Балалар тағдыры неге ойыншыққа айналып барады

1940

Құқық қорғаушылар күйреген шаңырақтардағы бала үшін қырқысқа тосқауыл қоятын тетіктер қажет екенін айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Балалар тағдыры неге ойыншыққа айналып барады Фото: ortalyq.kz

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда ажырасулар санының күрт азайғанын тіркеді. Мысалы, 2015 жылы жалпы саны 53 293 отбасы ойран болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш – 51 993-ке, 2017 жылы – 54 626-ға, 2018 жылы – 54 797-ге, 2019 жылы – 59 796-ға дейін көбейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сол кезде ажырасуларға атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі де себеп болғанын мойындап, мәселе көтерді. Себебі, егер ерлі-зайыптылар некесін бұзса, онда жақсы еңбекақы алатын отағасының табысы отбасының кірісінен алып тасталады. Нәтижесінде, балалармен "жалғыз қалған" анасы мемлекеттің қамқорлығына зәру болып танылады, көмек алады. Салдарынан қағаз жүзінде ажырасып, бірақ ары қарай бірге тұра беретін жұбайлар көбейе бастаған. Бұған тоқтау салу үшін комиссия мүшелері АӘК алатын отбасыларды аралап, сурет пен видеоға түсіріп, есеп тапсыруға, жалғызілікті ананың үйінде ер адамның бар-жоқтығын анықтауға кірісті. Сонда ештеңеден хабарсыз отағасы үйіне оралып, тексерушілерге ұсталып қалған жағдайлар болды. Ондай жағдайда атаулы көмек дереу тоқтатылады.

Бұл да әсер етсе керек, кейінгі жылдары ажырасулар саны азайған. Бұған пандемия және карантин кезінде мемлекеттік мекемелердің, АХАТ органдарының тұрақты жұмыс істей алмағаны да ықпал еткен. Нәтижесінде, 2020 жылы 48 002, 2021 жылы 48 239 ажырасу тіркелді. Ал 2022 жылдың 9 айының қорытындысында 13 527 неке бұзылған.

Әрине, ортасына түсіп, талқандалған әр шаңырақтың астында қилы тағдырлар жатыр. Әсіресе, балаларға қиын. Соның бірі туралы "Адам құқықтарын қорғау" ұйымының директоры, құқықтанушы Ершат Искандаров баяндады. Ұйымға Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылының тұрғыны Ардан (есімі өзгертілді) шағыммен жүгініпті. Оның әңгімелеуінше, отбасылық жағдайларға байланысты әйелі Гүлжанмен арасында жанжал туындап, ақыры зайыбы өзіне тиесілі дүние-мүлкін алып, кетіп қалады. Бұл ретте баланы әкесіне тастаған. Алайда өзгелердің ақыл-кеңесін тыңдаса керек, бір аптадай уақыт өткенде қайта оралып, алимент талап ететінін жариялап, баланы алып кеткен. Арданның өзі баланы асыраудан және қаржы бөлуден бас тартып отырған жоқ. Бірақ әр баспананы бір жағалап, үйсіз жүрген бұрынғы әйелінің балаға лайықты өмір сыйлай алатынына шүбәланып, алаңдайды.

"Ол әйелінің баланы асырап баға алмайтынын, баланың қолайлы өмір сүруі үшін қажетті тұрғын үйі жоқтығын айтады. Оның үстіне Гүлжан күні бойы жұмыста жүреді екен. Сонымен бірге әкесіне тіпті баланың денсаулық жағдайы қалай екенін хабарламайтын, баламен көрісуге мүмкіндік бермейтін көрінеді. Жалпы, Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес, баланы асырап бағуға әкесі де, анасы да тең құқылы. Сондықтан баланы тиісті жағдай жасай алатын тараптың қамқорлығына берген жөн секілді", – деді Ершат Искандаров.

Бұл үшін оның түсіндіруінше, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар және аудандық білім бөлімі мен аудандық әкімдікке қарасты қамқоршылық бөлімдерінің мамандары әкесі мен анасының үйіне барып, инспекция жүргізуі, материалдық және моральдық жағдайын, тұрмыс тіршілігін мұқият зерделеп, баланың лайықты өмір сүруіне қайсысының тиісті жағдай жасай алатынын бағалауы қажет. Сондай-ақ баланың да қалауы ескерілгені маңызды.

Бірақ жауапты шенділер мұның бәріне бас қатыруға құлықсыз болады. Содан ажырасушыларға сотқа жүгіну ғана қалады. Әйтпесе, бала үшін талас-тартыс тұрмыстық деңгейдегі дау-жанжалдарға ұласып, ушығып та жатады. Жалпы, құқық қорғаушылардың айтуынша, алимент үшін ажырасу оқиғалары да аз емес.

Елордалық заң кеңесшісі Шолпан Сейсембаева өз практикасында кездескен ұқсас оқиғаны хабарлады. Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Зайсан ауданы бойынша білім бөлімі Қарағанды облысының тұрғыны, жалғызілікті ана Еркемайды 14 жасар баласынан және ата-аналық құқығынан айырып, әйелден алимент өндіртуге бастамашы болыпты. Заңгер аудандық білім бөлімінің қызметкерлері өз өкілеттігін асыра пайдаланған деп есептейді.

Еркемай өз сәбиін бір жасынан туған ағасы Ерсіннің бауырына салады. 2014 жылдың 26 наурызында ағасы зайыбымен екеуі баланың қамқоршысына айналады, сол уақыттан бері өз баласындай бағып-қағады. Бала әжесінің және аға-жеңгесінің қолында өскен. Яғни, өзара келісім бар.

"Бірінші баласын ата-әжесіне беру қазақтың ата заманнан келе жатқан салты екені бәрімізге мәлім. Сотқа арыз берген Зайсан ауданы бойынша білім бөлімі қызметкерінің өзі де соны мойындады. Демек, не себепті сотқа талап арыз түсіргені түсініксіз. Заң солай екен деп, баланы мейірімді қамқоршыларынан, ал анасын – ата-аналық құқығынан айырыра берсек, ертең бұл жас ұрпақтың тағдырына қандай әсер қалдырады? Шенеуніктер осыны түсінбей отыр. Білім бөлімі мұндай жағдайда шешесін ата-аналық құқықтан айыру шарт деп отыр. Бұған қоса, білім бөліміндегілер аға-жеңгесіне ол баланы асырап алу жолдарын түсіндіру орнына тек ата-аналық құқықтан айыртуға азғырған. Салдарынан бала азап шегейін деп тұр. Себебі, бұл үшін заңда жаза қарастырылған дегенді естіп, баланың қамқоршылары да білместіктен, оны асырап алудан бас тартыпты", – деді заңгер.

Соның кесірінен жасөскін анасынан да, аға-жеңгесінен де, әжесінен де тартып алынып, жетімханаға жолдануы ықтимал.

Жергілікті шенеуніктер Еркемай баласымен араласпайды, алимент төлемейді, сондықтан  ата-аналық құқығынан айыру қажет деп шешкен. Бірақ араласпау фактісін айқындайтын дәлелдерді сотқа ұсынбаған. Өкілетті орган бір де бір рет анасымен хабарласпаған, әңгімеге тартпаған. Ал баласын туысқанының бауырына салған адамдардың ешқайсысы алимент төлемейтіні белгілі.

Айта кету керек, Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық соты білім бөлімінің арызын қанағаттандырып, Еркемайдың аналық құқығын 6 айға шектеу туралы шешім қабылдады. Егер осы уақытта ата-ананың құқықтарын шектеген негіздер жойылса, онда сот ананың талабы бойынша баланы ата-анасына қайтару және көзделген шектеулердің салдарын жою туралы шешім шығарады.

Ал Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан білім басқармасының қызметтік тексерісі нәтижесінде заңгер өтінішінде көрсетілген білім бөліміне қатысты өкілеттігін асыра пайдалану деректері расталмады. Қамқоршысы сот барысында барлық мән-жайды білетінін, білім бөлімі маманының түсіндіргені туралы мәлімдеген.

Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың өз баласын өзгенің бауырына салу дәстүріне тосқауыл қоятын заң жобасын пысықтап жатқаны белгілі. Ол құжат таяуда қоғамдық талқылауға шығарылды. Өйткені сәби сүю үшін ардан аттауға дайын адамдар осы тәсілді заңды айналып өтіп, кезекке тұрмай-ақ бала асырап алу, тіпті бөбекті сатып алу үшін пайдаланады екен. Бұл туралы Inbusiness.kz егжей-тегжейлі жазды.

Дегенмен, соттар әр жағдайға жеке-жеке қарап, жіті зерттеп, тиісті шешім қабылдағаны абзал.

Сондықтан заңгердің айтуынша, заң талабы сондай екен деп, барлық ата-ананы бірдей "қырқып", қор қылмау қажет. Тек ата-ана құқықтарын теріс пайдалану балалардың мүдделерiне нұқсан келтірген жағдайда, мысалы, балалардың оқуына кедергi жасаса, қайыр сұрауға, ұрлыққа, жезөкшелiкке, спирттік iшiмдiктерді, есiрткi заттарын, психотроптық заттарды және соларға тектестерді тұтынуға итермелесе, немесе баланы үнемі ұрып-соқса, сонда ғана ана-аналық құқығынан айырып, баланы тартып алуды қарастыру ләзім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу