Балташ Тұрсымбаев: Малшы мен егінші бизнесмен ретінде қалыптасуы керек

4516

2017-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасы да, оның алдыңғылары да көбіне бос сөз, дейді бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі.

Балташ Тұрсымбаев: Малшы мен егінші бизнесмен ретінде қалыптасуы керек

Бірінші ерекшелік – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру болса, екіншісі – егін шаруашылығына қатысты.

– Балташ мырза, жаңадан қабылданып жатқан бағдарламаның шет-жағасын біліп жатқан боларсыз. Үкімет қазір 90-жылдардың басындағы ауыл шаруашылығы саясатына қайта бет бұра бастаған секілді. Кооператив тұралап қалған ауыл шаруашылығын өрге сүйрей ала ма?

– Ата-кәсібіміз – мал өсіру қазақты аштан өлтірмейді. Қазір мына Астана мен Алматыда ауыл жастары босып жүр. Бәрінің жайлы жұмысы мен жағдайы бар дей алмас едім. Солар ауылда 20-30 қой асыраса да қазіргіден жаман өмір сүрмес еді.

Мемлекет қазір жастарды жұмыспен қамту керек деп көп айтады. Одан да ауыл тұрғындарына мал асырауға мүмкіндік беріп, өнімін пұлдауға, солай бюджетке де салық түсіріп, елдің дамуына үлес қосуына жағдай жасаса, қалың қазақ қалада қаңғып жүрмес еді.

Ал қазіргі кооперативтерге біріктіру бастамасы үкіметтің кеш те болса қолға алған бір оңды шарасы. Өйткені, бірлі-екілі қарасын баққан ауыл халқы ешқашан үлкен нарыққа шыға алмайды. Кооперативті ақша табудың көзі ретінде ғана қарамау керек. Бұл біздің бірлігіміздің сыналатын кезі.

Бірақ бұл мәселеге келген үкіметтің әлі кооператив туралы заңы жоқ. Шаруаларды ұжымдастырмас бұрын осы заңды қабылдап алу керек еді.

– Кезінде дайын тұрған ұжымдық шаруашылықтар (колхоз, совхоз деп аталатын. – Автордың ескерт.) өзіңіз министр болып тұрған кезде таратыла бастаған жоқ па еді?

– 1994 жылға дейін Қазақстанда ұжымдық шаруашылықтар жұмыс істеп келді. 1992-1993 жылдары мен ауыл шаруашылығын басқарып тұрған тұста колхоздар мен совхоздарды тарату туралы айтыла бастады. Өз басым сол кезден-ақ ол бастаманың дұрыс еместігін айттым. Бірақ менен кейінгі министрлік ақыры ұжымдық шаруашылықтарды таратып тынды.

– Ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – ет экспортын арттыру. Ресми мәліметке сүйенсек, елде небәрі 5 млн-дай ғана мал басы бар екен. Етті көбірек сатамыз деп малымызды азайтып алмаймыз ба?

– Кез келген саланың дамуы үшін айналым болуы керек. Нарық заңдылығында бір орында тұрып қалған дүние кері кетеді. Мал басын көбейтіп алайық деп ет өндірісін азайтуға болмайды. Малдың ішінде кәрі-құртаңы болады, аталығы болады, қысыр қалатыны тағы бар. Ет болып сойылатын да солар. Ал аналық мал айналымда болуы керек. Яғни, бір күндік табыс үшін емес, алдағы бірер жылдың жоспарымен әрекет еткен жөн.

– Бидайдың орнына арпа мен майлы дақылдар егу ауыл шаруашылығына тың серпін бере ала ма?

– Бүгінге дейін шаруалардың негізгі маманданған шаруашылығы – бидай өсіру болды. Бұл тұрғыда олар әбден үйреніп, бір жүйеге отырды. Қазақстан да бидай сатудан әлемдік деңгейде өз орнын тапты.

Ал келесі жылдан бастап арпа мен майлы дақылдар егіңдер десе, оны алғашқы жылдары игеріп алып кету біраз қиындық туғызуы мүмкін. Әрине, сату жағын мемлекет өз мойнына алар. Дегенмен де негізгі ауыртпалық – егу мен ору науқанында шаруалардың өзіне түседі.

Қалай десек те, біздің ауыл шаруашылығымызда экономиканың өзге де салалары секілді әртараптық қажет. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сата бермей, оны өңдеуді де үйренген абзал.

– Бидай мен ет өнімдерін өңдейтін зауыттарды салатын кәсіпкердің жоқ болғаны ма?

– Жұрт істеп жатыр екен деп жаппай бас салуға болмайды. Қазір Қытайдың ауыл шаруашылығы компаниялары біздің елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыт ашуға мүдделі.

Бірақ, оларға сеніп барлық шикізатымызды беріп қойсақ, ертеңгі күні ол өнімдерді өзге түгілі сол Қытайдың өзі де алмай қоюы мүмкін. Сол үшін етті ет күйінде, бидайды бидай күйінде сата алсақ та жаман болмаймыз. Егер өзіміздің кәсіпкерлер еттен дайын шұжық, бидайдан кондитерлік өнім жасаймын десе, нұр үстіне нұр.

– 25 жылдың ішінде бұрынғы малшылар мен егіншілер кәсіпкер ретінде қалыптаса алды ма?

– Жоғарыда айтқандай, қазақтың қолынан келетін жалғыз нәрсе болса, ол –  мал өсіру, егін егу. Біз бәрібір жапондар секілді теледидар жасай алмаймыз. Әр елдің өзінің атын шығаратын брендтік өнімі болады. Қазақстанның қуатты аграрлық ел бола алатын мүмкіндігі зор.

Өкінішке қарай, қазір өзің айтып отырған 2017-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасы да, оның алдыңғылары да бос сөз. Көз алдымыздағы игіліктерді көрмейміз. Малды бірігіп бағып, жердің қожасы ретінде игеруіміз керек.

Жердің иесі болсын дегенге мен әбден қосыламын. Қазір кәсіпкерлерге аз да болса еркіндік берді ғой. Үкімет, я болмаса "Атамекен" палатасы кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істей отырып, әр малшы мен егіншінің өнімін саудалауына қолдау көрсетуге тиіс.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу