Шетелге асырауға бала берудің "жаңа" схемалары әшкереленді

2764

Онымен күресу үшін билік жеке заң қабылдайды. 

Шетелге асырауға бала берудің "жаңа" схемалары әшкереленді

Ресми мәлімет бойынша соңғы екі жылда Қазақстаннан жатжұрттарға бірде-бір бала асырауға берілмеген. Бірақ бұл қазақстандық балалар шетел асып жатқан жоқ деген сөз емес.

Әрине, Қазақстанда жатыр ана қызметі заңдастырылған. Дегенмен шетелдіктерге қазақстандық суррогат ана қызметіне жүгінуге көптеген кедергі қойылған. Құжат жинауы күрделендірілген, бюрократиясы жетерлік. Бұл негізі, дұрыс. Себебі түрлі тәуелсіз сарапшылар, зерттеушілер әлемде адам ағзаларының саудасы өрістегенін, балалар осы мақсатта пайдаланылуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.  

Бас прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда баланы асырауға берудің қу тәсілі жолға қойылғанын анықтады. Ол схема тіпті қарапайым әрі заңда бекітілген тетіктерге құрылған. Нақтыласақ, нәрестесінен бас тартып, оны сатқысы келетін ана сәбиін сатып алғысы келетін отбасыны алдын ала табады. Баласы дүниеге келген соң, оның құжатында "әкесі" деген тұсқа әлгі отбасының отағасының аты-жөнін жазады. Ізінше анасы ол бөбектен бас тартады. Заң бойынша оны әкесі бағуға тиіс. Осылайша, өз жұбайынан емес, ашынасынан "бала сүйген" ерлер көбейген.

Министрлік баладан бас тартудың бизнеске айналып кетуінен қауіптенеді. Өйткені құжатында әкесінің аты көрсетілсе, сәбиді соған беруге мемлекеттің өзі міндеттейді. Ел Конституциясының 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болып табылады.

Ал "Неке және отбасы туралы" кодекстің 70,72-баптары ата-аналарды балаға тәрбие, білім беруге, құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндеттейді. Осы кодекстің 68-бабының 2-тармағына сай, ата-аналардың бұл құқықтары мен міндеттері тек балалар 18 жасқа толған соң, сондай-ақ кәмелетке толмаған бала некеге отырғанда ғана тоқтатылады. Яғни соған дейін бағып-қағуға тиіс. Ата-ананың қалауынша басқа жолдармен бұл міндеттерді тоқтату мүмкін емес. Баланы тәрбиелеу міндеті сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылса ғана жоғалуы мүмкін.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура кәмелетке толмағандарды жасырын саудалауға тосқауыл қою, осы мақсатта балаларды асырап алу мәселелерін зерделепті.

"Нәтижесінде, заңсыз асырап алудың, соның ішінде шетел азаматтарының Қазақстаннан бала әкетудің көптеген оқиғасына әкелген бірнеше заңсыз схемалар әшкере болды. Бұл бұзушылықтарға лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігі, заңнамадағы олқылықтар ықпал етті. Бұған сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және оларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдағысы келетін адамдардың республикалық деректер банкінің (РДБ) жетілмегендігі септесіп отыр", – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, ең көп таралған бір схема бар екен. Оған сәйкес, жас босанған ана өз баласының әкесі ретінде басқа әйелмен некеде тұрған ер адамды көрсетеді. Немесе бала ересектеу болса, онда оны асырап алуға ынтыққан ер адам жалған "зерттеу" қорытындысымен баланың әкесі ретінде анықталады, бұл фактіні екі жақ та мойындайды.

"Осыдан кейін биологиялық анасы баладан бас тартып, оны "әкесіне" береді. Шынында, ол адам баланың биологиялық әкесі болмайды. Бұл ретте мемлекет отбасыларды шынайы зерттеу жүргізуге міндеттей алмайды. Ал "Неке және отбасы" кодексінің 47-бабының 5-тармағына сәйкес, баланың анасымен некеде тұрмаған адам сол баланың әкесі екенін растағысы келсе, сол әйелмен бірге, тіркеуші органға бірлескен өтініш берсе, жеткілікті. Бұл тетік әлеуетті асырап алушыларға баладан бас тартуды жоспарлап отырған жүкті әйелдермен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді", – деп мәлім етті министрлік.

Құзырлы органдар мамандарының байламынша, осы схема бала сатушы ана мен сатып алушыларға Қазақстанда белгіленген рәсімдерді айналып өтуге мүмкіндік береді. Әйтпесе заң бас тартылған баланы алдымен мемлекеттік есепке қоюды, оның деректерін РДБ порталына енгізуді, содан соң оны алғысы келетін ата-аналардан бала асырап алу процедураларынан өтуді талап етеді. Бұл жағдайда ол сәбиді осы рәсімдерден өтіп, баланы күтіп жүрген басқа ата-аналар алып кетуі мүмкін. Қазақстанда ересектеулеріне қарағанда, бөбектерге сұраныс жоғары. Кейбір деректер бойынша, былтыр 5 мыңнан астам адам нәрестелердің түсуін күтіп жүрген.

Министрлік тағы бір кең таралған схеманы таратып айтып берді. Ол схема ананың туысқандарына беру үшін өз баласынан бас тартуы болып отыр. Қарға тамырлы қазақта туыс көп. Кеңес кезінде де қазақтар перзенттерін баласыз ағайынына бере беретін. Байырғыдан келе жатқан бұл дәстүр "бауырына салу" деп аталады. Қынжылтатыны сол, алаяқтар да осы салтты кері мақсатта қолданып жүрген көрінеді. Өйткені туыстықты анықтау да жай ғана құжат толтыру арқылы жүргізіледі. Дамыған елдердегідей, аса қымбат процедура, яғни ДНК зерттеуі арқылы туыстық дәрежесін анықтау біздің заңнамада көзделмеген.

Салдарынан, Әділет министрлігінің мәліметінше, 2015 жылдан бері нотариустер баладан бас тартып, туысқандарының тәрбиесіне берудің 1,4 мыңнан астам өтінішін рәсімдеген. Осы тәсілмен асырап алғандар арасында шетелдіктер де жоқ емес.

"Мұндай жағдайларда соттар өзара туыстықтың болуын өтініш иелері мен олардың куәгерлерінің сөздерінен ғана анықтайды. Тиісінше, осы істерде туыстық қатынастарды растайтын бірде-бір құжат жоқ. Мысалы, Алматы облысында сот өз шешімімен ерлі-зайыпты Ш.Ж.К. мен С.Л.Б.-ның Е.С. есімді қыз баланы асырап алу өтінішін қанағаттандырды. Прокуратураның сауалнамасы кезінде асырап алушылар 2019 жылдың қараша айында отағасы жұмысындағы әріптес әйелмен көңіл қосып, оның некеден тыс қыз туғанын әңгімелеген. Ол келіншек баласын дүниеге әкеле сала, одан бас тартып, нәрестені бірден осыларға беріпті. Бұл ретте асырап алушылар ол баланың биологиялық анасының туысы емес, әрі қорғаншылық органына да жүгінбеген. Әлеуетті бала асырап алушылар ретінде есепте тұрған жоқ. Заңмен бекітілген бала асырап алу процедурасының сақталмағанына, өзара отбасылық, туыстық байланыстардың болмауына қарамастан, қамқоршылық органы соттан ол өтінішті қанағаттандыруды сұрады", – деп хабардар етті министрлік.

Әрине, махаббат шекара таңдамайды. Ендеше дәл осы схеманы шетелдік бала асырап алушылар да қолдана алады.  

Жалпы қазақ дәстүрі бойынша, ата-әжелер – тұңғыш немересін, үйдің үлкен ұлы – өзінен кіші бауырының үлкен баласын, сондай-ақ жақын кісілер – өз туыстарының баласын қолына алып, асырап бағып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді. Бауырына салушы адам біріншіден, баланы өз ата-анасынан ажыратпайды, баланы қос биені тел емген құлындай, екі үй де тең өсіріп әлпештейді. Екіншіден, бар жылы-жұмсағын соның аузына тосады, еркелетіп өсіреді. Ал мына заңсыз схема қазақ дәстүрін деградацияға ұшыратады. Бала отбасыдан ажыратылып, жат елге әкетілуі немесе ол балаға туған анасымен қарым-қатынас жасауға тыйым салынуы мүмкін. Бұл балаға өле-өлгенше жазылмас психологиялық жарақат салары сөзсіз.

Келесі бір схема бойынша асырап алушылар нотариус берген құжатпен-ақ шектеліп, сотқа жүгінбейді, немесе көп уақыттан соң жүгінеді. Біраз уақыт өткен соң баланың өзі отбасыға бауыр басып, жетімханаға барғысы келмей қалуы ықтимал.

"Айта кету керек, бүгінде мәселе түпкілікті шешілгенге дейін және сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін қамқоршылық органдары мен бас тартылған баланы асырап алушы адамдардың өзара іс-қимыл тәртібі нақты регламенттелмеген. Қамқоршылық органдары ол балалардың жай-күйін, тұрмысын тексере алмайды. Негізінен, асырап алушылар анасынан нотариалды куәландырылған өтінішті алған соң, бірден баланы алып кетеді, ал ол баланы асырап алуды біраз уақыттан кейін ресімдей бастайды. Мәселен, Ақмола облысында Ж.Н.А. және Ж.Т.Ғ. есімді тұрғындар Е.А.О.-дан баласын 2018 жылдың қараша айында алыпты. Ал бала асырап алу мәселесі тек 2020 жылы көтерілді. Кейбір жағдайларда мұндай мәселе мүлдем көтерілмейді", – деп түсініктеме берді Оқу-ағарту министрлігі.

Сондықтан ведомство балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірледі. Ол заң жобасы қабылданса, онда ата-анасы бас тартқан балаларды айналма схемалармен асырап алуға тосқауыл қойылмақ.

Қазақстанда балалар үйлері тәрбиеленушілерінің жалпы контингенті азайып келеді. Соңғы 4 жылда жетімханада тәрбиеленушілердің саны 32%-ға – 2017 жылғы 6 223 баладан 2021 жылы 4244-ке дейін кеміді. Балалар үйлерінің саны 138-ден 89-ға дейін, яғни 36%-ға қысқарды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, балалар үйлерінде ауыр сырқаттары бар балалар, сондай-ақ өзге бауырларынан айыруға болмайтын балалар қалады. Соңғыларын асырап алушы өз қамқорлығына тек әпке-қарындастарымен, аға-інілерімен бірге ғана ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу