Билік қайырымдылық көмекке "қол сұғуын" тоқтатады

5722

Ұлттық экономика министрлігі осыны қарастыратын ізгілікті әрі қызықты бастама көтерді.

Билік қайырымдылық көмекке "қол сұғуын" тоқтатады

"Қасіретті қаңтар" зардаптарын жоюға сеп

"Қазақстан халқына" қорына түрлі ұйымдар мен демеушілер қазірдің өзінде 12 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған. Бірақ оның 1,2 млрд теңгесін мемлекет алым-салық түрінде алып қоймақ. Себебі Қазақстанда қайырымдылық көмектен де 10 пайыз жеке табыс салығы жиналады. Осының салдарынан, ақша азайғандықтан, қаншама адам қамқорлықтан, демеуден тыс қалады деген сөз. Бас экономистің ведомствосы бұл әділетсіздікті жоюға ниетті.

Осы мақсатта қолданыстағы Салық кодексіне өзгеріс енгізетін заң жобасы әзір көрінеді. Құжат Қазақстан аумағында қайырымдылық қорларын құру практикасын дамытуға және олардың жұмыс істеуін ынталандыруға бағытталған.

"Егер заңды тұлға қайырымдылық көмек аударса, ол жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті болады. Сондай-ақ мұндай жағдайда қайырымдылық көмекті алатын жеке тұлғада, яғни төтенше жағдайдан, дүлей зілзалалардан, техногендік немесе экологиялық апаттардан зардап шеккен қарапайым қазақстандықта да осы салықты төлеу міндеттемесі пайда болады. Демек кез келген жағдайда қайырымдылық көрсетуші немесе оған мұқтаж жан мемлекетке, бюджетке 10% көлемде ЖТС төлеуге тиіс. Олай болмағанда, бұл сома да зардап шеккен жеке тұлғаға көмекті ұлғайтуға бағытталуы мүмкін еді", – деп түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Салықшылар іштей аяп тұрса да, зардап шеккендерден осы соманы өндіртуге мәжбүр. Өйткені Салық кодексінің 325-бабына сәйкес, жеке тұлғаға өтеусіз негізде ұсынылатын қайырымдылық көмек те оның табысы болып танылады және оған ЖТС есептелуі керек.

"Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша, бұл қор жеке тұлғаларға, мұқтаж жандарға өзі ақша таратпайды, көмек ұсынбайды. Қор өз есепшотына түсетін миллиардтар тасқынын Аружан Саинның "Добровольное Общество Милосердия" (ДОМ) қоры тәрізді қоғамдық қайырымдылық қорларға бағыттайтын, солардың жобаларын қаржыландыратын көрінеді.

"Президент тапсырмасы бойынша құрылған "Қазақстан халқына" қоры Қазақстанда жұмыс істеп тұрған қайырымдылық ұйымдары арқылы жұмыс істейді. Біз қандай да бір жеке бастамаларды алмастырмаймыз. Қайырымдылық қорлары арқылы қаржыландырылуы орынды деп танылған бағдарды табуымыз керек. Сондықтан қолдауға зәру азаматтар көмек алу үшін қайырымдылық ұйымдарына жүгінуі қажет. Өз кезегінде осы ұйымдар өтініш берушілердің құжаттарын тексеретін болады", – деді Б. Жәмішев.

Егер Ұлттық экономика министрлігінің заң жобасын Парламент қабылдаса, А. Саинның "ДОМ"-ы және бірыңғай порталда тіркелген басқа да 140 қайырымдылық ұйымы қосымша қаржыға қол жеткізбек. Олар салықтан босатылады.

"Осындай коммерциялық емес ұйымдар қайырымдылық көмек көрсеткен кезде, оларда жеке табыс салығын аудару бойынша міндеттеме туындайды. Өйткені Салық кодексінде қайырымдылық көмекке қатысты салықтық жеңілдіктер көзделмеген. Біздің ұстанымымызша, коммерциялық емес ұйымдар мен қайырымдылық қорлар табыс таппайды. Олар мұқтаж жандарға қайырымдылық көмекті, яғни ақша және мүлікті өтеусіз, тегін ұсынады. Ендеше олардың тегін бергені үшін мемлекеттің салық төлеуді талап етуі қисынсыз", – деп дәйектеді Экономика министрлігі.

Меморганның байламынша, төтенше оқиғалардан, апаттардан жапа шеккен азаматтардың тегін алған мүлкіне салық салу және қаражатының 10%-ын ЖТС түрінде ұстап қалу – "экономикалық тұрғыдан да орынсыз". Себебі бұл елде экономикалық, әлеуметтік және саяси ізгі ықпалы бар қайырымдылықтың дамуын тұсап тұр. Мысалы, Қазақстанда қайырымдылық ісі салықтан босатылмаған соң, шетелдік қайырылымдылық қорлары мен меценаттар қазақстандықтарға қолұшын созудан, демеуден ат-тонын ала қашады.

Ал Қ. Тоқаев "Қазақстан халқына" қорына "халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарланып отырғанын" мәлімдеді.

"Жеке тұлғаларда ЖТС бойынша салық міндеттемелерінің болуы дүлей зілзалалардың немесе түрлі төтенше жағдайлардың туындауы салдарынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарына қайырымдылық көмек көрсетуге үлкен кедергі келтіріп отыр. Бұл көрсетілетін қайырымдылық көмек көлемінің қысқаруына әкеп соғады. Салық төлеушілердің бұл санатында қайырымдылық көмек алғаны үшін қосымша салықтық салдар туындамауы қажет. Қайырымдылық көмек есебінен халықтың кедейлігін жоюға мүмкіндік бар", – делінген заң жобасына түсініктемеде.

Өртелген әкімдіктер де салықтан босатылмақ

Сонымен заң жобасы біріншіден, "қайырымдылық көмек" анықтамасын кеңейтуді қарастырады. Нақтылай кетсек, бұл ұғымға енді "дүлей зілзалалардың, техногендік және экологиялық апаттардың және өзге де төтенше жағдайлардың туындауы салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға берілетін қайырымдылық көмек" қосылмақ.

Екіншіден, қайырымдылық қызметіне салынатын қосылған құн салығын (ҚҚС) да алып тастау ұсынылып отыр. Бұл қайырымдылық қорларын дамыту және оларды ынталандыру үшін керек көрінеді.

Үшіншіден, егер қайырымдылық көмек аясында республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, өзге де мемұйымдар қайырымдылық қорларынан ақша немесе басқа мүлікті өтеусіз, тегін алса, онда сол үшін салық төлеуден босатылатын болады.  

Әйтпесе, мысалы, "қанды қаңтар" оқиғалары барысында біраз қаладағы әкімдіктерге, мемкәсіпорындарға шабуыл жасалып, олар таланып, бүлініп, өртелген. Осы жағдайда егер әлдебір демеуші кәсіпорын жиһаз сыйласа, әкімдік жиһаз құнын анықтап, салығын есептеп, аударуға мәжбүр болады.

Бұл заңнамалық түзетудің игілігін қарттар үйлері, жетімханалар, балабақшалар және басқа да мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар көріп, елеулі қаражатын үнемдей алады.

Жалпы әлемнің көптеген елдерінде, тіпті ТМД мемлекеттерінде қайырымдылық қаражат пен мүлік салықтан босатылған. Осы орайда Қазақстан билігінің халық болып жинаған жылу, қайырмалдық және демеушілік көмектен де ұялмай алым-салық алып келгені қынжылтады. Бұл олқылық енді түзеледі деген үміт бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу