Бейбітшілік сыйлығы соғысуға кедергі емес

3069

Эфиопия премьер-министрі, нобельдік лауреат Абий Ахмед Әли қолына қару алып, көтерілісшілермен күрес жүргізу үшін майдан шебіне аттанды.   

Бейбітшілік сыйлығы соғысуға кедергі емес

Сәрсенбі күні Эфиопия үкіметі мәлімдегендей, Нобельдің бейбітшілік сыйлығының жүлдегері мемлекет астанасына жақындап қалған көтерілісшілердің бетін қайтару үшін "шаһид болу қажет" деп соғысқа аттанып кеткен.

Дегенмен 45 жастағы бұрынғы солдаттың соғыстағы бірде-бір суретін жергілікті ақпарат құралдары әзірге жарияламай отыр. Баспасөз хатшысы журналистерге премьердің нақты қайда жүргені жайлы толық мәлімет беруден бас тартты. Ал үкіметтегі бір өкілге сенсек, Абий Ахмед сейсенбі күні майдан шебіне жеткен.

Эфиопия федералдық әскері мен оның одақтастары қазір Тиграй аймағындағы көтерілісшілермен соғысып жатыр. Бұл шайқаста ондаған мың адам қаза тапты. Қарулы жанжал өршіп бара жатқандықтан, Франция, Германия, Түркия Эфиопиядағы азаматтарын дереу кетуге үндеді.

Абий Эфиопияда түбегейлі реформа жүргізіп, көрші Эритреямен бейбіт келісім жасағаны үшін осыдан екі жыл бұрын Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ие болды. Қазір премьердің осы лауреаттықпен соғыс жолын таңдауы көпшілікті таңқалдырып отыр.

"Бірақ қолға қару алып, майданға аттану – Император Хайле Селасси мен 1889 жылғы шайқаста қаза тапқан Император Йоханнес IV сияқты эфиопиялық лидерлердің дәстүріне сәйкес келеді", – дейді Кембридж университетінің отставкадағы профессоры Кристофер Клапхам "Ассоушиэйтид пресс" агеттігіне берген сұхбатында.

Абий билікке келмес бұрын, үкіметте Тиграй күштері ұзақ уақыт бойы үстемдік етті. Ал соңғы апталарда көтерілісшілер соғыспен мемлекет астанасы Аддис-Абебаға жақындап қалған. Сондағы мақсаттары – келіссөздерде өз позицияларын мықтап, тіпті премьер-министрді орнынан тайдыру.

Мемлекет басшысының майданға аттануы – әрдайым таңсық. Бірақ мұндай жағдай Африканың өзге елінде де болып, қайғылы нәтижемен аяқталғаны бар. Әскерилердің сөзінше, Чадтың ұзақ жылғы Президенті Идрис Деби Итно биыл сәуір айында көтерілісшілермен шайқас кезінде қаза тапқан.

"Бұл – өте қауіпті жағдай. Егер (Абий) жарақаттанса немесе өлтірілсе, тек федералдық үкімет емес, армия да күйрейді ғой", –дейді Демократия және сайлауға жәрдемдесу халықаралық институтының зерттеушісі Адем Абэбе.

Премьер-министр осы аптаның басында майданға кететінін мәлімдеп, "елді құрбандықпен басқаратын уақыттың жеткенін" айтқан еді. Оның үкіметтегі күнделікті жұмыстарын орынбасары атқармақ. Мұны баспасөз хатшысы Легессе Тулу сәрсенбі күні хабарлады.

Абий соғысқа өзі ғана аттанбай, 110 миллион халқы бар Эфиопияның әрбір қабілетті азаматын қару алуға үндеп отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, билік әскери оқу-жаттығуларды жедел жүргізіп, армия қатарына адамдарды күштеп тартып жатыр. Ал бірқатар сарапшылар бұның бәрі жергілікті әскердің әлсірегенін, содырлардың айбыны артқанын білдіруі мүмкін дейді.

"Ол шейіт болуды шындап ойластыруы мүмкін", – дейді Абиді Нобель сыйлығына ұсынған адам, әрі Ұлыбританиядағы Кили университетінің заң бойынша аға оқытушысы Авол Алло.

Сонымен қатар Алло премьер-министр астанадан майданға емес, қауіпсіз жерге кетіп, соғысты сол жақтан басқаруы мүмкін екенін де жоққа шығармай отыр.

Бұл соғыс 2020 жылдың қарашасында, Тиграй жетекшілері мен Абий үкіметі арасындағы саяси келіспеушілік ашық жанжалға ұласқан кезде басталды. Абий Эритреядан келген сарбаздарға Тиграйға басып кіріп, этникалық тиграйлықтарға шабуыл жасауға үнсіз рұқсат берген. Осының нәтижесінде мазасыз аймақта аса ауыр зұлымдықтарға жол ашылды. Алайда Эфиопия үкіметі эритреялықтардың елге кіргенін бірнеше ай бойы жоққа шығарып келді.

Тиграй күштері Абийдің отставкаға кеткенін қалайды. Үкімет басшысы болса, террористік топтар тізіміне кірген бұл күштерден өз аймағына оралуды талап етіп отыр.

"Егер қандай да бір сиқыр күш араласпаса, қарсыласушы тараптар арасында мәселені диалогпен шешуге ұмтылысты көрмей тұрмын. Өйткені олардың ұстанымдары бір-біріне мүлде ұқсамайды", – дейді Аддис-Абеба университетінің саясаттану профессоры Кассахун Берхану.

Оның өзге бір пікірінше, Абийдің майданға кетуі "халықтың рухын көтеруге бағытталса" керек.

Соғыс кесірінен миллиондаған бейбіт тұрғын қоршауда қалып, аштыққа ұшырап жатыр. Эфиопия үкіметі болса, гуманитарлық көмек көтерілісшілердің қолына түседі деп, Тиграй аймағына бірнеше ай бойы азық-түлік тиелген машиналарды кіргізбей отыр. Ал көршілес Амхара және Афар аймақтары арқылы Тиграй күштері алға жылжып бара жатыр. Сондықтан бұл облыстарда да жүздеген мың адамға мардымды көмек жеткізілмей жатыр.

Тиграй күштерінің бір көздегені – көрші Джибути мемлекетінен Эфиопия астанасына баратын жолды басып алу тәрізді. АҚШ дипломаттарының ойынша, көтерілісшілер осы жолды бөгеп, Аддис-Абебаға кіруге әрекеттенсе, соғыс өрті тіпті өршіп, Эфиопия үлкен апатты жағдайға душар болуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу