Білім жүйесі қазақ тілінен теріс айналып жатыр

3407

Қазақстанда мемлекеттік тілдегі білім тоқырап барады.

Білім жүйесі қазақ тілінен теріс айналып жатыр

Еліміз ең ұлық межесіне – тәуелсіздіктің 30 жылдығына таяды. Бірақ осы үш онжылдық бойы билік шеше алмаған және жыл сайын күрмеуі күрделене түскен жайт бар, ол – тіл мәселесі. Бұл проблема посткеңестік кеңістікте Қазақстан мен Беларусьте ғана кездеседі. Салдарынан осы екі ел Мәскеудің саясатына тым тәуелді: ішкі тұрақтылығын сақтау үшін қалт етпей Кремльдің қас-қабағын бағуға мәжбүр.

Өкінішке қарай, мемлекеттік тіл түйткілдері шешілмек түгіл, оларға жаңалары жамалуда. Мысалы, қазақтілді мектептердің және ЖОО-лардағы топтардың жабылып жатқаны туралы азаматтар дабыл қағуда.

"Бұл мәселе жыл сайын ушығып барады. Мемлекеттік тілді қолдаудың орнына Ресей тілінің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүргендер жетерлік. Мысалы, Қарағандыда 3 студентке қазақ тобын ашудан бас тартты. Оның орнына орыс тобына құжат тапсырған 10 студенттің көңілін қалдырмау үшін оларға орыс тобын ашып беріп отыр. Сонымен қоймай, "2-3 студент үшін қазақ тобы ашылмайды" деп ол үш баланы да орыс тобына қосты. Сол баяғы жалтақ көңіл. "Мәскеу не дейді екен?" деген жағымпаздық. Керісінше мемлекеттік тілді қуатты дамыту үшін 2-3 студентке қазақ тобын ашып, орыс тобына құжат тапсырған 10 студенттің бәрін сол қазақ тобына қосуы, сөйтіп, IT саласының қазақтілді мамандарын дайындап шығаруы керек еді", – дейді жас кәсіпкер, қарағандылық IT маманы Нұрым Жолтай. 

Әңгіме болып отырған жағдай Қарағанды техникалық университетінде орын алған. Жоғарғы оқу орны бірер студентке бола жеке топ ашу экономикалық тұрғыдан тиімсіз депті.

"Онысы енді дұрыс емес. Абай айтпақшы, болашағын ойлаған ел білім, ғылымнан малын аямауы керек. Негізі, салада қазір болып жатқаны – жарқын болашақтың көрінісі емес. Мемлекеттік тілді қолдайтын басшылық бұл мәселеге бей-жай қарамауы керек еді. Біз бағыт алған озық 30 елдің ауылы тым алыс. Университет медицинадағы IT мамандарын қазақша даярлауға құлықты емес", – деген Нұрым Құсайынұлы болашағын ойлаған мемлекетте бүкіл ғылым мемлекеттік тілде оқытылуы керек деген сенімде.

Білім және ғылым министрлігі болса, мемлекеттік және жекеменшік ЖОО-лардың бәріне оқыту және басқару ісінде дербестік пен еркіндік берілген деп, бей-жай қалуға бейім. Ең сорақысы сол, ведомствоның өзі де қазақша оқытуды басымдық санамайды, басты басымдық – үштілділік. Ол үшін қазақ тілін құрбан етуге дайын секілді.

"Министрлік Қарағанды техникалық университетінде медицинадағы IT бағыты бойынша мамандарды қазақ тілінде оқыту үшін топтар ашу мәселесін қарады. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі "100 нақты қадам" Ұлт жоспарына сәйкес даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу қарастырылған. Осы орайда "Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына" сәйкес ЖОО-лар бүгінде білім беру бағдарламаларын үш тілде жүзеге асырады", – деп жауап қатты ресми блогында БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.

Оның мәліметінше, ЖОО-ларда оқу пәндерінің 50%-ын – оқыту тілінде (мемлекеттік немесе орыс), 20%-ын – екінші тілде (сәйкесінше орыс немесе мемлекеттік), 30%-ын – ағылшын тілінде оқыту көзделген.

Министр ол балалар орысша оқу ұсынылғанда оған қарсы шықпағанын айтады. Егер ана тілінде табандап, шу шығарғанда университет топ ашу мәселесін қарастыруы да мүмкін еді дегенге келтірді.

"Әңгіме болып отырған ҚарТУ-ға IT мамандарын дайындау бағыты бойынша жалпы саны 17 талапкер өтініш берген екен. Оның ішінде, мысалы, қазақ мектептерінің 3 түлегі жоғарғы білімді орысша алуға өтініш тапсырған. Мектепті орыс тілінде аяқтаған қалған 14 адам оқуын орысша жалғастыруға ниет білдірген. Дегенмен студенттер қазақ тілінде оқуға ниет білдірген жағдайда ҚарТУ заңнама аясында қарастаруға дайын екендігін білдірді", – дейді А.Аймағамбетов.

Бұл мәселе орта білім жүйесінде де қордалануда. Елорда тұрғыны Азамат Әбдіғалиев қазақ сыныптары балаға лық толғанына қарамастан, жаңалары ашылмайтынына шағымданады.

"Мәселен, ҚазМЗУ жанындағы жаңа ауданда, Мұхамедханов, Қорғалжың тасжолы ауданында мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп салуды қала әкімінен көптен бері сұрап келеміз. Қазіргі кезде осы алып аудан тұрғындарының балаларына тек жалғыз мектеп – №79 лицей ғана қолжетімді. Алайда бұл мектеп тек 1200 балаға арналған. Тиісінше шектен тыс жүктелген. Оның үстіне №79 лицейде қазақ сыныптары аз. Бұл да қосымша қиындық. Ауданда жыл өткен сайын халықтың тығыздығы артып келеді. Негізінен елордаға өзіміздің қазақтар көшіп келуде. Заңғар жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Тұрғындарға жақын жерде орналасқан қазақ мектебі қажет", – дейді Азамат Әбдіғалиев.

Бұл істе бас қаланың өзінде кері кету байқалады. Мысалы, бұрын №5 гимназия-мектеп аралас білім ордасы болатын. Жуырда ондағы қазақ сыныптары тегіс жабылып, ол толығымен орысша білім беруге көшкен. Елорда осылай бүлініп жатқанда, Ресеймен шектесетін шығыс, солтүстік өңірлердің жағдайы, болашағы не болады?

Нұр-Сұлтан тұрғыны Қуаныш Әділханұлы Есіл ауданының Сауран көшесінде биыл ғана ашылған №89 мектептің бұрын айтылғандай қазақша емес, аралас болып шыға келгеніне айран-асыр.

"Мектептің аралас болуына қандай мәселе негіз болды? Жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді ме? Кездесулер өтті ме? Ресми нәтижесі қайда? Қаланың бұл жаңа аймағы, "Времена года", "АСИ", "Көркем" тұрғын үй кешендеріндегі тұрғындардың 90%-дайы қазақтар, қазақтілділер. Олардың оқушы балалары ана тілінде білім алу үшін осы уақытқа дейін алыстағы қазақтілді мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болды. Ал мектеп аралас болса, яғни жартысы ғана қазақ тілінде оқытылса, қазақтілді оқушыларға бұл мектепте орын жетпей қалады. Президент Тоқаевтың өзі жолдауында: "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді" деді емес пе?! Президент қойған осы міндетті орындау – біздің де азаматтық борышымыз. Осы мақсатқа жетуге жаңа мектептердің аралас болуы кедергі және тежеу!" – деді ол БҒМ-ге хатында.

Тұрғындар тез арада бұл мәселені қайтадан жан-жақты қарап, бұл мектептің бір тілді – қазақтілді болуын сұрап жатыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу