Барлық шығынды "ҚазМұнайГаз" өз мойнына алмақшы

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
4026

Павлодар МӨЗ-дің істен шығуы кәсіпорын директоры Шухрат Данбайдың қызметімен қош айтысып, "ҚМГ"-ның шығынға батуына себеп болды.

Барлық шығынды "ҚазМұнайГаз" өз мойнына алмақшы

"ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ осы айда Ресейден 90 мың тонна дизель отынын импорттайды. Жеткізілген көлемді компания өз қажеттіктеріне және басқа ЖЖС желілеріне бөледі. Бұл туралы энергетика министрлігінде өткен жиналыста айтылды. Жиналыс біткеннен кейін министрлік "ПМХЗ"-ның бас директоры Шухрат Данбайдың басшылық қызметтен кеткені туралы ресми хабарлама таратты.

Қарашада Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) сутек өндіру жабдығының бұзылуынан дизель отынын шығаруды тоқтатқалы отыр. Осылайша, қарашада ішкі нарықтағы аталған отын түріне деген тапшылық 140-150 мың тонна болмақ. "ҚазМұнайГаз"ҰК"АҚ  Ресейден 90 мың тонна дизель отын импорттамақшы. Әкелінген көлемді компания өз ЖЖС-ларына және нарықтағы ірі ойыншыларға бөліп бермек. Компания басқа ЖЖС-ның желілеріне дизель отынын отандық МӨЗ-дің өткізу бағасымен пара-пар нарықтық бағамен сататын болады. Бұл  қарашада дизель отынының бір литрін 155-157 теңге шамасында ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ресейден әкелінген көтерме бағамен Қазақстандағы бағаның арасындағы айырмашылықты "ҚМГ" өз қаражаты есебінен жабуға мәжбүр болады.

"ҚМГ" шамамен 90 мың тонна дизель отынын импорттайды, оның 60 мың тоннасына келісімшарт жасалған. Сондықтан импорттық өніммен қамтудың арқасында дизель отынына тапшылық болмайды (қарашада.– автор еск.)", – деді "ҚМГ" басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев энергетика министрлігінде өткен жиналыста.  

 "Дизельдік отынды импорттап, айырмашылығын "ҚМГ" бюджеті есебінен жабу керек. Ресейдің бағасы мен біздің бағаның арасындағы айырмашылық едәуір. "ҚМГ" жетіспейтін көлемді (90 мың тонна) әкеледі, оған қоса 20-30 мың тоннаны нарықтың басқа қатысушылары импорттайды. Бірақ "ҚМГ" бұл көлемді сатады, басқа желілерге қазіргі нарықтық бағамен береді. Дизельдік отынның бір литрі 157 теңгеден жоғары бағада сатылмау керек", – деп түсіндірді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

ПМХЗ-да дизель отынын шығаруға қажет сутек өндіретін жабдық қазан айында зауытта күрделі жөндеу жүріп жатқан кезде істен шыққан. Күрделі жөндеу жұмысы 20 қыркүйектен 26 қазан аралығында жүрген болатын.

"Күрделі жөндеу жұмысы сапасыз жасалған. Жұмыс істеу жабдығы жарылып, оны жөндемек болғанымен, бәрібір істен шығарған. Осының салдарынан зауыт айына 150 мың тоннаның орнына 25-30 мың тонна ғана дизельдік отын шығаратын болады", – деп атап кетті Қанат Бозымбаев.  

Жиналыс барысында "ПМХЗ" ЖШС бас директоры Шухрат Данбай жабдық тоғыз жыл пайдаланғаннан кейін тот басып бұзылғанын түсіндірді. Кейін ол  "ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен жұмыстан босатылды. Еске сала кетер болсақ, бұған дейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев ПМХЗ басшысынан зауыттың жаңғырту жұмысын 8 қарашаға дейін бітіруді талап еткен болатын. Егер осы мерзімде зауыт іске қосылмайтын болса, онда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнай тасымалдау,қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі  вице-президенті  Данияр Тиесов пен ПМХЗ директоры Шухрат Данбай жұмыстан кетеді деп ескертілген еді. Энергетика министрлігінің бүгінгі жиналысында  ПМХЗ директоры зауытты жаңғырту жұмысы 10 қарашаға қалғанын айтты. 

"Лицензиардың берген кепіл мерзімі – 10 жыл.  Бұл учаскені өзіміз жөндеуге тырысқанымызды мойындаймыз. Ақыры жабдық тоқтап тұр. Сутек жабдығын орнатпайтын болсақ, дизель отынын гидравликалық тазалау жұмысы бітпейді", – деп түсіндірі ол.

Енді ПМХЗ басшылығы жабдықты жөндеудің екі жолын ұсынып отыр. "А" жоспарына сәйкес ағылшынның Foster Wheeler компаниясына қажет бөлшектерге тапсырыс жасалған. Жеткізуші бөлшектерді 9-10 желтоқсан күні жеткізіп беруге уәде етіп отыр. Жабдықты орнату мен монтаждауды қоса алғанда жұмыс 24-25 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Алайда онда ПМХЗ тек қарашада ғана емес, сонымен қатар желтоқсанда да дизель отынын өндірмейді. Ал "Б"  жоспары бойынша ПМХЗ-ның серіктесі француздық Air Liquide компаниясы бұзылған учаскені жөндеуге тырысады. Онда зауыттың жөндеу жұмысы 22 қарашада аяқталады.

"Ертең зауытқа Франциядан үш дәнекерлеуші мен бір маман келеді. Бұл проблеманы жою жұмыстары қолға алынады. Олар 15 қарашаға дейін бітіруге уәде етіп отыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, онда 22 қараша күні гидротазалауды іске қосып, тазаланған дизельді шығара бастаймыз", – деді ПМХЗ экс-директоры Шухрат Данбай.

Гүлназ Ермағанбетова, Құралай Абылғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу