Банкрот болатындардың үш жылғы ақша аударымдары тексерілуі мүмкін

8057

Қаржы министрлігі жеке азаматтарды банкрот деп жариялаудың қағидалары мен нысан-формаларының жобаларын жариялады. Онда осы жолмен қарызынан арылғысы келген жандарға жағымсыз жайттар жетерлік, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.     

Банкрот болатындардың үш жылғы ақша аударымдары тексерілуі мүмкін Фото: yandex.kz

Президент 2022 жылғы 30 желтоқсанда "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға қол қойғаны мәлім. Заң жыл басында күшіне енді. Алайда банкроттыққа арыздар тек 2023 жылдың наурыз айынан бастап қабылданады. Себебі Үкімет жыл басынан бергі 60 күн ішінде тетікті іске қосу үшін қажетті нормативтік құқықтық актілерді, қағидаларды, толтырылатын формаларды әзірлеп бекітуі қажет. Сонымен қатар осы мерзім ішінде Цифрлық даму министрлігі азаматтарға өтінішін электронды түрде беруге және өтінішінің мәртебесін онлайн режимде бақылап отыруға мүмкіндік ұсынуға, сондай-ақ барлық өтінішті өңдеу процесін автоматтандырып шығуға тиіс.

Өйткені ертең жүздеген мың қазақстандық "қарызын кешірту" үшін лап қойғанда электронды Үкімет шыдай алмай,істен шығып қалмауы шарт. Онда елде дүрбелең туады. Егер ел игілігіне айналуы шарт президенттік бастама солай әлеуметтік кернеуге ұласса, цифрлық салаға жауапты биік лауазымды тұлғалар орынтақтарынан ұшары сөзсіз. Банкроттық туралы өтінішті борышкер eGov веб-порталы, "E-salyg Azamat" мобильді қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесі арқылы жібере алады. Бұл ретте өтініштегі ақпараттың дұрыстығы, борышкердің банкроттық өлшемдеріне сәйкестігі мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылатын болады. Осы мақсатта банкроттыққа арналған жүйе Бірінші кредиттік бюромен, 29 меморганның ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.  

Заңгер Аслан Төребаев жеке тұлғалардың банкроттығы тетігіне көптеген азамат іліге алмай қалуы мүмкін екенін ескертті.

"Парламентте заң жобасы қаралып жатқанда сарапшылар көптеген сын-ескертпе айтты, бірақ олардың көбісі ескерілмей қалды. Бұл жерде жеке тұлғалардың банкроттығы институтының енгізілуіне он жылдан астам уақыт тосқауыл қойып келген банкирлердің лоббиі де ықпал етсе керек. Шетелдік тәжірибені зерделедік, сонда қазақстандық жеке тұлғалардың банкроттығы институты қаталдау болып шыққандай. Мысалы, біріншіден, Қазақстанда бұл рәсім үшке бөлініп отыр: соттан тыс, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соңғысы банкроттыққа тіпті келмейді, жай ғана қарызды қайта құрылымдаудың бір түрі. Дамыған елдерде ерікті және мәжбүрлі банкроттау деген негізгі екі түрі ғана бар", – деді сарапшы.

Екіншіден, оның байламынша, Қазақстанда банкрот болатындарға қаржылай шек-лимиттің қойылуы көптеген адамның банкроттықтың үш түрі арасындағы тиімдісін пайдалануына мүмкіндік бермеуіне әкнлуі ғажеп емес. Үш тетіктің ішіндегі ең жеңілі соттан тыс банкроттық болса керек. Ол eGov порталы арқылы жүреді, азамат банкроттық рәсімінен онлайн өте салады. Ал мәселен, сот арқылы банкроттықта қазақстандық бір жағынан, қаржылық басқарушылардың, яғни соның рөлін атқаратын кәсіби банкроттаушы әкімшілердің, кәсіби бухгалтерлердің, заң консультанттарының немесе аудиторлардың бірін жалдауы қажет. Екінші жағынан, сотқа қатысты шығындарды да көтереді. Алайда ел арасында көбірек сұранысқа ие болатын соттан тыс банкроттықты қолдану үшін азаматтың қарызы 1 600 АЕК (2023 жылы 5,5 млн теңгеден) аспауға тиіс. Оның үстіне жеке өзінде және ортақ меншікте ешқандай мүлкі болмауы шарт.

"Шетелде мұнша шектеу жоқ. Мысалы, Америкада жыл сайын орта есеппен 300 мыңнан астам тұлға өзін банкрот жариялайды. Арасында атақты саясаткерлер, бизнесмендер, актерлар, әншілер де бар. Ұлыбританияда қарыз сомасы 750 мың фунттан асып кетсе, мәжбүрлі түрде банкротталады. Ерікті банкроттыққа шектеу жоқ. Еуропаның өзге ірі елдерінде солай. Екінші тетікке келсек, сот арқылы банкроттық рәсімінде борышкердің кепілде тұрған жалғыз үйін де сатып, одан түскен түсімді банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлар арасында бөліске салады. Сарапшылар жалғыз баспананы сатуға жол бермеу керектігін айтты. Бірақ оны саудаға қоюды Премьердің өзі қолдап шықты. Ал дамыған елдерде қарызға батқан адамның баспанасына тиіспейді, өзіне қалдырады. АҚШ-та тіпті егер көлігі 5 мың доллардан арзан тұрса, оны тартып алуға тыйым салынған. Құрама штаттарда, Еуропада сот сондай-ақ неке сақинасын, отбасылық құндылық мәні бар бағалы заттарды, автомобильді, асырау көзі саналатын малдарды борышкердің өзіне қалдырады. Отбасы мүшелерінің санына қарай банкрот адамның жалақысының 2,3 мың еуроға дейінгісін де өзі жұмсауына рұқсат етеді. Ал қазақстандық заңда ешқандай мүлкі қалмауы керек дегенге келтірілген", – деді А.Төребаев.

Сарапшы қоғамдық талқылауға шығарылып отырған НҚА-да қарыз қыспағына түскен адамдарды шошытуы мүмкін бірқатар талап барына назар аудартты. Мысалы, банкрот болған азаматтың мәліметтері "электрондық Үкімет" веб-порталында орналастырылады. Сонда өзге қарыз берушілердің ол жайындағы ақпаратпен танысуына жол ашылады.

Екіншіден, борышкердің соңғы үш жылдағы банктік аударымдарына дейін тексерілуі мүмкін. Банкроттыққа өтініш бергендер "Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызында" осыған өзі рұқсат етуі керек.

"Банкроттық рәсімі қолданылғанға дейінгі 3 жыл ішінде және банкроттық рәсімін қолдану барысында маған қатысты қаржылық жай-күйге мониторинг жүргізілетіні туралы хабарландым", – деп қол қояды.

Үшіншіден, банкрот ары қарай қарыз ала алмай қалуы ғажап емес. Құжатта: "банкротқа жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына тыйым салынады" деп жазылған. Сонымен қатар арыздың тиісті формасында: "Салдарлар туралы білемін: 1) 5 жыл ішінде қарыз берілмейді; 2) мені банкрот деп танығаннан кейін үш жыл ішінде маған қатысты қаржылық жай-күйге мониторинг жүргізіледі" деген бағаналар қарастырылған. 

Сот арқылы банкроттық рәсімі түсінікті: онда борышкердің барлық құнды мүлкі (егер кепілде тұрса, тұрғын үйі де) саудаға шығарылады, одан түскен түсімді кредиторлары өзара бөлісіп алады. Сонда да өтелмеген қарыз қалса, банк, МҚҰ, коллекторлар оны есептен шығаруға міндетті. Дегенмен, егер борышкер жалған құжат ұсынып, алаяқтық схеманы қолданып, әлдебір құнды мүлкін жасырып қалса, онда сот шешімі жойылып, кредиторлар қайтадан борышты өтеуді талап етуі ықтимал.

Жарияланған "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету қағидаларының жобасына сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсімін пайдалана алу үшін борышкер келесі өлшемдерге сай келуі шарт:

  • екінші деңгейдегі банктердің, бейрезидент-банк филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің алдындағы борышкердің қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек;
  • ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында ешқандай мүлкі болмауы керек;
  • арыз берілген күнге дейін қатарынан 12 ай бойы кредиторлар алдындағы міндеттемелері бойынша өтеудің болмауы (төлемақы енгізілмеуі) қажет;
  • банктік қарыз, микрокредит беру шарты бойынша берешекті кредиторымен бірге реттеуі керек.

Борышкер өзін банкрот жариялау үшін электронды түрде келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

  • Арызды;  
  • кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімді;
  • борышкердің банктік қарыз, микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесін қоса береді.

Соңғы құжат көптеген сұрақтар туындатуда. Берешекті реттеу құжаты деген  не? Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, "банктің, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары осы рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады".

Қаржылық ұйым клиентінің берешегін реттеуден не жауаптан бас тартса ше? Ведомствоның тұжырымдауынша (әрі қағидалар жобасында айтылғандай), банк, шетелдік банктің филиалы, МҚҰ борышкердің арызына жауап бермесе, онда борышкер осы ұйымдарға арызының көшірмесін немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растамасын ұсынуы керек: бұлар да осы рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжатқа жатқызылады.

Егер барлық құжаттар пакеті толық болса, онда банкроттықтан үміткер туралы мәліметтер 15 жұмыс күні ішінде "электрондық Үкімет" веб-порталында орналастырылады.

Осы он бес күн ішінде соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама да келуі мүмкін. Онда мәліметтері жария орналастырылмауға тиіс. Азамат сол бас тартуға себеп болған негіздерді жойса, онда 3 ай өткен соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды қайтадан бере алады.

Жалпы, банкроттау рәсімі жарты жылға ұзауы ықтимал: соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі мәліметтер "электрондық Үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап 6 айды құрайтыны жазылған. Борышкерді банкрот деп тану туралы шешімге қатысты дайын құжаттарды ХҚКО-лардан алуға болады. Өзге екі рәсімге қарағанда, бұл қызмет тегін көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу