Айдана Аллажарқызы – "All sheker" кондитерлік цехінің иесі, жас кәсіпкер. Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, тәтті пісіруді үйреніп, осы саланы кәсіп еткен. Заңгер, құжаттану маманы, кейін бет әрлеу саласында табысты еңбек еткен ару неге кәсіпкерлікті таңдады?
– Айдана, заңгерлік, құжаттама саласына бармай, табыс әкеліп отырған бет әрлеуден бас тартып, тәтті пісіретін кәсіп ашуыңызға не түрткі болды?
– Білесіз бе, адам ылғи өзінің жанына жақын мамандықты іздейді. Мен бала күнімнен заңгер болуды армандап, колледжге бардым. Кейін грант болғандықтан, университетте "мұрағаттану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету" мамандығын оқыдым. Бірақ неге екенін ұнамады. Ал өзім қалаған мамандықты оқиын десем, анама күш салғым келмеді. Оқумен қатар сүйікті кәсібімді іздедім. Бет әрлеуді үйреніп, жақсы қаржы таба бастадым. Алайда ол кәсіп емес, қызмет көрсету саласы болғандықтан, өзге мамандықтарды зерттеуге кірістім. Студент бола жүріп торт пісіруді үйрендім. Үйден тәттілер пісіріп, Инстаграм арқылы сатып, ақылы шеберлік сабақтарын ұйымдастырдым. Тапсырыс беретіндер көбейді. Тұрмысқа шыққан соң, бала күтіміне байланысты бұл кәсіптен қол үзе бастадым. Алайда жолдасымның табысына қарап отырғым келмеді. Өзі табыс тауып үйренген адамға қол қусырып отыру қиын. Іштей күйзеліс те болды. Кішкентайым үш айлық болған кезде "балалы болу - кәсіп бастауға кедергі емес" деп шешіп, кондитерлік цех аштым.
– Кәсіп бастағанда қандай қиыншылықтар болды?
– Ең басында , жолдасым екеумізде достарымыз тегін берген кеңсе ғана болды. Түнгі төртке дейін торт пісіріп, таңғы жетіде қайта тұрып, жеткізумен айналыстық. Тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтайтынбыз. Барлығын жалғыз өзім істедім. Еңбек күші жетпегенде, анамды шақырып алатынмын. Бұрын жасап көрмеген торттарға тапсырыс түскенде ғаламтордан қарап дайындайтынмын. Кейін кондитер мамандарды алдық. Кейде мамандар да қателеседі. Бір күні кондитеріміз шамамен 200-300 бәліштің бетіне қант ұнтағын себудің орнына ас содасы сеуіп жіберіпті. Тапсырыс берушілер таңертеңнен телефоныма қоңырау шалып реніш білдірген. Барлығынан кешірім сұрап, келесі күнгі тәттілерді тегін беріп, клиенттерімізбен қатым-қатынасымызды ретке келтірдік. Оның өзі біз үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені тұтынушының көңілін таба білсең, ғана кәсібің алға басады. Менің ойымша,кәсібін жаңа бастаған адамдардың барлығы мұндай қиыншылықтан өтеді.
– Кез келген істе білім жетілдіру маңызды. Бұл саланы оқып, үйрендіңіз бе? Әлде бәрі тәжірибемен келді ме?
– Кәсіпті жолға қойған соң, салық органдары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет келіп тексерсе айыппұл салып, кондитерлік цехімізді жауып тастауы мүмкін деген ой келді. Бірден "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өткізетін бір айлық сабақтарға қатысуды шештім. Бұл дәрістерде салық органдарында тіркеуге тұру, кәсіпкерлік негіздері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерісінен өту жолдарын білдім. Бір айға созылған дәрістердің соңында бизнес-жоспарымды қорғап, палатаның 505 мың теңгелік грантына қол жеткіздім. Ең бастысы, кәсібімнің қазіргі кездегі бағыты мен алдағы бес жылдың даму жоспарын анықтап алдым.
– Грант туралы айтып қалдыңыз... Алғашқы салым туралы сөз қозғайықшы. Қанша қаржы салдыңыз? Кім қаржыландырды?
– Басында жолдасым екеуміз жинаған 2,5 млн теңгені салдық. Оған екі үлкен пеш, тоңазытқыш, миксер, ыдыстар, алғашқы өнімдерді жасайтын азық-түлік алдық.
– Кәсіпкердің бойында қандай қасиеттер болуға тиіс деп ойлайсыз?
– Біріншіден, сынға шыдай білу керек. Бізге басында "круассандарың өте тәтті, ал бәліштеріңнің қанты аз" деген сын айтылатын. Соның барлығын түзеткеніміздің арқасында бизнесімізді жолға қойып алдық. Екінші, тұтынушылардың көңілін табу маңызды. Бір күні торттың дәмі ұнамаса, келесі күні тапсырысты тегін жеткізіп, жанына сусын қосып бердік. Осындай қадамдар маңызды. Үшіншіден, салыстыруға дайын болу керек. Нарық – өте үлкен. Шетелден келетін өнімдер мен отандық тәттілер жетіп артылады. Нарықта бағаны төмендетіп, сапаны арттырып, ерекше тауар жасау арқылы ғана тұрақтауға болады. Бәсекелестерді де зерттеп отыру қажет. Ал бастысы, өз бизнесіңді жақсы көріп, сол салада маманға айналу керек. Мен круассан, бәліш, өзге де тәттілерді әріптестеріме тапсырғаныммен, торт жасауға келгенде ешкімге сенбеймін. Өзім пісіремін.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? Бизнеске салған қаражатыңыз ақталды ма?
– Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның ішінде 2 кондитер, 2 көмекші және жеткізуші бар. Негізі жастары 40-тан асқан адамдармен жұмыс істеген ыңғайлы. Ересек адамдар нақты жұмысын біледі, тұрақты еңбек етеді. Ал көмекші ретінде көбінесе жастар келеді. Олар сынға шыдамайды, жауапкершіліктері төмен. Сондықтан екі айда бір ауысып тұрады. Осы адамдардың жалақысы мен кеңсені жалға алу шығынын алып тастағанда, айтарлықтай қаржы қалады. Қазір 18 кофехана мен шайхананы тәттілермен қамтамасыз етіп отырмыз. Алғашқы салған қаражатты шығарып алуға аз қалды.
– Сіз үшін бизнеспен айналысу қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Бастаған ісіңіз алға басып, өніміңіз халықтың көңілінен шықса, табыс артады. Мысалы, біз күнде кешке тапсырыстардың көлемін есептейміз. Кеше 100 мың теңгеге өнім сатсақ, бүгін одан көбірек саудалағанымызды көріп отырамыз. Жұмыс қанша ауыр болғанымен, жақсы нәтижелер алға жетелейді. Адамдарды жұмыспен қамтисың, салық төлейсің, елдің экономикасына үлес қосасың. Қазір бизнес бастауға да мүмкіндіктер көп.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген