Бедеу әйел мен белсіз ер – өзге ғаламшарлық емес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10693

Шаңырағында сәби үні шықпаған отбасыларға қуаныш сыйлау үшін жасанды ұрықтандыру квотасын арттыру керек.

Бедеу әйел мен белсіз ер – өзге ғаламшарлық емес Фото: ratel.kz

Астанада "Репродуктивті медицинадағы жаңалықтар: аз шығынды экстракорпоралдық ұрықтандыру және онкологиялық науқастардың фертильділігін сақтау" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға қатысқан экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келген қазақстандық тұңғыш баланың авторы, адам ұрпағын өрбітуге арналған "Экомед" клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова және Астана қаласындағы "Экомед" клиникасының медициналық директоры, репродуктолог Алмаз Ибрагимов журналистердің сұрағына жауап берді.

ЭКҰ әдісі қаншалықты тиімді?

Алмаз Ибрагимов: Қазір белсіздік пен бедеулік әлем бойынша өзекті проблемаға айналды. Қазақстанда да өткір тұр. Бүгінде еліміздегі әрбір бесінші отбасы бала сүйе алмау қиындығына тап болады. Егер отбасын құрған жұп жұбайлық өмірдің алғашқы бір-екі жылында балалы болмаса, жеделдетіп бұл проблеманы шешудің қамына кіріскені жөн. Уақытты босқа өткізуге болмайды.

Біз ЭКҰ әдісімен ғана емес, әр клиенттің жағдайына қарай отырып, басқа да әдістерді қолданамыз. Десе де, ЭКҰ әлем бойынша ең тиімді әдіс болып саналады. Бұл әдіспен жасалған бір ғана әрекеттің нәтижесіндегі жүкті болу мүмкіндігі қазір 40-60%-ды құрайды. Яғни, өте сенімді жол. ЭКҰ әдісін ойлап тапқан ғалымның Нобель сыйлығына ие болуы да сондықтан.

Салтанат Байқошқарова: Бұл әдіспен бала сүю мүмкіндігі бастапқыда 10-15%-ды ғана құраған болатын. Одан кейін ғылым, технология жетілдірілді, өзгерді. Соның нәтижесінде бала сүю мүмкіндігі 60%-ға дейін жетті. Әлемде "Ақылды әдістер" дүниеге келді.   

Біз әлемнің маңдайалды орталықтарымен тығыз байланыс орнаттық. Бұл бағыттағы жұмыс осыдан 8 жыл бұрын басталған еді. Бүгінде өз жемісін беруде. Біз дәрі-дәрмекті қолдануды мейлінше азайтудың және мүлдем қолданбаудың жолдарын қарастырудамыз. Мұның бәрі ЭКҰ әдісінің қолжетімділігін арттырады. Өйткені, препараттардың ЭКҰ әдісінің толық циклды бағдарламасында алар үлесі көп. Яғни, шығынның көп бөлігі дәрі-дәрмекке жұмсалады.

Аталған әдіспен ұрықтандырудың бағасы қанша?

Алмаз Ибрагимов: Мемлекет жыл сайын белгілі бір мөлшерде квота бөледі. Мәселен, 2018 жылға 900 квота бөлінді. Бұл аз, әрине. 900 квота халық санына қарай әр облысқа бөлінеді. Бала сүйе алмай жүрген отбасылар мемлекеттік квотаға қол жеткізуі үшін кезекке тұруы керек. ЭКҰ әдісімен ұрықтандырудың бағасы орташа есеппен 500-800 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға қажетті дәрі-дәрмектердің бағасы да енеді. Перпараттарға 400-500 мың теңге жұмсалады. Соңғы жылдары дәрі-дәрмек бағасы 2-2,5%-ға қымбаттап кетті. Ал ЭКҰ әдісінің өзіне небары 300 мың теңгедей ғана қажет. Сонда, қаржының көбін дәрі-дәрмек жұтып алып тұр.  

Салтанат Байқошқарова: Бәрінен бұрын жұртшылық жасанды ұрықтандыру туралы хабардар болуы керек. Біз басымдық беріп отырған бағыттың бірі – ақпараттық насихат жұмыстары. Өйткені, ештеңе білмейтін және дәрігерге сенбейтін адам – ең қиын пациент. Мұндай адамдармен жұмыс істеу қиын. Германиядағы клиникалардың бірінен оқығаным бар еді: "Біз үшін ең жақсы пациент – ақпарататтандырылған пациент". 

Жасанды ұрықтандырудың бағасын арзандатуға бола ма?  

Салтанат Байқошқарова: Бұрын барлық пациентті бір ғана стандартпен емдейтінбіз. Дәрі-дәрмектің бәрін бірдей етіп беретінбіз. Кейін "Осы әдіс қаншалықты тиімді?" деп ойлана бастадым. Өйткені бір әйелде бір ғана ұрық барын көріп, біле тұра оған несіне көп дәрі береміз. Бұл – айтарлықтай шығын. Біз бір ұрықтың ғана шығатынын біліп тұрып, көп дәрі қолданып келіппіз. Кейін осы ойымды шетелдік ғалымдарға айттым. Сөйтсем, мен сияқты ойлайтын адамдар жетерлік екен.  

Квота санын арттыру жоспарланып отыр ма?

Алмаз Ибрагимов: Бұл мәселе үкімет деңгейінде шешілуі керек. Жалпы, квота саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2010 жылы небары 100 квота ғана бөлінсе. Биыл 900 квота қарастырылған. Былтыр да 900 квота бөлінген болатын.

Еліміздің экономикалық жағдайы жақсарған сайын, мемлекеттен бөлінетін квота саны да ұлғая береріне сенімдімін. Егер біздің мемлекет медициналық сақтандыруға көшетін болса, бір балаға зар боп жүрген отбасылардың мүмкіндігі артады. Өйткені медициналық сақтандыру арқылы ЭКҰ-ға жұмсалатын шығынды өтеуге болады.

Салтанат Байқошқарова: 2010 жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға мемлекет тарапынан квота бөліне бастады. Квота саны жыл сайын өссе де, аздық етеді. Отбасылар өз кезегін жылдар бойы күтуге мәжбүр. Кезекте тұруға екі-үш жыл уақыт кетсе, әйел мен ердің бала сүю мүмкіндігі де төмендей береді. Ал арада біршама уақыт өткізіп алудың салдарынан ЭКҰ әдісінен нәтиже шықпауы да ықтимал. Сондықтан қыз-келіншектер ертерек қимылдауы керек. Себебі, жас кезде дәрі-дәрмектің бәрін қолданудың қажеті жоқ. Әр адамның жағдайына қарай отырып қолданылады. Осылайша, шығынды азайтуға жол ашылады. Яғни, дәрі-дәрмектің санын азайту арқылы ЭКҰ әдісін қолдану бағдарламасының құнын арзандатуға әрі қолжетімді етуге болады.  

Сонда квотаны қанша есе арттыру керек?

Салтанат Байқошқарова: Елдегі сұранысты өтейміз десек, он есе арттырса да артық болмайды. Бала сүйгісі келетін отбасылар өте көп. Өкінішке қарай, олардың қаржылық жағдайы бұған мүмкіндік бермейді. Оның үстіне бір мүмкіндік орташа есеппен 30-40%-дық жағдайда ғана нәтиже беруі мүмкін. Жалпы, ЭКҰ әдісімен 100% бала туылады деп кесіп айту дұрыс емес. Өйткені бұл табиғи жағдайда да мүмкін емес.

Міндетіміз – ғылым арқылы баласы жоқ отбасыларға қуаныш сыйлау. Бізге сау адамдар келмейді. 10-15 жыл уақытын күтумен өткізген жандар көмек сұрайды. Қуаныштысы, қазіргі жастардың көзі ашық. Отбасылық өмірдің алғашқы бір-екі жылында бала болмаса, олар бірден клиникаларға жүгінеді. Міне, бұл – дұрыс қадам.

Жалпы, клиникаларға ертерек жүгінсе, әйелдердің ЭКҰ әдісінсіз-ақ бала көтеретін мүмкіндігі бар. Тек уақытылы емделу керек.

Квота көп бөлінсе, мәселе түбегейлі шешіле ме?

Салтанат Байқошқарова: Жоқ, әрине. Квотадан бөлек, білімді, сауатты, білікті репродуктолог мамандар да керек. Ал олар бізде өте аз. Сол себепті ел ішінде халықаралық ғылыми конференцияларды көптеп ұйымдастыруға тырысамыз. Мұндай шаралар – тәжірибе алмасу алаңы. Еліміздің кейбір қалаларында адам ұрпағын өрбіту клиникалары жұмыс істейді. Оларды білікті репродуктологтармен қамту өзекті мәселеге айналып отыр. 

Квота өңірлерге қандай жолмен бөлінеді?

Алмаз Ибрагимов: Өңірлерге бөлгенде біріншіден халық санына, екіншіден ЭКҰ әдісімен бала сүю үшін кезекте тұрған отбасылардың санына назар аударылады. Яғни, статистикаға көңіл бөлінеді. Мәселен, Астана қаласына 900 квотаның 60-80-і бөлінуі мүмкін. Елорданың үлесіне тиген квота ары қарай жергілікті мекемелер арқылы тағы да бөліске түседі. Міне, дәл осындай жолмен жалғаса береді. Қателеспесем, квотаның көп бөлігі Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысына беріледі. Өйткені аталған екі өңірде халық саны көп.

Елімізде мұндай іспен айналысатын қанша клиника бар?

Алмаз Ибрагимов: Астанада қолдан ұрықтандырумен айналысатын бес клиника жұмыс істейді. Олардың қатарында "Ана мен бала" орталығы, "Экомед", "Эколайф" сияқты клиникалар бар.

"Экомед" компаниясының Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау және Ақтау қалаларында клиникалары бар. 10 жыл бұрын Астанадағы "Экомед" клиникасында 8 адам ғана қызмет атқарса, қазір ұжымдағы қызметкерлер саны 60 адамға жетті. 2010-2012 жылдары бір айда ЭКҰ әдісінің 15 циклін жасасақ, қазір 150 циклге жеткіздік.

Клиника қызметіне жүгінушілер көбейіп келеді. Бұл Қазақстанда белсіздік пен бедеулік белең алуда деген сөз емес. Бұл отбасылардың қолдан ұрықтандырумен айналысатын клиникаларға деген сенімінің ұлғая түскенін көрсетеді.

Бұған дейін ел тұрғындары мұндай мәселе бойынша шетелге баруға асығатын. Ал қазір дәл сондай көмекті өз елімізде де алуға мүмкіндік барына көз жеткізуде. Біріншіден, өз елімізде емделу әлдеқайда шығынсыз. Екіншіден, психологиялық тұрғыдан жақсы.

Шет елден көмек сұрай келетін жандар бар ма?

Алмаз Ибрагимов: Әрине, бар. Әсіресе, поскеңестік елдерден келушілер көп. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Германия елдерінен емделуге келеді. Себебі Қазақстанда ЭКҰ әдісімен емделу бағдарламасының құны өзге мемлекеттермен салыстырғанда едәуір арзан. Тағы бір артықшылық – Қазақстан дәрігерлері клиенттер үшін қашанда ашық. Ал еуропалық тәжірибеде олай емес. Яғни, дәрігердің қабылдауына кіру үшін бірнеше ай кезек күтуге тура келеді.

Қазақстанда белсіздік пен бедеулік артып келе ме?

Алмаз Ибрагимов: Солай десе де болады.

Бұған не себеп?

Алмаз Ибрагимов: Өмір сүру дағдысының өзгеруі. Қазір жұмыстың көбі офисте атқарылады. Тамақтану тәртібі бұзылды. Табиғи өнімдер азайды. Адамдар стресске жиі ұшырайды. Экология да өз зиянын тигізуде. Тағы да басқа факторларды санамалап беруге болады. Белсіздік пен бедеулікке бір ғана фактор әсер етіп отыр деп айта алмаймыз. Кері әсер ететін фактор өте көп.

"Экомед" клиникасының көмегіне жүгінетін адамдардың орташа жасы қандай?

Алмаз Ибрагимов: Өкінішке қарай, көбінесе егде тартқан адамдар жүгінеді. Яғни, клиникаға келгенге дейін өз беттерінше емделіп, уақытты өткізіп алған адамдар көмек сұрайды. Олар ұзақ мерзімді ем-дом шараларын қабылдап, сондай-ақ киелі жерлерді аралап уақытты құр жіберіп алады. Сондықтан, "Экомед" клиникасының көмегіне көп жағдайда 35 жастан асқан адамдар жүгінеді.

Десе де, емделудің тиімді әдістері туралы ақпарат кең таралып, халықтың таным-түсінігі өзгерген соң, соңғы уақытта білімді, зиялы жастар да келе бастады. Олар уақытты босқа жоғалтқылары келмейді. Атап өтерлігі, ЭКҰ әдісін жас кезде қолданудың тиімділігі жоғары. Ал адам жасы ұлғайған сайын тиісінше мүмкіндік де төмендей береді.

2010 жылдары клиника көмегіне жүгінетіндердің шамамен 10-15%-ы 30 жасқа толмаған адамдар еді. Қазір бұл көрсеткіш 30-40%-ға жетті. Яғни, жас кезінде көмекке жүгінушілердің саны өсіп келеді. Олар ұзақ уақыт бойы емделудің тиімсіз екендігін ұғынуда. 

2017 жылы ЭКҰ әдісімен Қазақстанда қанша бала дүниеге келді?

Алмаз Ибрагимов: Тұтас елдегі ахуал туралы айта алмаймын. Астанадағы "Экомед" клиникасының статистикасын ұсына аламын. Статистикаға сүйенсек, біздің клиникада әр күн сайын 1-2 бала дүниеге келеді. Демек, жылына 300-500 сәби туады. Олардың ішінде егіздер де баршылық. Еске сала кетейін, бұл тек Астанадағы "Экомед" клиникасындағы жағдай.

Демек, мұндай әдіспен туған балалар саны өсіп келеді ғой?

Алмаз Ибрагимов: Иә. Әрине, бұл қадам елдің демографиялық жағдайына үлкен өзгеріс әкеледі деп айта алмаймын. Бірақ белгілі бір деңгейде өз үлесін тигізеді. Жалпы, баланы табиғи жолмен туғанға жетері жоқ. Біздің қызмет – бала сүйе алмай жүрген жандарға көмектесу.

Жасанды ұрықтандыру әйелдің денсаулығына зиян ба?

Алмаз Ибрагимов: Егер әйел барлық тексерулерден ойдағыдай өтсе, мүмкін деген қауіп-қатердің бәрі ескерілсе, ЭКҰ әдісінің адам денсаулығына зияны жоқ. Денсаулыққа зияны тиетін жағдайлар өте сирек орын алады.

Әйелдер мансап қуып немесе күйеуге шықпай жасын ұлғайтып алады. Жасының ұлғайғандығы кейін өзіне зиянын тигізеді. Негізі, балалы болудың ең оңтайлы кезеңі – 30 жасқа дейінгі шақ. Ал 30 жастан асқандардың мүмкіндігі азая береді. Ер адамның қауқары әйелдермен салыстырғанда ұзақ сақталады. Десе де, жігіттер де бала сүю қамын 35 жасқа дейін ойластырғаны абзал.

ЭКҰ әдісімен туған балалар ертең табиғи жолмен сәби сүйе ала ма?

Салтанат Байқошқарова: Әлбетте. Қисынға салып көрейік. Бір анадан 10 бала туса, соның бәрі бірдей бедеу я белсіз болмайды ғой. Арасында тек біреуі не екеуі ғана осындай қиындыққа тап болуы мүмкін. Бедеу мен белсіз адамның өзі дені сау ер мен әйелден туады емес пе?! Олар өзге бір ғаламшардан келген адамдар емес. ЭКҰ әдісімен дүниеге келген алғашқы қыздың бүгінде екі баласы бар. Ол екеуін де табиғи жолмен туған.  

Клиникалардың көмегіне кімдер жиі жүгінеді? Әйелдер ме, ерлер ме?

Алмаз Ибрагимов: Менің жауабым: 50-50. Ер адам белсіз болып, керісінше әйелде бәрі дұрыс болуы мүмкін. Мұндай жағдай 20%-ды құрайды. Ал 30-40%-ы әйелге байланысты. Яғни, әйел бедеу болады да, керісінше ер адамда бәрі дұрыс. Ал қалған 40%-ында кінә әйел мен ердің екеуінен қатар болады.  

Донорлық ұрықтандыру біздің елде қаншалықты дамыған?

Алмаз Ибрагимов: Мұндай қызмет әлемде кең таралған. Қазақстанда енді-енді танылып келеді. Ілгерілеу бар.

Қандай адамдар донор бола алады?

Алмаз Ибрагимов: Шәуетін беретін ер адамның жасы 18-35 жас аралығында болуы керек. Сыртқы келбеті келісті болуы шарт. Физикалық тұрғыдан дамыған, созылмалы ауру-сырқаудан аман, жаман әдеттерден аулақ болуы қажет. Шәуеттің бір порциясына берілетін өтемақы 30 мың теңгені құрайды. Ал жиынтық сыйақы 300-400 мың теңгеге тең.

Ооцит (аналық жыныс жасушасы) тапсыратын әйелдердің жасы 18-ден басталады және 30 жастан аспауға тиіс. Бұған дейін бір бала туған болуы керек. Баласының саулығына назар аударылады. Сәбиі кеуде ембеуі шарт. Сонымен қатар, донор әйел физикалық тұрғыдан дамыған, ауру-сырқаудан аман, жаман әдеттерден аулақ болуы қажет. Мұндай қадамға барған әйелдерге 150-350 мың теңге аралығында сыйақы беріледі. Медициналық тексерілу, дәрі-дәрмектердің бәрі клиника есебінен төленеді.

Донорды таңдаудың критерийлері қатаң. 100 ер адамнан тек бір-екеуі ғана жарамды болуы мүмкін. Донорлық ұрықтандыру арқылы бала сүйгісі келетін жалғыз басты қыздар біздің клиникаға жиі келеді. Жалғыз басты қыздардың үлесі барлық пациенттердің шамамен 10%-ын құрайды.

Салтанат Байқошқарова: Ер адамдардан донорлыққа жарайтындар өте аз. 100 адамның бір-екеуі ғана жарауы мүмкін. Ер адамнан ұрық алу оңай. Бірақ оны толықтай тексеру діңкені құртады. Ұрықты алған соң, ол крио банкте қатырылады. Егер жарамды болса, 6 ай карантинде тұруы керек. 6 ай ішінде донор қаншама анализ тапсырады. Осының бәріне олардың шыдамы жетпейді. Қысқасы, машақаты көп. Мен тек біздің елде ғана осылай ма десем. Санкт-Петербургтегі клиника 400 донордың ішінен екі адамды ғана таңдаған екен.

Жалпы донорлық – моральдық, құқықтық тұрғындан қиын процесс. Өзіме ерлі-зайыптылардың арасында жұмыс істеген тиімді. Үшінші адам қосылды дегенше, проблема туындады дей бер.   

Донор болғысы келетін адамдар көп пе?

Алмаз Ибрагимов: Өкінішке қарай аз. Донор туралы ақпарат құпия сақталса да, мұндай қызмет түрі жігіттерді ынталандырмай отыр.

Донорлық ұрықтандыруға деген елдің көзқарасы қандай?

Салтанат Байқошқарова: Түркияда тек бір ата-анадан туған бауырының ғана ұрығын алуға рұқсат берілген. Өз басым, соның өзіне іштей қынжылып тұрамын. "Осы қаншалықты дұрыс?" деген ой үнемі мазалайды. Ал мүлдем танымайтын бөгде адамның ұрығын алуға өз басым іштей қарсыласамын. Бірақ, таңдау – әр адамның өзінде. Өйткені заң бойынша рұқсат берілген. Сондықтан оны жасауға болады. Бірақ донорлардың саны аз.

Израильде донорлық ұрықтандыру анонимді түрде жүргізіледі. Яғни, барлық мәлімет құпия сақталады. Қазақстан да дәл осы жолмен жүріп келеді. АҚШ-та колледжде оқитын 20 жастағы қыздардың аналық жыныс жасушаларын пайдаланады.

Қазақстанда эмбриондар, аналық жыныс жасушалары, ер адамның шәуеті сақталатын крио банк жұмыс істей бастағанын білеміз. Мұндай банк қаншалықты қажет?

Алмаз Ибрагимов: Крио банкте эмбриондар, аналық жыныс жасушалары, ер адамның шәуеті қатырылады. Мұндай тәжірибе әлем елдерінің көбінде бар. Тіпті, крио банкте сақталған ұрықтан сәби сүйгендер де жетерлік. Жалпы, ұрықты қатыру – өте қымбат қызмет. Нақтырақ айтсам, бір процедураның бағасы 300-600 мың теңгені құрайды. Ұрықты 20 жылға дейін қатыруға болады. Тек оны ай сайын тиісті шараларды жүргізіп ұзартып отыру керек. Жылдар өтсе де, материалдың сапасы жоғалмайды.

Салтанат Байқошқарова: Крио банкте адамның эмбриондары сақталады. Мәселен, бір мүмкіндіктен 3-4 эмбрион пайда болуы мүмкін. Оның бәрі қолданылмайды ғой. Міне, крио банкте эмбриондардың артығын қатырып қоюға болады. Ол не үшін керек? Егер алғашқы мүмкіндік нәтиже бермесе, крио банкте тұрған өзге материалдарды пайдалануға мүмкіндік бар. Осылайша, әйел екінші мәрте тексерістен өтпейді. Дайын өнім пайдаланыла береді.

Донор болу табыс көзі бола ала ма?

Салтанат Байқошқарова: Табыс көзі деп айту дұрыс емес шығар. Десе де, донорға белгілі бір мөлшерде сыйақы беріледі. Мәселен, АҚШ-та донорларға берілетін сыйақы көлемі – 10 мың АҚШ доллары. Ал біздің елде көп болса 200-300 мың теңге мөлшерінде ғана. Ақша үшін осы қадамға баратындар бар. Бұған несие жабу, бала-шағаны асырау секілді факторлардың итермелейтіні анық. Бірақ донор болғысы келген адамның бәрі жарамды емес.

Біздің елде донорларға тапшылық бар ма?

Салтанат Байқошқарова: Тапшылық бар. Донорлық – ұзақ мерзімді процесс. Бұған алты айдай уақыт кетуі де мүмкін. Ал ақшадан қысылған адам мұншама уақыт бойы күтіп жүрмейді ғой. Сол себепті Қазақстанда донорлықты ынтыландыру деңгейі төмен. Сондай-ақ тұрғындардың бұл туралы таным-түсінігі де әлі өзгере қойған жоқ.   

ЭКҰ әдісімен дүниеге келген алғашқы қазақстандық баланың қазіргі жағдайы қалай?

Салтанат Байқошқарова: Ол қыз бала еді. 1996 жылдың 31 шілдесінде дүниеге келді. Бүгінде ол 22 жасқа толды. Қазіргі жағдайы өте жақсы. Бойы ұзын. Ақылды, білімді қыз боп өсті. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқып жатыр. 20 жасқа толғанда біздің клиникаға келіп, ұжымды құттықтап кетті. Сол кезде оған толық тексеру жүргіздік. Денсаулығы жақсы. Жыныстық мүшелері де жақсы дамыған. Оның табиғи жолмен бала туатын мүмкіндігі бар.

2010 жылы ЭКҰ әдісімен әлемдегі 5 миллионыншы бала дүниеге келді. Бүгінде олардың саны 6 миллионға жетті. Бұл әдістің қаншалықты тиімді екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. ЭКҰ әдісін ойлап тапқан ғалым 32 жылдан соң Нобель сыйлығына ие болды. Ал осы аралықта оның тиімді я тиімсіз екені зерделенді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу