"Батыс Ресей мен Украина соғысының ұзаққа созылғанын қалайды"

4529

Тек ресейлік емес, шетелдік сарапшылар осындай байламға келіп отыр. Бұл байлам негізсіз емес сияқты. Нендей дәйегі бар? 

"Батыс Ресей мен Украина соғысының ұзаққа созылғанын қалайды"

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлұ НАТО-ның кейбір елі Украинадағы соғыс әрі қарай жалғасқанын қалайды деп мәлімдеді.

CNN Turk телеарнасына сұхбатында Түркияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Батыс державалары өзгенің қолымен от көсеп, Украина арқылы Ресейді барынша әлсіретуге, еңсесін көтере алмастай қансыратуға күш салады деген байламын жеткізді.

"Біз, Түркия 29 наурызда Ыстамбұлда өткен бейбіт келіссөздерден кейін Ресей-Украина соғысы сонша ұзаққа созылады деп ойламаған едік. Алайда НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінен соң Солтүстікатлантикалық Альянс елдерінде әлдебір күштер соғыстың жалғасқанын қалайды деген ой туды. Соғыс жалғассын, Ресей бұдан да әлсірей түссін деген мақсаты бар", – деді Мевлют Чавушоғлұ.

Түрік дипломаты өзгелер аңдамайтын бір сырды білсе керек, өйткені сол саммитке өзі де қатысқан. Дегенмен осының алдында Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Анкараның араағайындығымен ілгерілеген Мәскеу және Киев арасындағы келіссөздердің табысты жүрісіне бейбіт тұрғындарға шабуылдар кедергі келтірді деп мәлімдеді.

"Тараптар келіссөздерде елеулі прогреске қол жеткізді. Алайда украиналық Буча, Ирпень қалаларындағы қырғын, Краматорскідегі вокзалда бейбіт тұрғындардың әскери нысанаға алынып, зымыранмен жойылуы біздің күш-жігерімізді заяға кетіреді", – деп күрсінген Ердоған мырза тараптарды және жаһан жұртшылығын қанағаттандыратын бітімге қол жеткізуге Түркияның күш сала беретінін нықтады.

Өзге сарапшылар да Батыс соғысты қасақана созбалаңға салып отыр дейді. Себебі Украина Президенті Владимир Зеленский басқыншыларды елден түре қуып шығу үшін НАТО елдерінен шабуылдаушы ұшақтарды, артиллерияны, ауыр ұрыс техникаларын беруді сұраумен келеді. Батыстық державалар міз бақпайды.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, "НАТО стратегтері 100 шақырымнан алысқа соққы беретін артиллерияны, заманауи ұшақтарды, ең озық қару-жарақты берсек, Украина сонымен Ресейдің қалаларына соққы жасауы мүмкін" деп қорқатын көрінеді. Сондай-ақ посткеңестік республика саналатын Украинада коррупция әлі де күшті екенін алға тартып, жаңа, қаһарлы қаруларды жемқор генералдар астыртын, қара нарыққа сатып жіберіп, ертең ол террористердің қолынан бір-ақ шығуы ықтимал деген де алаңдаушылық бар көрінеді.

Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович мұндайға жол берілмейтініне сендірді. "Егер ондай жемқор генералдар табылса, мен өзім оларды атып тастаймын!" деп қатаң ескертті ол. Сонымен бірге А. Арестович бірқатар батыс елдерінің шабуылдауға қажетті қару мен техниканы бере бастағанын растады.

"Оларды жеткілікті көлемде деп айтуға ерте, бірақ соның өзі дұшпанға ауыр соққы беруге жарайды. Америка ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегідей ленд-лиз бағдарламасын іске қосуда. Оның аясындағы жеткізілімдер әзірге басталған жоқ, бірақ бастау алғанда дұшпан қатты опынары даусыз", – деді ол.

Айтқандай, АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға әскери көмектің 800 миллион доллар тұратын жаңа топтамасы бөлінетінін жариялады.

"Бүгін мен 800 миллион долларға бағаланатын жаңа көмек туралы жариялаймын. Бұл украиндердің Донбасстағы күрес қабілетін арттырады. Бұл пакетке ауыр артиллерия, біраз гаубица және оларға 144 000 оқ-дәрі, сондай-ақ тактикалық дрондар кіреді", – деді Байден.

Бұл – Америка Құрама Штаттарының соғыс басталғалы Украинаға бағыттаған көмегінің үшінші пакеті. Алдыңғылары да 800 млн долларды құрады. Жалпы алғанда, шайқас басталған 24 ақпаннан бері АҚШ Украинаға жалпы сомасы 3,4 миллиард долларға көмек көрсетті. Бірақ оның үлкен бөлігі қару-жарақ, техника емес.

Джо Байден майдан даласындағы жағдай күрделі екенін мойындады.

"Қазір Ресей өз әскерін жан-жаққа шашыратпай, бір жерге жинақтап, шоғырландырылған түрде соққы беруге, сөйтіп Украинаның шығысын басып алуға күш салуда. Біз Украинаның қарулануы мүмкіндігі үшін төтенше қысқа, қысылтаяң шақта тұрмыз. Осы кезде қарсылас соғыстың келесі кезеңінің іргесін қалауда", – деді АҚШ көшбасшысы.

Сондықтан әскери сарапшылар Украина әскерін "қысылтаяң шақта" қуаттандыру үшін Американың не жібергелі тұрғанына үңілді. Пентагонның өкілі Джон Кирбидің нақтылауынша, Байден жариялаған жаңа топтамаға 72 бірлік 155 миллиметрлік гаубицалар және оларды оқтау үшін 144 мың артиллериялық оқ-дәрі, осы гаубицаларды сүйрейтін 72 бірлік тактикалық машина, кем дегенде 121 бірлік тактикалық Phoenix Ghost пилотсыз ұшатын аппарат, майдан жабдықтары және запастық бөлшектер еніп отыр.

Сарапшылар мұның бәрі – негізінен қорғаныс құралы екенін, ал шабуылдау, басып алынған территорияларды босату үшін танктер, жойғыш және бомбалаушы ұшақтар қажеттігін еске салды. Тиісінше, олардың байламынша, АҚШ Украинаның әзірге қорғанғанын қалайды.

Мысалы, Ресей 3 тонналық, бункер жаратын алапат бомбалармен күйреткен Мариуполь қаласындағы "Азовсталь" зауыт кешені аумағындағы бункерлерде украиналық әскерилер сыртында жүздеген бейбіт тұрғындар тығылған. Оларға Украина Қарулы күштері көмекке келе алмады, өйткені Мариупольді Ресей армиясы он шақты рет орап, жауып тастаған. УР Президенті кеңсесінің кеңесшісі айтқандай, осы қуатты блокаданы бұзып-жарып өту үшін шабуылдау құралдары – қаптаған танктер мен әскери ұшақтар қажет, ол Украинада жоқ. 

Зеленскийдің әскери ұшақтарды сұрауына НАТО тек кеңестік ұшақтардың запастық бөлшектерін және құрауыштарын ғана жіберген.

CNN хабарлауынша, сол арқылы Украина бұзылып тұрған 20 әскери ұшағын жөндеп, қатарға қосты. Бұл әрине, теңіздегі тамшыдай ғана.

Елі мен жерінің үлкен бөлігінен айрылу қаупі күшейгенін сезіп, зар илеген, зыр жүгірген Зеленский Ресейге қарсы санкция енгізген G7 елдерінен – АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Италия және Канада елдерінен 50 миллиард доллар қаржылық көмек сұратты. Алайда "Үлкен жетілік" елдері тек 24 млрд доллар көмек ұсынатынын аңдатты. Оның өзі дәл қазір емес, 2022 жыл бойында берілмек. Демек тағы уақыт ұзайды.

Немістің Bild басылымының хабарлауынша, Германия Үкіметі Украинаға жіберілетін әскери көмек тізімінен барлық ауыр қару-жарақты сызып тастаған. Осының алдында ГФР-дің әскери-өнеркәсіптік кешенінің өкілдері қысқа және ұзақ мерзімде Украина сұратып отырған ауыр қару-жарақ пен техниканы жеткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Бұл ретте Bild украиналық және германиялық тізімді өзара салыстырыпты. Киев мысалы, "Leopard" танктерін, "Fuch", "Puma", "Marder", "Boxer" БТР-ларын, "Milan" және "Spike" секілді танкке қарсы зымырандарын, дүркін атыстың реактивті жүйелерін беруді өтінді.

Неміс өнеркәсібі осы тізім бойынша наурыз айында қару-жарақ пен техниканы, тіпті Leopard 2 заманауи танктерін, IRIS-T зениттік-зымыран кешендерін экспортқа әзірлей бастайды. Алайда ақпарат агенттіктерінің жазуынша, канцлер Олаф Шольц кеңсесі оның бәрін тізімнен алғызып тастапты. Тізім 48 беттен 24 бетке күрт азайтылған. Германия Үкіметі 1 млрд еуро тұратын көмек бөлінетінін хабарлаған, алайда жіберуге дайындағаны 307 млн еуроны ғана құрайды. Одан басқа қару жіберу мүмкін болмайтыны жарияланды.

Қарша бораған сынға жауап берген канцлер Олаф Шольц АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді басқа елдер ауыр қару-жарақ пен техниканы ұсынбағанын, сондықтан Германия да оған бармайтынын мәлімдеді. Шынында, Ұлыбритания, Австралия, Нидерланды, Словакия, Балтық елдері, ішінара АҚШ ауыр техника жіберіп жатыр.

В. Путиннің бұрынғы кеңесшісі, ресейлік "Экономикалық талдау институтының" президенті Андрей Илларионов жаумен жанқиярлықпен соғысқан Украинаның тез жеңгенін НАТО елдері қалап отырған жоқ деген теорияны жақтайды.

"Әрине, НАТО-ның көшбасшысы Америка Украинаға 800 миллиондық бірнеше әскери көмек топтамасын берді. Украина осы көмекпен шешуші шайқас кезеңіне кіріп отыр. Бұл аз ба, көп пе? Кейбір сарапшы НАТО Украинаны басынан бақайшағына дейін мұздай қаруландырғандай көреді. Шынында олай емес, оны салыстырудан көреміз. Мысалы, Ауғанстандағы 20 жыл соғысы кезінде АҚШ-тың бірнеше президентінің әкімшіліктері ауған армиясына жалпы сомасы 83 миллиард долларға ауыр қару-жарақ, соғыс техникалары мен оқ-дәрілерді берді. Бұл ретте ауған армиясы өзге державамен емес, ауыр қаруы жоқ тәліптерге қарсы күресті", – деді А. Илларионов. 

Оның мәліметінше, 83 млрд доллар әскери көмек сыртында Ауғанстанға Американың төл әскері, НАТО бойынша одақтастар әскері өз қару-жарақ, ауыр техникаларымен барды. Оларды осы жылдар бойы ұстап тұру үшін тек АҚШ бюджетінен 2 триллион доллар шығындалған. Кейін кеткенде, қаруларын, тіпті ұшақтарын қалдырды.

"Осыдан-ақ салыстырыңыз. Негізінен пулемет-автоматпен қаруланған тәліптерге қарсы осынша қару төкті. Ақыры не болды? 2021 жылғы шілдеде Байден АҚШ әскерін толық Ауғанстаннан шығарып әкетті. Ауғанстанның ресми билігі де, армия да екі күнде құлады. Тәліптер ең заманауи қаруларға қол жеткізді. Ал Украина әлемдегі екінші армияға қарсы тұруда. Бұл ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі әскери шиеленіс! НАТО-ның қуатты көмегі қайда?", – деді Андрей Илларионов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу