Мұнайды арзанға сатып, мұнай өнімін қымбатқа сатып аламыз

2565

Мәжілістің жалпы отырысында жанар-жағармай бағасына қатысты бір емес, 2 депутаттық сауал жарияланып, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолданды. 

Мұнайды арзанға сатып, мұнай өнімін қымбатқа сатып аламыз

Депутат Серік Ерубаев жанар-жағармай бағасының өсуіне және дизель отынының тапшылығына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде наразылық туып жатқанын жеткізді. 
"Дизель бағасының көтерілуі кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Ал оның тапшылығы экономиканы тығырыққа әкеліп тірейді", –деді ол министрге жолдаған сауалында. 
Серік Ерубаев мұнай өнімінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайталанатынына назар аударды. 
"Егін егу немесе астық жинау кезеңінде мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылатыны дәстүрге айналғандай. Қазақстанда халық санының ұлғаюы, экономиканың өсуі, автокөліктің көбеюі, жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екені байқала бастаған кезде, төртінші зауытты салу мәселесі қызу талқыланған болатын. Бірақ, нақты шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмысын жүргізу жоспарланған. Алайда жаңғырту жұмысын жүргізгеннің өзінде, өндіріс қуаты жеткіліксіз болғанын уақыт көрсетті. Тіпті көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзінде био-дизель өндірісі өріс алуда. Ал біз мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтынын мойындап отыр", – деді депутат. 
Серік Ерубаевтың пікірінше, мұнай өңдеу бойынша қосымша қуат көзін құру қажет. 
"Біз мұнай ғана емес, мұнай өнімдерін экспорттаушы мемлекет бола аламыз. 
Оған объективті негіз де бар. Біздің бензин мен дизельдің бағасы көрші елдерден төмен. Мемлекет басшысының жолдауында отандық өнеркәсіп үшін шикізаттың бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек делінген. Осының негізінде мұнай компанияларына шикізат құнын төмендету жөнінде талап қою жолымен жанар-жағармай бағасын одан да төмендетуге жол ашылар еді. Біз бензин және дизель шығара алатын тек мемлекеттік мұнай өңдірушілерге қарап қалмай, осы бағыттағы жекеменшік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынамыз. Ондай жобалар бар, бірақ тиісті қолдау таппай, қажетті деңгейге шыға алмай отыр. Сонымен қатар дизель отынның тапшылығында және оның қымбаттауында картельдік сөз байласу фактісі, сондай-ақ қаншалықты нарық механизмінің ықпалы бар? Ал қаншасы заңсыз монополияның ойынымен жүріп жатыр. Осыны тексеруді сұраймыз", – деді депутат. 

Мәжілісмен Айқын Қоңыров премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында жанар-жағармай нарығындағы баға тұрақсыздығы саланы басқарудағы жүйелі дағдарыстың салдары екенін мәлімдеді. 
"Отын тапшылығы жазда сезілді Алайда дер кезінде нақты шара қабылданбады. Осының салдарын халық пен бизнес сезініп жатыр, – деді депутат. 
Ол ел ішінде әлеуметтік шиеленіс күшейіп бара жатқанын баяндап, мемлекеттік органдар қағаздардағы есептерге сілтеме жасайтынын, дағдарысты мойындамайтынын, ал қазақстандықтарға әдемі сандар мен жалған есеп емес, қолжетімді жанар-жағармай қажет екенін айтты. 
"Біз жанармай тапшылығы мен бағасының тұрақсыздығы созылмалы екенін білеміз. Бұл жағдай үнемі өндірістік қуаттың жетіспеушілігімен және импортқа тәуелділікпен түсіндіріледі. Басқа жауап болмайды", – деді Айқын Қоңыров. 
Оның сөзінше, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қыруар қаржыға жаңғыртылуы мен шағын мұнай өңдеу зауыттарын құру және ел аумағынан бензин мен дизель отынын автокөлікпен шығаруға салынған тыйым мәселені шешкен жоқ. Жанар-жағармай нарығындағы тұрақсыздық сол қалпында қалды. Жақында ғана Энергетика вице-министрі Ресейден шамамен 100 мың тонна дизель отынын импорттау қажет екенін мәлімдеді.
"Жауапты мемлекеттік орган баға теңгерімсіздігі мен транзиттік автокөліктердің Қазақстанның арзан отынын көп тұтынуын негізгі себеп ретінде алға тартты. Бұл – парадокс", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу