Белсенді қазақстандықтардың "ең сүйікті" әлеуметтік желісіне 20 жыл толды

1617

Meta өз тарихында тұңғыш рет өз акциясына ие әрбір азаматқа дивиденд төлеуге шешім қабылдады.  

Белсенді қазақстандықтардың "ең сүйікті" әлеуметтік желісіне 20 жыл толды Фото: novayagazeta.eu

Brand Analytics дерегінше, 2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстан халқы арасында ең танымал әрі сүйікті әлеуметтік желі ретінде Instagram мен Facebook танылды. Екеуі де Meta корпорациясына қарайды. Былтыр Инстаграмдағы қазақстандық белсенді авторлардың саны 1,05 миллионнан асты. Ал Фейсбукте – 509 мыңнан астам автор белсенділік танытып жүр (парақшасын ашуын ашқанымен, оны жүргізбейтін миллиондаған адам есептелмейді).  

Сарапшылар былтыр да Қазақстандағы қоғамдық пікірді қалыптастыруға, билікті халықтың сынына құлақ түріп, елдің ұстанымына иліктіруде дәл осы екі әлеуметтік желі шешуші рөл атқарғанына назар аудартады.

Оларға әлеуметтік желі дәрежесіне көтерілген Telegram мессенджері (503 мың автор) және авторлық арналарының арқасында әлеуметтік медиа мәртебесіне қол жеткізуге таяған Youtube (416,3 мың) видеохостингі ғана ілесе алған.

Бұрын үнемі жазба қалдыратын қазақстандық пайдаланушыларының саны жарты миллионға дейін баратын "ВКонтактеде" бүгінде 288,8 мың, "Одноклассникиде" 181,4 мың тұрақты авторы ғана қалыпты.

Meta болса, алға қарыштауын жалғастырды. Корпорация өз тарихында алғаш рет акционерлеріне дивиденд төлеуге ниетті. Бұған оның табысының қарқынды өсуі түрткі болыпты. Өле жегенше, бөле же деген.

Бұл елең еткізерлік жаңалықты ол 2023 жылдың соңғы, төртінші тоқсанының қорытындыларына арналған есебінде хабарлады. Есептегі көркем көрсеткіштер әлемдік мүйізі қарағайдай аналитиктерінің ең батыл болжамдарынан асып түсті.

Осы жағымды жаңалықтар Meta акцияларын ғарышқа ұшырды: премаркеттің өзінде құнды қағаздары 17% қымбаттады. Ал компанияның капитализациясы 150 миллиард долларға дейін өсті.

Bloomberg корпорацияның бұл табысының құпия-сырын ашты. Meta бұған жұмыстарды жаппай автоматтандыру, цифрландыру, 2022 жылдан бері ондаған мың жұмыс орындарын қысқарту арқылы, сондай-ақ өнімдері саудасының бұрын-соңды болмаған көлемде өсуі арқасында қол жеткізді. Компанияның таза табысы 2023 жылғы 4-ші тоқсанда 14 млрд долларға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңдегіден 3 есе көп.

Бүкіл 2023 жылы корпорация 39,1 миллиард доллар табыс көрді, бұл 2022 жылғыдан 69% жоғары.

2022 жылы Meta шамамен 21 000 қызметкерін қысқартты. Марк Цукерберг 2024 жылы да компанияның штатын барынша ықшамдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, "үнемді компания форматында Meta жақсырақ жұмыс істейді".

Құнды қағаздар сатып алумен елігетін адамдар, инвесторлар оның табысқа жететініне сенетін болса керек. Нәтижесінде, соңғы жылда Meta акциялары 109%-ға тағы қымбаттады.

Қазақта "Ақсұңқар жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді" деген астарлы сөз бар. Қалай болғанда, Meta әрбір қарапайым акциясы үшін 50 центтен төлеуге шешті. Бұл дивидендтер акционерлерге 26 наурызда аударылады. Ары қарай корпорация дивидендтерді тоқсан сайын төлеп тұруды жоспарлауда.

Айтқандай, Meta негізін қалаушы Марк Цукерберг өз "перзентіне" сенімін паш ету үшін оның шамамен 350 миллион акциясын өз қолында ұстап отыр. Демек, сарапшылардың есептеуінше, Цукербергтің өзі 175 миллион доллардай дивиденд алуы мүмкін.

Bloomberg дерегінше, бұған тоқсан сайын есептелетінді қосса, онда бір жылда ол өз корпорациясынан 700 миллион доллар дивиденд алмақ.

Салыстырайық: "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2023 жылы өз акционері – Үкіметке 238 млрд теңге дивиденд төледі, бұл 500 миллион доллардан шамалы асады. Яғни, қазақстандық барлық ірі ұлттық компаниялар жабылып жүріп, америкалық алпауыт бір компанияның бір акционеріне төлеген дивиденді көлеміне де жете алмады.

Цукерберг мұндай дәрежеге қалай жетті?

Бұл қадам небәрі 20 жыл бұрын басталды. 2004 жылғы 4 ақпан күні алғаш рет Facebook әлеуметтік желісі іске қосылды. Бастапқыда ол тек америкалық жоғарғы оқу орындарының студенттерін бір-бірімен табыстыру, таныстыру, тілдестіру үшін ғана ойлап табылған.

Бүгінде оны әлемде 3 миллиардтан астам адам белсенді пайдаланады. Яғни, ол енді Жер планетасы тұрғындарының шамамен 40%-ын қамтып отыр. Оның арасында Қазақстан халқы да бар.

Көрші Ресейде керісінше, Фейсбукке тыйым салынған. 

Ал ХХІ ғасырдың басында, 2003 жылдың қарашасында Гарвард студенті Марк Цукерберг автократиялардың өзі арпалысатын әлемдік алыпты туғызатынын білмеген еді. Өзінің еске түсіруінше, қоңыр күздің сұрықсыз кештерінде ол іші пысып, еріккеннен Facemash.com сайтын құруға кіріседі. Сайтқа кірген пайдаланушыға экранда бірінен соң бірі пайда болатын гарвардтық студенттердің арасынан "ең сүйкімді адамды" таңдау ұсынылды.  

Бұл бейнелерді алу үшін Цукерберг "Face Book"-қа, яғни америкалық университеттерде оқитын шәкірттердің фотографиялары сақталған, "Беттер кітабы" аталған деректер базасына бұзып кіреді.

"Гарвардтың жатақханаларының бірі – Керклендтің "Беттер кітабы" менің компьютерімде ашық тұр. Ондағы кейбір беттің кескінсіздігі сонша, мен оларды фермадағы жануарлармен салыстырар едім. Бірақ кімнің сүйкімдірек екенін өзгелер шешсін", – деп түсіндірді әзіл-әжуасын сайт авторы. Осылайша, ол алғашқы хайпқа да із салып бергенге ұқсайды.

Бірнеше күннен кейін FaceMash-тың үстінен шағым борап қоя береді. Марк Цукерберг сайт жұмысын доғарып, "шәкірттердің жеке өміріне қол сұққаны, олардың көңіліне тигені" үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Алайда бірнеше күн ішінде сайтында 22 мыңнан астам студенттің дауыс бергенін білген ол "әлеуметтік-топтық әрекеттерді онлайн жасау" адамдарға ұнайтынын түсіне қояды.

Сондықтан 2004 жылғы қаңтарда Марк Цукерберг жаңа сайттың кодын жазуға білек сыбана кірісіп кетті. Ол сайттың идеясы – жоғарғы оқу орны студенттерінің арасында байланысты жолға қою болды.

Болашақ миллиардер студенттер арасында танылып үлгерген бұрынғы сайтына ұқсастырып, жаңа сайтын TheFacebook деп атады.

Фейсбук әлеуметтік-студенттік желісі 2004 жылғы 4 ақпанда жұмыс істей бастады. Бұл туралы ұзынқұлақтан естіген гарвардтық студенттер жаппай тіркелді. Бірнеше сағатта пайдаланушылар саны 1500-ден асқан.

Наурыз айында TheFacebook сайтында Стэнфорд, Колумбия, Йель университеттерінің білім қуған жастары пайда болды. Әлеуметтік желі одан әрі өзге оқу орындарына, орта білім ұйымдарына, ізінше бұрынғы кластастары мен курстастарын іздеген америкалықтар арасына тарады.

Бертінде ресейлік айтишілер осы идеяға жиендік жасап, әлеуметтік желісін де сыныптастар (Однокласники) деп атағаны мәлім.

  • 2004 жылғы жазда TheFacebook Калифорнияның Пало-Алто қаласында жеке офисі бар компанияға айналды. Желтоқсанда тұрақты пайдаланушыларының саны миллион межесіне жетті.
  • 2005 жылдан бастап, компания the артиклін алып тастап, Facebook.com доменін 200 мың долларға сатып алды. Оның аудиториясы 6 миллионнан асты.
  • 2006 жылы пысық жігіт жаңа өрісті ашты: ол Facebook.com жарнама берушілерге клиенттерімен жаңа ынтымақтастығын жолға қоюдың мүмкіндігін ұсынатынын жариялады. Яғни, делдал шапанын бойына шақтап көрді.

Атақты Procter&Gamble бренді онда өз парақшасын ашып, Facebook пайдаланушыларын өзінің фанаты болуға шақырды. Цукерберг енгізген жаңа функцияға сәйкес, тұрмыстық заттар өндірушісінің тобына 14 мыңнан астам адам кірді.

Бұл – маркетинг саласының да жаңа парағын ашты. Себебі, бұған дейін компаниялар өз тұтынушысына тек газет беті, телеарна экраны, радио толқыны арқылы жүгінетін. Ал енді әлеуметтік желіде өндіруші өз тауарын тұтынушылармен онлайн режимде тілдесіп, тілек-пікірін тікелей білудің мүмкіндігін иеленді. Оның үстіне осы арқылы жаңа тұтынушыларды өз қатарына миллиондап тарта алатын. Сондықтан Фейсбукті маркетинг пен жарнама үшін пайдаланатын компаниялар саны лек-легімен, еселеп арта жөнелді.

2006 жылғы қыркүйекте Facebook "жаңалықтар таспасын" ұсынды: пайдаланушының достары өз парақшаларында қалдырған жаңа жазбалардың бәрі сонда көрініс табады. Осы кезден бастап, жастар, өзге де адамдар әлеуметтік желіден бас көтере алмайтынды шығарды. Тым еліктіріп, суасты иіріміндей тұңғыққа тартып әкетеді.

Бұған алаңдаған алғашқы дауыстар да сонда шығты. Наразылық толқыны өршіген соң компания хат-хабарлардағы "құпиялылыққа бақылауды" енгізді. Соның көмегімен әрбір пайдаланушы қандай контентінің таспада пайда болатынын өзі реттей алады.

2008 жылы Facebook пайдаланушыларының саны жөнінен "әлемдегі басты әлеуметтік желі" атанды. Ол Myspace, Twitter сияқты танымалдылыққа ие бола бастаған өзге бақталастарымен бәсекелесті.

Facebook әлеуетін политтехнологтар да тез түсіне қойды. 2008 жылғы АҚШ Президентінің сайлауында демократ кандидат Барак Обама алғаш рет үгіт жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы кең ауқымда жүргізді. Оның айдынында оны қолдайтын мыңнан астам топ құрылды.

2010 жылдың басында "Араб көктемі" аталған түрлі-түсті революцияларды ұйымдастырушылар өз қатарына көтерілісшілерді тартудың құралы ретінде Facebook-ті пайдаланылды. Әлеуметтік желі оларға жылдам әрі анонимді ақпарат алмасып, іс-қимылдарын үйлестіруге жол ашты.

Мәселен, Тунисте наразылық акциялары Facebook-те жеміс сатушы саудагердің өзін-өзі өртеген видеосы таралғанда белең алды. Кәсіпкерлер полицейлердің үнемі пара дәметіп, мүлікті тәркілей беруінен мезі болған еді. Мысырда Facebook-ті пайдаланып ұйымдастырылған бұқаралық тәртіпсіздіктер 30 жылдай орынтақта отырған президент Хосни Мубарактың биліктен тайдырылуына соқтырды.

2012 жылғы сәуірде корпорация 1 миллиард долларға Instagram әлеужелісін сатып алды. Цукерберг мұндай радикалды қадамға барғанда, алдын Twitter (қазіргі Х) орап кетеді деп қорыққан. Сондай-ақ смартфондардағы фотокамералардың түсірілім сапасының артуымен бірге, мобильдік фотосуреттерге арналған сервистердің болашағы да жарқын болатынын көре білген.

2012 жылғы мамырда Facebook IPO-ға шығып, 16 миллиард доллар жинады. Одан кейін биржаға бас сұққан әлеужелілер көп жинай алмаған.

2014 жылы Facebook мессенджерлердің күш алатынын болжап, WhatsApp-ты 19 миллиард долларға сатып алды. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы осы месенджерде отыр деуге болады. Телеграм бұл салада да Метаның көлеңкесінде келеді. WhatsApp әлемдегі тұтынушыларының саны ең тез өсуші мессенджер саналады.

Осылайша, Марк Цукерберг пен оның командасы қай істе де, қандай салада да бәсекелестерінен бірнеше қадам ілгері оза жүретінін, келешектің көкжиегінен әрідегіні көре білгенін байқауға болады. Оның жарқын жеке тарихы бәлкім, қазақстандық жастарды шабыттандырар?!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу