Баяндама: Ресей қаруы шетелдік технологияға өте тәуелді

4254

Кемінде 27 қару жүйесіне аса қажетті 450 компонент Батыс пен Шығыс Азияда жасалатыны анықталды. Британдық зерттеушілердің сөзінше, шетелдік электроника болмаса, Ресейдің қаруы темір-тесек үйіндісіне айналуы мүмкін.

Баяндама: Ресей қаруы шетелдік технологияға өте тәуелді

Дүйсенбіде Украинада Ресей армиясы қолданып жатқан құрал-жабдықтардың қалдықтары мен сынықтарына жүргізілген зерттеу нәтижесі жарияланды.

"Кремнилік құтқарушы: батыстық электроника Ресей әскери машинасының жүрегінде" атты баяндамаға жүгінсек, ресейлік әскери жүйелер АҚШ-та, Еуропада және Шығыс Азияда жобаланған, өндірілген микроэлектроника компоненттеріне қатты тәуелді.

Қорғаныс пен қауіпсіздік проблемаларын зерттеумен айналысатын Лондон Корольдік Бірлескен Қызметтер институтының (RUSI) есебінде 27 қару жүйесі тексерілгені айтылады. Солардың ішінде Путиннің әскері ақпанда Украинаға басып кіргеннен бері қолданып жатқан заманауи қанатты зымырандар мен дрондар және "Искандер", "Торнадо-С" ракеталары бар. Бұл жүйелердің жұмыс істеуіне маңызды саналатын кем дегенде 450 құрамдас бөлшек табылды. Олардың бәрі шетелде шығарылыпты.

РФ президенті соғыс басталғаннан бері отандық өнеркәсібінің шетелдік технологияға тәуелділігін мойындап, маусымда электрониканы патент иесінің рұқсатынсыз импорттауға рұқсат беретін заңға қол қойды. Ал жартылай өткізгіштер мен қос мақсатта пайдаланылатын технологияларды (әскери, коммерциялық) сатуға тыйым салатын халықаралық санкциялардың көздегені – Ресейдің мұндай жабдықтарды қару-жарақ жасауға қолдануына жол бермеу.

RUSI мәліметтері бойынша, Украинада тез жеңіске жету жоспары жергілікті әскердің қарсылығынан сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Ресей армиясы үлкен көлемде отты қаруын пайдаланды. Енді сол шығынның орнын толтыру жолында Мәскеу қиындықтарға душар болуы мүмкін. Өйткені кейбір қару түрлеріне қажетті компоненттерді отандық өндірушілер жасауға қабілетсіз.

"Бұл бағытта дұрыс саясат жүргізілсе, Ресейдің әскери әлеуеті тұрақты түрде құлдыратуға болады", – деп жазады RUSI сарапшылары Джеймс Бирн мен Гари Сомервилл.

Ресейлік қару-жарақтан табылған жабдықтардың көп бөлігін АҚШ-тың компаниялары қамтамасыз еткен. Сонымен қатар Жапония, Тайвань және Еуропа одағы да РФ-ге көптеген материалдар берген.

Аталған баяндамада айтылғанда, кейбір құрамдас бөліктер – 1980 жылдары шығарылған микроэлектроника болса, өзгелері Ресейге қауіпсіздік агенттіктері басқаратын жасырын желілермен жеткізілуі мүмкін.

RUSI бірқатар шараларды, соның ішінде экспорттық бақылауды күшейтуді, Ресейді қолдайтын мемлекеттерде лицензия бойынша сезімтал микроэлектроника өндірісін доғаруды және Ресей әскери күштерін қайта қаруландыруға жол бермеу үшін бақылаудағы тауарларды өзге мемлекеттер арқылы Ресейге жеткізуді тоқтатуға шақырып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу