Бензин безгегі басталды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3393

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің бағасын бақыламайды. Ал Қазақстан Ресейдің жанар-жағармайына тәуелді болып отыр.

Бензин безгегі басталды

Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданынан басталған бензин безгегі Алматыға жетті. Алатаудың бөктерінде Орталық Қазақстандағыдай жанар-жағармай тапшылығы сезілмегенімен, құны құбылып шыға келді.

Кешеден бері "ҚазМұнайГаз" жанармай құю бекеттері АИ-92-ні 144, АИ-95-ті 158 теңгеден саудалап жатыр. "Sinooil" АИ-92 бензинін 145, АИ-95 бензинін 159 теңгеден пұлдап тұр. "Helios" жанармай құю бекеттері бензин бағасын "ҚазМұнайГазбен" бірдей белгілеп отыр. "Royal Peyrol" АИ-92-нің бір литріне 145, АИ-95 бензиніне 159 теңге сұрап отыр.

Апақ-сапақты пайдаланып, көлік жүргізушілерінің қаржысын қарпып қалуға тырысқан "Газпромнефть-Қазақстан" жанармай бекеттері болды. Мұндағылар АИ-92-ні 147, АИ-95-ті 168 теңгеден өткізуде. Ал дизель отыны жоғарыдағы жанармай құю бекеттерінде 144-146 теңге аралығында сатылып жатыр.

Бұл Алматыда бензиннің бағасы орта есеппен алғанда 3, дизель отыны 4 теңге қымбаттады деген сөз.

Осыдан біраз бұрын Атырау мұнай өңдеу, Павлодар мұнай-химия және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылған кезде мұнай-газ саласының мамандары бензиннің бағасы қымбаттайтынын айтқан. Алайда энергетика министрі Қанат Бозымбаев алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізіп,  сенімді сөйлеген. Биылғы жылдың наурызында АИ-92 143 теңгеден сатыла бастағанда да министр міз бақпаған. Ол Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда бензин бағасы әлдеқайда арзан екенін алға тартқан.

"Біз бензин бағасы қымбаттап кетпеуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне Қазақстанда жанар-жағармай бағасы арзан. Ресейде АИ-92 180 теңгеден сатылады. Ал Еуропада мүлде қымбат", – деген болатын сол кезде Қанат Бозымбаев.

Министр 3 мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін АИ-92 бензинінің өндірісі артатынын және өзіміздің арзан жанар-жағармай Ресейден келетін қымбат бензиннің орнын толтыратынын тілге тиек еткен. Осы нәтижеге жету үшін Қазақстанға амалдай тұру қажет болып тұр. Себебі күні кеше Астанада энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов Қазақстан Ресейдің  бензині мен дизель отынына тәуелді болып отырғанын айтты.

"Бензин мен дизель отынын Ресейден импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір АИ-92 маркалы бензинінің 30, дизель отынының 15% Ресейден тасымалданып жатыр", – деді ол.

Қуаныш Құдайбергеновтың мәлімдеуінше, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы жоспарлы шараға сәйкес тоқтап тұр.

"Атырау зауыты тамыз айынан 18 қыркүйекке дейін, Павлодар зауыты 20 қыркүйектен 25 қазанға дейін жөндеу жұмыстары үшін жабылады. Біз осы аралықта өндірілмейтін жанар-жағармайды Ресейден импорттаймыз", – деді департамент директоры.

Оның сөзінше, елімізде  жыл басынан бері 10 млн 345 мың тонна шикізат өңделген. Біздіңше бұл көрсеткіш сұранысты қанағаттандырмаған. Егер бәрі ойдағыдай болса, Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданында әр көлік иесіне бензин 20, ал Балқаш қаласы мен  Шет, Қарқаралы аудандарының тұрғындарына 13 литрден ғана сатылмас еді.

"Жанар-жағармай құнының қымбаттауы маусымдық сипатқа және отандық мұнай өңдеу зауыттарының уақытша жабылуына байланысты болып тұр.

Қазан айының соңына қарай жағдай түзеледі, баға  тұрақталады деп ойлаймыз", – деді Қуаныш Құдайбергенов.

Сөз арасында ол еліміздегі мұнай өнімдерінің бағасын нарық реттейтінін атап өтті.

"2015 жылдың шілдесінде біз АИ-92 маркалы бензин бағасын мемлекет тарапынан реттеуді тоқтатып, еркіне жібердік. Ал 2016 жылдың тамызында дизель отынына қатысты осындай шара қолданылды. Бүгінгі таңда аталған мұнай өнімдерінің бағасы тек нарықпен реттеледі. Министрлік мұны бақыламайды", – деді ол.

Биыл бензин тапшылығы болатынын мұнай және газ саласының сарапшысы Сергей Смирнов былтыр айтқан. Ол 2017 жылы салықтың өсуіне байланысты Ресей бензинінің бағасы 10-12%-ға көтерілетінін жеткізіп: "Біздегі баға ресейліктерге қарап қойылады. Сондықтан ол өседі", – деген.

Сергей Смирнов жанар-жағармай тапшылығы туралы да толғанған.

"Біздің ел 1 млн-нан астам мұнайды солтүстіктегі көршісінен тасымалдайды. Бұл біз үшін жеткіліксіз. 2018 жылы Қазақстанда жанар-жағармайға деген сұраныс ұлғаяды", – деген болатын Сергей Смирнов.

Қазақстандағы жанар-жағармайдың бағасын нарық белгілейтін болғандықтан мемлекет  бензиннің қымбаттауына түсінік бермейтінін баяндаған сарапшы бізде бензин көктемде және күзде қымбаттайтынын, ал бағаға маусымдық фактор тікелей әсер ететінін тілге тиек еткен.

Оның сөзін  мұнай және газ саласының сарапшысы Камила Манакова да қостаған. Ол биыл АИ-92 бензинінің бір литрі 150 теңгеден сатылуы мүмкін деген болжам жасаған.

"Жанар-жағармайдың бағасы құбылып тұрады. Сондықтан одан қатты қорықпау керек. Керісінше бағаны реттеуге, жүйелеуге күш жұмсау қажет. 2017 жылы АИ-92 бензинінің бір литрі 150 теңге жетіп жығылады немесе 150 теңге болады деп ойлаймын", – деген еді Камила Манакова

Айта кетейік, Шымкент шаһарында да бензиннің бағасы 150 теңгені бетке алып келеді. Қазір мұнда Аи-92 147 теңгеден сатылып жатыр. Күні кеше мұндағы жанар-жағармай бекеттері бензин мен дизель бағасын 3-5 теңгеге қымбаттатып жіберді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу