Билік Ақан серіден неге теріс айналды?

6918

 Ресей өкілдері ұлықталған тізімге өз ақынымыз сыймай қалды. 

Билік Ақан серіден неге теріс айналды?

Көкшетау қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Дулатхан Хасенов жаға ұстатар жайтқа куә болды.

Дулатхан Дәрменұлы карантин және шектеу шаралары жұмсартылысымен, қыркүйек айының басында қасына балаларын және немерелерін ертіп, аты аңызға айналған ақын, шырқай салған әсем әні алты қырдан асатын әнші, дарынды композитор Ақан серінің аруағына тағзым ету үшін оның мазарына барады. Бұл кешен Солтүстік Қзаақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан.

"Мазарға барғанда осынау киелі нысанның қазіргі аянышты халін көріп, естен тана жаздадым. Тұла бойым түршікті. Ақан серінің мазарына апаратын жол ойқы-шойқы, ойдым-ойдым, өте нашар. Айналдырған 17 шақырымды бір сағат әзер жүріп өттік. Мазар жанындағы стелла әбден тозған, өңі кеткен. Кешеннің айналасын адам бойындай арамшөп басып кеткен, мазар қаулап өскен қалың шөптің астында қалып барады. Сонымен қатар зиярат етіп келушілер мен қонақтар бір уақыт дамылдап отыруы үшін ешқандай ағаш орындықтар қойылмаған", – дейді Д.Хасенов.

Билік ең құрығанда, сол маңда қандай ұлы ақын, тарихи тұлға жатқанынан азды-кем хабар берер баннер немесе ақпараттық тақта орнатпапты.

Өкінішке қарай, ұлтымыз бодан болған заманда қандықол отарлаушылардың кесапат саясаты кесірінен қазақ арасынан шыққан тарихи тұлғалардың көбінің жерленген жері белгісіз, сүйегі қайда қалғаны беймәлім болды. Алайда Ақан серіге туған жерінен топырақ бұйырыпты.

"Бұл мазардың құндылығы да осында: ұлы ақынымыздың қайда жерленгенін біз нақты білеміз. Қазақ қай заманда да ұлтына ардақты арыстардың мазарын күтімде ұстауды дәстүрге айналдырған. Оның толық қирап, жермен-жексен болуына, мал мен жануардың аяғының астында тапталуына жол бермеуге тырысқан. Осылайша, ұлт жадында ұлықтаған, ұрпағына мирас еткен. Қазір билік "рухани жаңғыру" деп айта-айта әбден жауыр қылды. Шынында өзі бас болып, дәстүрді ұмыттыруда. Қазақты қазақ еткен, салты мен құндылықтарын бізге жеткізіп кеткен осындай азаматтардың мазарын мемлекет керексіз жүктеме, аяққа оралғы көргені қынжылтады. Мазардың осы күйін көргенде жүрегім қан жылады. Көкірегім қарс айырыла күйіндім", – дейді Дулатхан Дәрменұлы.

Ол Үкімет бұл қателігін алда түзейді деген үмітте. Алайда мемлекет оған асықпайтынға ұқсайды.   

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл хабарды жабырқай қабылдағанын айтады.

"Мұны естіп қатты өкіндім, Дулатхан ағаның Ақан сері мазарының аянышты жағдайына қатысты қынжылысын түсінемін. Рас, Ақан сері мазары киелі нысан ретінде танылды. Алайда соған қарамастан, ол "Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне" де, тіпті "Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне" де кірмей қалыпты. Бұл жағдай мазарға мемлекеттік бюджет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысанды қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік бермейді", – деді министр.

Айта кету керек, 2019 жылғы 30 мамырда Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы №156 бұйрығымен "Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін" бекітіп кеткен. Сонда неге екені белгісіз, Ақан серіге билік көңіл бөлмеді. Ізінше оның креслосына жайғасқан Ақтоты Райымқұлова ол құжаттың күшін жойып, 2020 жылғы 14 сәуірде жаңа мемтізімді бекітті. Әлгінде айтылғандай, шенеуніктер онда да көрнекті ақын-сазгерге орын таппады.

Сорақысы сол, қазақ елінің мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштерінің қатарына не жоқ дейсіз? Елордадағы сәулеті қораш "Тың игерушілер сарайы" (қазіргі "Астана" концерт залы), украин жазушысы Т.Шевченконың мүсіні мен мемориалдық кешені, Верный қаласының құрметті азаматы Т.Головизиннің үйі, ұшқыштар С.Луганскийдің, В.Пацаевтың және басқасының мүсіндері, патша заманында шоқындыру саясатын ілгерілету үшін қаптап салынған шіркеу-соборлар... Осының барлығын ұстап тұруға, ағымдағы және күрделі жөндеуін жүргізуге мемлекет бюджеттен миллиардтаған ел қаржысы шығындайды.

Мәдениет министрі Ақан серіге халық мен бизнестің өзі демеуші табуы керектігін меңзеді.

"Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Ақан сері мазарына жөндеу жүргізу үшін бюджеттен тыс қаражаттарды тарту бағытында жұмыс жасап жатыр. Әкімдік осылайша мазардың техникалық жағдайында жіберілген ақауларды жоюға ниетті. Қалай болғанда, Ақан сері мазары Солтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқандықтан, бюджеттік заңнама бойынша бұл нысанға республикалық бюджет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес", – деп түйді министр Ақтоты Райымқұлова. 

"Нысан СҚО аумағында орналасқандықтан республикалық бюджетті бағыттай алмаймыз" деген жалтарма жауап таңғалдырады. Бұл жерде мәдениет министрінің саяси ерік-жігер таныта алмай отырғаны аңғарылады. Әйтпесе, Елбасы тапсырмасымен Қазақстан сонау Африка құрлығында орналасқан Египеттегі Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың мешітін және кесенесін, азаматтық соғысты бастан кешіп жатқан Сирия астанасы Дамаск қаласындағы әл-Фараби кесенесін жөндеп, қалпына келтірген, сонда Әл-Фараби бабамыздың этномәдени орталығын салған. Сұлтан Бейбарыс пен әл-Фарабиге монумент ескерткiштерiн орнатқан.

Блогерлер көтеретін ағымдағы ұсақ мәселелермен елігіп кеткен Үкімет ұлттық құндылықтар мен елдікке қатысты мәселелерді назардан тыс, көңілден таса қалдырмаса, игі.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу