"Базз Лайтер" анимациялық фильмі неге қоғамымызды екіге жарды

2152

Посткеңестік ескі әзілде айтылатындай, қызтекелермен күресте Кеңес одағы оңбай жеңіліп, күйреп тынды. Ал дәстүрлі емес отбасыларды насихаттайтын сюжеті бар "Базз Лайтер" мультфильміне Қазақстанда тыйым салынуы қоғамда қызу пікірталас өртін лаулатты.

"Базз Лайтер" анимациялық фильмі неге қоғамымызды екіге жарды

14 шілдеде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook парақшасында шағын ғана хабар жариялап, қоғамда дүмпу туғызды. 

"Ел азаматтары мен БАҚ өкілдері тарапынан шетелдік "Базз Лайтер" анимациялық фильміне қатысты көптеген сұрақ келіп түсті. Жауабымды осы пост арқылы жеткізуді жөн көрдім. Аталған картина Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейді. В ответ на многочисленные запросы граждан и СМИ сообщаю: прокат анимационного фильма "Базз Лайтер" на территории Казахстана осуществляться не будет", – деп қос тілде шорт кесті министр.

Сөйтіп "көгілдірлерге" қатысты халық арасындағы пікірталасты мемлекеттік мәселе деңгейіне шығарды.

Бұл хабар ел тағдырына, ұрпақ болашағына бей-жай қарамайтын ұлтжанды азаматтардың сүйінішін туғызды. Ал Алматыдағы либералды орта өкілдері министрді түтіп жеп қоя жаздады. Таяқтың бір ұшы америкалық анимациялық фильмге алғашқылар қатарында қарсы шыққан актер, режиссер Нұртас Адамбайға тиді. Сынаушылар оның өзі кезінде әйел болып киінгенін, еркек басымен келін-кепшіктің рөлін сомдағанын бетіне басты. Бұл ретте Нұртастың бүгінде дінге ден қойып, түзу жолға түскені назарға алынбады.

Мысалы, алматылық заңгер Ержан Есімханов осы оқиғаға бола, "Новый Казахстан, кажется, сломался. Несите старый. В старом хотя бы мультики не запрещали" деп қарадай түңілді.

Ал сарапшы, экономист Олжас Құдайбергенов таласушы тараптар бірін-бірі босқа айыптаумен елігіп кетті, сондықтан айтыс конструктивті арнаға оралғаны жөн деп санайды. Оның байламынша, Мәдениет және спорт министрлігі бұл қадамға мәжбүрліктен барып отыр.

"Мен негізі, Абаевты жақтырмайтын адаммын. Бірақ жақсының жақсылығын айт деген, ол өңірімізде қалыптасып отырған ахуалды жақсы түсінеді. Біріншіден, халық арасында қазақша сөйлейтіндер үлесі қарқынды артып келеді. Жас ұрпақтың 73%-ы биыл ҰБТ тапсыру үшін қазақ тілін таңдаған. Қазақы дәстүр бір жыныстылардың жұрт алдындағы сүйісін, сүйіспеншілігін насихаттауға қарсы. Екіншіден, бұл мұсылманшылдыққа қайшы, ал қазақ тілді халықтың басым көпшілігі исламды ұстанады. Үшіншіден, орыс тілділерге қарағанда, қазақ тілділер арасында протестік көңіл-күй мен әлеует әлдеқайда жоғары. Орыс тілділер өздерін мазалайтын мәселелер бойынша әзер дегенде 200-300 адамды жинайды. Ал қазақ тілділердің пассионарлық қуаты ғаламат. Құндылықтары, жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қатысты құқықтары аяққа тапталса, көшені адамға толтыра алатынын қаңтар көрсетті", – дейді сарапшы.

О.Құдайбергеновтың пікірінше, орыс тілді аудитория өкілдерінің конструктивті емес стильге көшіп, даулы анимациялық фильмге қарсы шыққан қазақ тілді ұлт жанашырларының ар-намысына, ұжданына тиісе сөйлеп, тілдеуі қос топ шиеленісінің тек өсуіне соқтырады. Яғни "Базз Лайтерді" қорғау арқылы демократияны қорғап жатырмын деп түйін түйгендер көрегендік емес, көргенсіздік танытып отыр.

Олжас Құдайбергенов маңызды бір жайтқа назар аудартты. Ислам үшін ЛГБТ да, жемқорлық та бір санатқа жатады. Сондықтан мұсылман қауымы бұл екеуімен де қатар күреседі.

"Екінің бірі біле бермейді, Исламда коррупциямен күреске ойып орын берілген. Құранның орысша аудармасында "нечестие" (азғындық) сөзі қолданылады. Ал ағылшынша тәржімасында "corruption" ұғымы алынған. Айырмашылығы бетке ұрып тұр: "азғындықты таратпаңдар" немесе "коррупцияны таратпаңдар". Құранда "коррупцияның" тар және кең ұғымы бар. Мәселен, пара алғандар, бергендер, соған делдал болғандар қатаң жазаланады. Бұл арабша ұғым сондай-ақ басқа да адами азғындықтарды сидырады. Көптеген аят соған арналған. Айталық, қоршаған ортаға және қоғамдық құндылықтарға зиян-залал келтіру де соған жатады. Мұсылман жамағатының жемқорлыққа, қоғамның азғындалуына, ЛГБТ-ның насихатталуына және басқасына белсенді қарсы тұруы осыдан", – деді сарапшы.

Оның пайымдауынша, мұсылман дінін ұстанатын қазақстандық жамағат арасында коррупционерлерге, яғни табиғатқа, адам мен қоғамға, құндылықтарға азғындық жасаушыларға қарсы нөлдік төзімділікті енгізе алсақ, Жаңа Қазақстан тез құрылады. Коррупцияның кез келген көріністерімен күрес – асыл дінімізде сауап саналады.

Яғни діни құндылықтарды дұрыс арнаға бағыттау – мемлекеттің күн тәртібіндегі басты бір мәселе. Әйтпесе, билік тек орамал таққан оқушы қыздармен күресумен, әрі кетсе, жаһандық діни съез өткізумен ғана шектеліп жүр. 

Осы орайда қоғам белсендісі, қыздар мен әйелдердің орамал тағу құқығын қорғап жүрген Иман Қуанышқызы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа хат жолдап, қызықты сауал қойды.

"Үлкен медициналық энциклопедияның бірінші, екінші және үшінші басылымдарында да гомосексуализм, педофилия, зоофилия, фетишизм – жыныстық азғындалуға жатқызылған. Қазақстанның медицинасы осы ұстанымды ұстанып келген. Бүгінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі өз жұмысында аталған саралау-классификация мен номенклатураны ұстана ма? Басқаша айтқанда, қазір гомосексуализм, педофилия және басқасы сол бұрынғыдай жыныстық азғындалу болып санала ма?", – деп сұрады өтініш иесі.

Министр А.Ғиният бұған жауап ретінде ресми блогында ДСМ-нің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің түсініктемесін орналастырды. Онда Денсаулық кодексінің 167-бабының 2-бөліміне сәйкес, кез келген психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылық, ауру туралы диагнозды тек аурулардың халықаралық сыныптамасының критерийлеріне сәйкес психиатр-дәрігер ғана анықтайтынын еске салды. Мұндай диагноз әр адамға жеке қойылады.  

Яғни кеңес заманындағы сияқты дәстүрлі емес жыныстық қатынастарға әуестерді психикалық бұзушылығы бар адам деп жаппай танып, "психбольницаға" тоғыту тәжірибесінен тәуелсіз Қазақстан бас тартты.

"10-шы рет қайта қаралған Аурулардың халықаралық сыныптамасына (МКБ-10) сәйкес, бүгінде сексуалды ориентация бұзушылыққа жатпайды. Бірақ егер гетеросексуалды, гомосексуалды немесе бисексуалды жыныстық бағдарлығы жыныстық серігімен қатынас жасаудағы қиындықтарға себеп болса, бұл F66.2 диагнозын қоюға негіз болады. Бұл диагноз "Жыныстық дамуымен және бағдарлық-ориентациясымен байланысты психологиялық және мінез-құлықтық бұзылушылықтар (F66)" дап аталады. Себебі ол сексуалды қатынастардың бұзылуына соқтырады. Ал МКБ-10-ға сәйкес, педофилия (F65.4), фетишизм (F65.0), сондай-ақ парафилия (зоофилия) "Жыныстық іңкәрліктің (артық көрудің) бұзылуы (F65)" аурулар тобына кіреді", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Тиісінше, енді ЛГБТ-мен медицина күреспейді. Дәстүрлі емес отбасылардың насихатталуымен күрес тек қоғамдық-саяси саланың еншісінде қалып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу