жақсарту
Жақында Өскеменде "Асыл тұқымды мал шаруашылығының проблемалары мен келешегі" атты Қазақстандағы алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда көптеген омартадағы аралардың бірқатар ауруына қатысты эпизоотикалық жағдай шешімін таппай отырғаны сөз болды. Бұл бал беретін аралардың генетикалық әлеуетін төмендетуге және оның шаруашылыққа әкелетін пайдасын да азайтып жіберген. Осындай үрдістерді жеңу үшін конференцияда Өскемендегі "Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығының тәжірибелік станциясы" ЖШС базасында омарта шаруашылығының генетикалық орталығын құру туралы шешім қабылданды.

"Біздің Шығыс Қазақстандағы омарта шаруашылығын оқытатын Саратов, Қатон Қарағай, Самара колледжінде осы  ғылыми әзірлемелер қолданылады", – деп атап кетті Валерий Қасымбаев.

Сондай-ақ омарташылар Қазақстанның барлық балабақшасы мен мектептерінде, медициналық-әлеуметтік мекемелерінде табиғи бал порциясын қосу бойынша бірлескен  жобаны әзірлеу үшін ауылшаруашылық және білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасамақшы. Бұл отандық омарташыларды одан әрі қолдап, халықты сауықтыра түсер еді.

Гүлназ Ермағанбетова, Ольга Ушакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу