Беларусьтегі диктатурадан Қазақстан қып-қызыл шығынға батқан ба?

2767

Беларусьте тәуелсіз журналистің сотталуы қазақ еліне санкциялық соққы болып тиді. 

Беларусьтегі диктатурадан Қазақстан қып-қызыл шығынға батқан ба?

2018 жылғы 18 тамызда ел алдында сөз сөйлеген президент Александр Лукашенко елде диктатураның орнау мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Ал 2020 жылғы атышулы президенттік аламаннан кейін оппозицияны қуғын-сүргінге салып, бас көтерулерді басып-жаншыған соң басқаша сайрай бастады. Ол енді диктатураны дәріптеп жүр.

"Диктатура диктатурамен, ал жұмыс жалғасуға тиіс", – деді таяуда ол Үкіметтің отырысын ашып.

Диктатура тәуелсіз журналистиканы тұншықтырып жатыр. Қудалау аясында биылғы 6 ақпанда Беларусь соты Польшаның Gazety Wyborczej меншікті тілшісі, Поляк одағының лидерлерінің бірі болған Анджей Почобутты сегіз жылға соттады. Бұл көршінің төзім теңізін тасытқан соңы тамшыға айналды. 

Үкім шықты бірақ журналистің не қылмыс жасағаны түсініксіз қалды. Құқық қорғаушылардың ақпаратынша, Почобут бір мақаласында 1939 жылы Кеңес одағының Польшаға басып кіруін агрессия деп атағаны үшін айыпталды. Ол 2020 жылғы Минскідегі қарсылық шерулері туралы да жазды.

Армия Крайова аталатын құрылым Екінші дүниежүзілік соғыста бір мезгілде кеңес әскерлеріне және неміс әскерлеріне қарсы соғысқан, елдің азат болғанын қалаған. Кеңес одағы беларустерді оған қарсы тәрбиеледі. Поляктар ғана оны ардақтайды. Ал Беларусь былтырдан бері оның жауынгерлерінің қорымдарын белсенді жойып жатыр. 

Назарбаевтың шапағаты

Жалпы, Анджей екі жылға жуық темір тордың ар жағында отыр. Оны беларустік құзырлы органдар 2021 жылғы 25 наурызда ұстап, Қылмыстық кодекстің "алауыздықты қоздыру" атты 130-бабына қатысты айып тақты. Сол наурызда Беларусьтің батысын поляктарды жаппай тұтқындау толқыны жапты. Тек Почобуттың ғана емес, сондай-ақ Беларусь поляктары одағының төрағасы Анжелика Бористің, Волковыск қаласындағы поляк қоғамдық мектебінің директоры Мария Тишковскаяның, Поляктар одағының Лида қаласындағы бөлімінің басшысы Ирена Бернацкаяның, "Польская школа" қоғамының директоры Анна Панишеваның қолына кісен салынды. Бұлардың бәрін Батыс елдері "саяси тұтқындар" деп таныды.

Бірақ 2021 жылдың маусымында Бернацкая, Панишева және Тишковская қамаудан босатылып, Польшаға аттанды. 14 маусымдағы баспасөз мәслихатында БР тергеу комитетінің басшысы Дмитрий Гора Поляктар одағының белсенділерін босату және олардың Польшаға қоныс аударуына кедергі жасамау туралы келіссөздер дипломатиялық деңгейде емес, арнайы қызметтер деңгейінде жүргенін мәлімдеді. Бірақ бүкіл келіссөз процесіне Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болыпты. Н.Назарбаев Польша президенті Анджей Дуданың жеке сұрауы бойынша тікелей Александр Лукашенкоға хабарласып, Батыстың қырына іліге бермеу үшін активистерді босату керектігін түсіндірген. Содан соң арнайы қызметтер арасында келіссөздер басталған.

Бірақ екі тұтқын абақтыда қалып қойды.

"Анжелика уақытша оқшаулау изоляторында бір жыл отырып шықты, содан соң үй қамағына ауыстырылды. Оның содан бері ақпарат айдынынан неге жоғалып кеткенін, байланысқа шықпағанын, ешкімге сұхбат пен түсініктемелер бермегенін түсінуге болады. Тек Анжеликаның үй қамағында тағы қанша уақыт отыратыны белгісіз. Сонымен қатар Назарбаевтың бастамасымен жүрген күрделі келіссөздерден кейін неге аққұла осы екеуі түрмеде қалғаны да беймәлім. Жалпы, журналист Анджей Почобутты ұзақ жылға соттай отырып, Александр Лукашенко Польша президентіне  доқ көрсетем деп ойласа керек, сайып келгенде ол Еуразиялық одақ бойынша серіктесі Қазақстанға миллиондаған шығын әкелді", – деп жазды беларустік журналист, құқықтанушы Ирина Халип Novaya Gazeta Europe басылымында.

Өйткені поляк газетінің журналисін Минск ұзақ жылға соттаған соң Польша екі ел арасындағы соңғы шекаралық өтпені жүк көліктері үшін жауып тастады. Басқа 5 өтпе пандемиядан бері ашылмаған.

Өткен аптаның соңында, 2023 жылғы 24 ақпанда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы дабыл көтеріп, Польшаның өз шекарасынан қазақстандық транзиттік жүк көліктерін өткізбей жатқанын хабарлады. Поляктар тек беларустарға ғана емес, бүкіл Еуразиялық одақ елдеріне шекарасын жауып тастаған.

"Осы жылдың 21 ақпанынан бастап, Варшава уақыты бойынша сағат 19.00-де Польша-Беларусь арасындағы "Кукурики–Козловичи" шекаралық өткелінде жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды. Бұл тыйымнан Польша тек өз көліктерін, Еуропалық Одаққа мүше елдерді, Еуропалық еркін сауда қауымдастығына (Eat), Еуропалық экономикалық кеңістік туралы келісімге мүше елдерге және Швейцарияда тіркелген көлік құралдарын ғана босатты. Басқа елдер мен өңірлерде тіркелген көліктер енді осы өткелден өте алмайды", – делінген палатаның хабарламасында.

"Атамекен" ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің басқарушы директоры Мұрат Амриннің айтуынша, "Кукурики–Козловичи" өткелі "Бобровники–Берестовица" өткелі жабылғаннан кейін қазақстандық жүк тасымалдаушылар пайдалана алатын соңғы мүмкіндік болған еді.

"Жаңа шектеу елімізге Еуропа елдерінен экспорттық өнімді және кәсіпорындарға еуропалық тауарларды таситын қазақстандық тасымалдаушыларға да қатысты. Мұның салдары миллиондаған шығынға әкеп соғуда. 23 ақпандағы жағдай бойынша Польша аумағында 150-ден аса қазақстандық автокөлік қалды. Тағы жүзден астамы Еуропалық Одақ бағытында қозғалып барады. Логистика бұзылып, тасымалдау құны қымбаттайды", – деді Мұрат Амрин.

Сарапшы Польшадағы Қазақстан елшілігі мен экспортқа жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл қозғалысты үйлестіруге тырысып жатқанын жеткізді. Қазақстан елшілігі Польшаның мемлекеттік органдарына қазақстандық тасымалдаушылар үшін шектеуді алып тастау қажеттігі туралы ноталар жолдады.

Бүгінде Польша тарапы шектеуді босаңсытуды қарастыруда. Бірақ қазақстандық тасымал компаниялары өз жүк көліктерінің әзірге өте алмай тұрғандарын айтады. Кейбірі амалсыз, кері бұрылып, баламалы жолдарды таңдаған.

Қазақстан бұл бағытқа тәуелді. Әрине, Еуропалық Одақ пен Еуразиялық одақ елдерін құрлық арқылы байланыстыратын балама жолдар Беларус–Литва, Латвия–Беларусь және Латвия–Ресей шекара өткелдері арқылы өтеді. Сондай-ақ, Каспий арқылы Әзербайжанға, одан ары Еуропаға апаратын балама теңіз бағыты бар. Алайда бұлар Еуропа елдеріне қашықтықты 1,5 есе ұзартып жібереді. Әрі жүкті жолай көліктің бірнеше түріне, теңіз паромына қайта тиеуге тура келеді. Салдарынан, тасымалдау құны 2–3 есе артады. Бұған қоса, әлгі маршрутта дауыл, биік таулар, жабық жолдар мен тоннельдер сияқты климаттық, географиялық және басқа кедергілер жетерлік.

Индустрия министрлігі отандық бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, қазақстандық машиналарды ЕО аумағынан Беларусь пен Ресей арқылы кедергісіз өткізіп жіберуі үшін Литвамен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Литва тарапына деректерді беру мақсатында өткелде жиналған автомобильдердің тізімі жасалды.

Қынжылтатыны сол, қазақстандық өнімдерді және Қазақстанға арналған тауарларды ресейлік және беларустік жүк тасушылар да тасымалдайды. Ендеше Минск пен Варшава арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуі бәрібір Қазақстан экономикасына залалын тигізгелі тұр.

Тайталас қарқынды өршіп барады. Польша қорғаныс мәселелері жөніндегі беларустік атташені елден қуды. Оның алдында Минск поляк офицерін және Гроднодағы поляк консулдығының екі қызметкерін елден аластады. Алда екі ел арасындағы шекара жаяу жүргіншілерге, жеңіл машиналарға да толық жабылуы мүмкін. Бұл туралы Польшаның сыртқы істер министрінің орынбасары Павел Яблоньский жариялады.

"Егер қажет болып жатса, қауіпсіздік мәселелері соны талап етсе, онда біз шекараны тарс жабуға дайынбыз. Біз оқиғалардың өрбу барысын талдап, тиісті шара қабылдайтын боламыз", – деді сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары.

Беларустардың Гродно облысындағы поляк жауынгерлерінің зиратын талқандауы да көршілердің татуласуына тосқауыл болды.

Қазақстандық тасымалдаушылар Литва мен Латвиядағы шекаралық өтпелер де аузы-мұрнынан шыға толып тұрғанына шағымданады. Литва болса, көліктерге қосымша тексеру енгізген.

Жалпы, бүкіл ТМД кеңістігінде демократия орнамай, елдердің ісі оңға баспайынға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу