Батыстың санкциялары Еуразиялық одақты құртып тынуы мүмкін

1940

Сарапшылардың айтуынша, егер АҚШ санкциялардың ең бір ауыр тетігін іске қосса, Ресейдің өзі ғана емес, онымен алыс-беріс жасап отырған одақтастарына жойқын соққы берілмек. 

Батыстың санкциялары Еуразиялық одақты құртып тынуы мүмкін

Ақпарат құралдары РФ Қаржы министрлігіне сілтеме жасап, Украинамен қарулы қақтығыстың "бағасын" жариялады. 1 сағат соғыс миллиард рубльдей тұрады. Бұл тек қорғанысқа жұмсалып жатқан шығыс қана! Сәуір айында федералдық бюджет "ұлттық қорғаныс" бағдарламасы бойынша 628 млрд рубль шығындапты. Соғыс машинасы орта есеппен күніне 21 миллиард рубль "жеп" отыр. Ресейлік басылымдардың салыстыруынша, бұл сома Қалмақия немесе Еврей автономды облысы секілді өңірлердің жылдық бюджетіне пара-пар.

Ведомствоның ресми есебінен байқалғандай, шапқыншылық қарсаңында да солтүстік көрші әскери қажеттіліктерге шығысын күрт арттырған. 2022 жылғы қаңтарда 233,7 млрд рубль бағыттады. Ақпанда, яғни ондаған мың қол, қаһарлы қару-жарақтың небір түрі Украинамен шекараға қарай лек-лекпен жөнелтіліп жатқан шақта, әскери шығыстар бірден 136 млрд рубльге көбейіп, 369 миллиардқа жеткен. Оккупациялау белсенді кезеңіне шыққан наурызда соғыс шығынын бұдан тағы 81 миллиардқа ұлғайтып, 450 млрд рубльге дейін жеткізуге тура келіпті.

Артынша Ресей армиясы алға жылжи алмай, "батпақтап" қалды, адами және техникалық шығыны артты. Тиісінше, соғыс та қымбаттап барады. Сәуірде осы 450 межесін тағы 178 млрд рубльге (628 млрд) көтеруге мәжбүрленген.

Қорыта айтқанда, тек қаңтар-сәуір айларында ғана Мәскеу соғысқа  1,681 триллион рубль шығындады. Бұл федерацияның бүкіл өңірлеріндегі білім беру саласына (517 млрд рубль) және денсаулық сақтауға (615 млрд рубль) арналған бюджетінен үш есе, ал қоршаған ортаны қорғауға бөлінген қаражаттан (167 млрд) 10 есе көп көрінеді.

Ресейлік экономист Сергей Гуриевтің байламынша, Ресей "арнайы әскери операциясын" осы қарқынмен тағы бірер ай жалғастыра алады. Себебі РФ қазынасына тек шикізатты сатудан айына 1 триллион рубль түсім құйылады. Дегенмен соғыс бәрібір ресейлік экономиканы "жүрелетіп" кетуі ықтимал. Өйткені шикізат экспорты барған сайын шектелуде. Ал одан түсетін салықтық түсімдерді Ресей тек әскери шығындарға жұмсай алмайды. Мемлекет өмір сүруі керек, жалақы, жәрдемақы, зейнетақы төлеуі, салаларды субсидиялауы қажет. Әскери шығынның әрі қарай өсуі бюджеттің тақұл-тұқыл түгесілуіне соқтырмақ.

Соның алғашқы көрінісіндей, ұзақ жылдар бойы тек қана профицитті болып келген ресейлік федералдық бюджет сәуірде дефицитті болып, тапшылыққа тап болды. Үкіметтің кірісі шығысынан 262,3 млрд рубльге аз болып шыққан. Өзге елдер мұндайда халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан кредит алып, тапшылықты "жабады". Ресейге алпауыт ұйымдардың ешқайсысы көмекке келмейді. Сондай-ақ Ресейдің 300 миллиард доллар халықаралық резервін Батыс бұғаттап тастаған.

РФ Қаржы министрі Антон Силуанов мұндай қарқынмен Ресей қазынасы "терең минусқа" кететінін жасырмады. Жыл соңына қарай дефицит 1,6 триллион рубльден асуы мүмкін екен.

Оның үстіне Украина және оны қолдаушылар Ресей экономикасын әбден күйретуге күш салып жатыр. Бұл ретте "Ресеймен сауда-саттық жасаушылар соғысты қаржыландырады" деген "қарғысқа" бергісіз ұран қолданылады. Шынында, көрші шикізат сатудан ай сайын табатын триллион рубльдің үлкен бөлігі әскери шығыстарға кететіні құпия емес.

"Украинаның азап шеккен халқы өркениетті әлемнің оған көмектесу үшін барын салып жатқанын көруі керек. Осы орайда Ресейді "терроризмнің демеушісі" деп тану – біздің Украинаға деген қолдауымыздың бір тетігіне айналады. Мен бұл жолда АҚШ Сенатындағы әріптестеріммен тізе қоса қимылдаудамын. Бұл бастаманың авторларының бірі сенатор, сот жүйесі жөніндегі сенаттық комитеттің төрағасы Линдси Грэм. Ал Өкілдер палатасында бұл идеяны біз Калифорниядан сайланған демократ Тед Льюмен бірге ұсындық. Осылайша, бұл – қос партияның кең ауқымды бастамасы болып табылады", – деді журналистерге сұхбатында АҚШ конгресмені Джо Уилсон.

Оның айтуынша, Ресейді "терроризмнің демеушісі" деп танудың нәтиже-эффектісі ғаламат болады.

"Бұл санкциялар ішіндегі ең бір ірісі. Өйткені содан кейін Ресейдің одақтастарына, яғни онымен сауда-саттық жасайтындарға да санкция салынуы мүмкін. Ондай мемлекет "терроризм спонсорының одақтасы" болып танылады. Ресеймен алыс-беріс жасауға эмбарго енгізіледі. Бұл – кең ауқымды шаралар. Ол сондай-ақ ресейлік олигархтардың активтерін тұтқындауға заңды негіздер түзеді. Нәтижесінде, терроризмді қаржыландырушы мәртебесіндегі мемлекет әлем елдерімен сауда жасай алмай қалады. Бұл талапты бұзған мемлекет идентификацияланады және АҚШ, өз одақтастарымен бірге ол елдермен де сауда-экономикалық байланыстарын, инвестициялық қызметін доғарады", – деді конгресмен Джо Уилсон.

Американың қос палатасына Ресейді "лаңкестікті демеуші ел" деп тану туралы қарар-резолюцияның жобасы енгізілді. Сенатта құжат авторы – республикалық партияның депутаты Линдси Грэм (Lindsey Graham) мен демократиялық партия өкілі, сенатор Ричард Блюменталь (Richard Blumenthal), ал Өкілдер палатасында – республикалық Джо Уилсон (Joe Wilson) мен демократ Тэд Лью (Ted Lieu) саналады.

АҚШ-та жүрген қазақ экономисті Марат Ерғозин құжаттың кейбір тезистерімен танысып шығыпты.

"Мен Ресейдің соғысына қарсы адаммын, бірақ мұндай құжаттың пайда болуы алаңдатады. Әрине, оның қабылдануы неғайбыл, бұл қарар қабылданғанның өзінде, соңғы сөз Ақ үйде болады. Америка әр жылдары тек төрт елге ғана "терроризмнің демеушісі" мәртебесін берді, бұлар – Куба, Иран, Сирия және Солтүстік Корея. Олардың барлығының экономикасы жайрап қалды. Мысалы, бүгінде Иранда ашыққан адамдар бас көтеріп, бүлік басталып жатыр. Егер Ресейге осы мәртебе берілсе, Қазақстан онымен сауда-саттығын бірден тоқтатуға мәжбүр болмайды. Бірақ әрбір экспорты бойынша батыс жаққа қарайлауға тура келеді. Мысалы, мол уранымызды, одан жасалған отынды Иранға сата алмай отырмыз. Егер Ресей лаңкестерді демеуші деп танылса, онда Еуразиялық одақ улы (токсичный) ұйымға айналып, мүшелеріне зиян келтіруі ғажап емес", – дейді сарапшы.

Ол Ресей – Қазақстанның №1 сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру, отандық кәсіпорындардың жарғылық капиталына қатысу жөнінен де Ресей бірінші орында.

Сарапшының айтуынша, Ресейді "лаңкестікті демеуші" деп тануға қатысты ұсыныстар Конгреске бұрынғы жылдары да бірнеше рет енгізілген екен. Ұлыбританияда Скрипальдер отбасы, бертінде Алексей Навальный уланғанда, Мәскеу Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдайтыны анықталғанда осындай бастама көтеріліпті. Әйткенмен Ақ үй Кремльмен келіссөз өрісін сақтау үшін ондай шетін шараға бармады. Бұл жолы алғаш рет осындай қарарды бірден қос палата және бірден көшбасшы қос партия ұсынып отыр.

АҚШ Мемдепартаментінің ресми түсініктемесінде айтылғандай, лаңкестікті қаржыландырушы мемлекет санкциялардың негізгі 4 санатына ілігеді: шетелдік көмек шектеледі; қорғаныс өнімдерін сатуға және экспорттауға тыйым салынады; қосарлама мақсаттағы тауарлардың экспортына бақылау енгізіледі; түрлі қаржылық және басқа да шектеулер іске қосылады.

Бұдан бөлек, "терроризмді демеуші ел" (ТДЕ) мәртебесі әдетте ол мемлекетпен өзге елдердің қарым-қатынастарының қатты шектелуіне соқтырады. Дүниежүзілік банк және басқа да қаржылық ұйымдар ондай статусы бар "әйкәпір" елге кредит бермейді, сонымен бірге оның одақтасына қаржылай көмек беруден де аяқ тартуы мүмкін. 

ТДЕ-мемлекеттің тіпті елшілерінен дипломатиялық иммунитет алып тасталуы мүмкін. АҚШ бұл "қара тізімдегі" елдердің үкіметтерімен арада қаржылық операция жүргізуге тыйым салады.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына салмақты нұқсан келтіреді дейді.

"Ресейге географиялық жақындығын, тығыз сауда және қаржы байланыстарын, Ресейден ақша аударымдарына және туристеріне тәуелділігін ескерсек, Орталық Азия елдері бұл тұрғыдан барынша осал елдер саналады. Бұған олардың ұлттық валюталарының РФ рублінің айырбас бағамына тәуелділігі қосылады", – деді ұйымның Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері департаментінің директоры Джихад Азур.

Ол аймақ елдерінде инфляцияның күш алуы, ал экономикалық дамудың тежелуі мүмкін екенін болжады.

Еуразиялық одақты құрғанда, 2014 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Ресейді "біздің алып мұхитымызға" теңеген еді. Дегенмен экономист М.Ерғозиннің айтуынша, Ресей нарығынан айырылу экономикаға ауыр болғанымен, Қазақстан құрдымға құламайды.

2021 жылы Қазақстанның стратегиялық, ірі сауда серіктестерінің бестігіне Ресей (24,2 млрд доллар, өсім 23,9%), Қытай (18,1 млрд доллар, 17,9%), Италия (9,6 млрд доллар, 9,5%), Нидерланды (4,6 млрд долларов, 4,5%) және Түркия (4,1 млрд доллар, 4%) кіреді.

Алайда таяуда, 10 мамырда Анкараға мемлекеттік сапармен барған Президент Қ.Тоқаев Түркиямен арадағы тауар айналым ауқымы 5 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Жалпы түрік елі ғажайып серпінді паш етуде. Мысалы, 2018 жылы ғана алыс-берісіміз небары $1,9 млрд болған және республикамыздың басты сауда серіктестері арасында Түркия 13-орында орналасқан. Ал 2019 жылы өзара сауда-саттық 3,1 млрд долларға, рейтингтегі орны – 7-ші тұғырға дейін жоғарылады. Сапар аясында Тоқаев пен Ердоған бұл көрсеткішті алда 10 миллиард долларға жеткізуге уағдаласты.

Болашақта Түркияның тіпті көшбасшы серіктесімізге айналуға әлеуеті жетерлік. Мысалы, қазір түріктер шамамен 2 млрд долларға қазақ мұнайын сатып алады. Санкциялар кесірінен, Ресей арқылы әлемдік нарыққа мұнай жеткізу барған сайын күрделенуде. Жыл соңына қарай Ресей арқылы мұнай экспортына эмбарго енгізілуі ықтимал.

Бұл тұйықтан да елді түрік бауырлар құтқаруы мүмкін.

"Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды кірістік. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды", – деді Президент Анкарадағы қазақ-түрік іскерлік форумында.

Мемлекет басшысы "жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артқанын" жариялады. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының дерегінше, Ресейге соқпай, оны сырт айналып өтетін бұл халықаралық дәліз Қытайдан басталып, Қазақстан территориясы және Каспий айдыны арқылы Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға, сондай-ақ Қара теңіз арқылы Еуропа елдеріне жүк ағынын жолға қойды. Болжам бойынша биыл онымен тасымал көлемі 6 есеге артып, 3,2 миллион тоннаға жетеді. Қазірдің өзінде контейнерлік тасымал 2 есе – 50 мың контейнерге дейін өсіпті.

Қалай болғанда, Қазақстан басшылығының бос уайымға салынып, қамсыз отырмағаны байқалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу