Бүгінде бұл комбинат күйреген, балық пен уылдырықтың бұрынғы көрсеткіші көзден бұл-бұл ұшқан. Негізі бірнеше жыл тұқым бермейтін бекіре балығын өсіру өте қиын. Балықтың осы түрі кейде 15-17 жылдан кейін ғана уылдырық шашады.Бекіренің бабы келіспесе қырылып қалуы да ғажап емес.
Атырауда бекіре өсіретін қос зауыт соңғы 19 жылда Каспий теңізіне 100 млн шабақ жіберген. Бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашит Қалидуллиннің сөзінше, Қазақстан жылына жоқ дегенде 30-40 млн шабақ өсіріп шығаруы керек.
Салыстыру үшін айтайық, Ресей жылына – 56 млн, Иран – 22 млн, Әзірбайжан – 15 млн шабақ өсіреді. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуге Атыраудағы қос зауыттың қауқары жетпейді. Себебі екі зауыттың да технологиясы ескірген.
Ихтилог маман Бостан Сүлейменовтың сөзінше, бізде көктемде ауланған бекіре тұқымдас балықтың аналығын қыста сақтайтын орын жоқ. Сондықтан балықтың басым бөлігі уылдырығы алынған соң, теңізге кері жіберіледі. Бүгінде Атыраудағы балық зауыттарында 200-ге тарта аналық бекіре өсіріледі. Екі зауыт қайта өңдеуден өтетін болса, зауыт басшылары жыл сайын өндірілетін 7 млн шабақтың санын 14 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Каспий бекіресінің экоқорын молайтудың баламалы жолы – тауарлы бекіре өсіру. Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашиден Қалидуллинің айтуынша, бұл кәсіп кең қолданысқа енсе, заңсыз балық аулаушылардың жолы кесіліп, отандық өнімдер халық үшін қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта облыста тауарлы балық өсіру бағытына басымдық беріліп, екі арнайы инвестициялық жоба жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – "Caspian Royal Fish" ЖШС-ның Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешенін құру жобасы. 2016 жылы зауытта 10 тонна бекіре тұқымдас балық өндіріліп, сатылымға шығарылған. Ал 2017 жылы 20 тонна бекіре тұқымдас балықтың еті мен 400 келі уылдырық өңделген.
Екінші инвестициялық жоба – Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылық құрылысы. Аталмыш жоба "Луговой жылқы зауыты" ЖШС-ға тиесілі. Бұл жерде жалпы салмағы 83,5 тоннаны құрайтын 38,5 мың дана орыс бекіресі өсіріледі. 2019 жылға қарай зауыт 60 тонна бекіре етін өндіруді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда Жайық өзенінде балық азайып барады. Бұған браконьерлердің бассыздығы, су деңгейінің төмендеуі, Жайықтың теңізге құяр сағасының бітелуі бірден бір себеп болып отыр.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Атырау облысында 19 балық шаруашылығы балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Облыстық ауыл шаруашылығы және ветиринария басқармасы 2017 жылдың 1 қарашасына дейін 8951 тонна балық ауланғанын айтады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 12991 тоннаны құраған.
Қазақ балық шаруашылығы институты Атырау облыстық филиалының директоры Әбілхайыр Мұхсановтың пікірінше, судың тартылуы балықтардың еркін жүзуіне, уылдырық шашуына кедергі келтіруде.
"Жыл сайын Жайықтың суы төмендеп, ағысы азайып барады. Бұлай жалғаса берсе, балық өзенге қарай кірмей қалуы мүмкін", – деді Атырау облыстық филиалының директоры.
"Жамбыл" өндірістік кооперативінің төрағасы Руслан Исмағұловтың айтуынша, уылдырық шашатын жерлердің барлығын дерлік шөп басқан. Сондықтан балықтар әупірімдеп теңізге жеткенімен, одан қайтуы екіталай.
Бұрын ҚР АШМ балық шаруашылығы комитеті Жайық, Қиғаш өзендерін жыл сайын тазалап отыратын. 2010 жылдан бастап бұл жұмыс тоқтатылды. Себебі соңғы 7 жылдан бері республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Осының салдарынан Жайық өзенінің балық жүретін каналдары бітеліп, бекіре тұқымдас балықтардың көбею көрсеткіші күрт төмендеп кеткен.
Гүлназ Кәрімжанқызы, Атырау облысы