Біреу шашып, біреу тасып жүр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3775

Жыл басынан бері қоғамдық орынды ластауға қатысты 790 әкімшілік іс қаралып, 42 азамат қамауға алынды. 

Біреу шашып, біреу тасып жүр

Еліміздегі қоқыс полигондарына жыл сайын 5 млн тоннадан астам қалдық шығарылады. Соның ішінде Астанадағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтың жылдық көлемі шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Ал бір тәулікте елорда да далаға 800 тонна қалдық тасталады.

Күн сайын қаланы қатты тұрмыстық қалдықтан арылту үшін "Астана Тазарту" ЖШС 23 учаскеде 2 ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші учаскеге - 47, екіншісіне - 23 арнайы техника жұмылдырылады.  

Елордадағы тұрғын үйлердің ауласына  9891 контейнер қойылған. Бірақ кей адамдар қоқысты контейнерге дейін жеткізбей, көрінген жерге лақтырып кетеді.

Швейцариядағы сияқты Астанаға да қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі-түсті 160 контейнер орнатылған. Тұрғындар қызыл, жасыл, сары және көк түсті 4 контейнердің қайсысына шыны, органика, пластик бұйым немесе қағаз тастау қажеттігін  шатастырмауы үшін контейнерлердің бетіне нұсқаулық жазылған. Бұдан бөлек бірнеше сауда орталықтарына істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс қойылған. Қала тұрғындары мұның біріне де назар аудармайды. Тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігіне әдеттегідей бір пакетпен тастай салады.

Біз осындай олқылықтың орнын толтыру үшін жеке кәсіп ашқан Асқар Жанұзақұлы есімді азаматпен сөйлестік. Ол Бәйтерек монументінің жанындағы Дипломат тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің алдынан қоқыс салынған пакеттерді жинап отыруды жолға қойыпты. "Қызметтің бұл түрі дәулетті тұрғындар арасында сұранысқа ие бола бастады да, тоқтап қалды. Себебі маған мұндай іспен айналысуға тыйым салынды", – деді ол.

Оның сөзінше, тұрмыстық қалдықты пәтердің алдынан алып кетіп тұрғаны үшін тұрғындардың әрқайсысы күніне 28, айына 750 теңге төлеп тұрған.

"ПИК-пен келісіп, жеделсатыларға хабарландыру ілдім. Осылайша адамдардың жалқаулығын табыс көзіне айналдырдым",  – дейді Асқар Жанұзақұлы.

Әкімдік өкілдеріне талапты азаматтың несімен жақпай қалғанын қайдам, әйтеуір көшені қоқыспен ластамау мәселесін Елбасының өзі бұған дейін екі мәрте көтерді. Президент 2012 жылы тәртіп сақшыларына қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтын адамдарды қатаң жазалауды ұсынды. "Мұндай адамдарды 3 тәулікке қамау керек" деген Елбасы 2015 жылы аталмыш мәселеге айналып соққанда көше ластайтындарды таяқпен жазалайтын Сингапурды мысал етті. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Оның Астанада жүзеге асырылу барысын біз қалалық ІІД жергілікті полиция қызметіне хабарласып білдік. Бізге берілген мәліметке сүйенсек, елорда сақшылары жыл басынан бері 790 әкімшілік іс қараған. Оның ішінде 42 азамат қоғамдық орынды ластағаны үшін қамауға алынған.

Швецияда тұрмыстық қалдық электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурде қоқыстың 90%-ы қайта өңделеді. Бұл көрсеткіш Германия мен Жапонияда 30%-ды, АҚШ-та 27%-ды, Швейцарияда 25%-ды пайызды құрайды. Дамыған елдерде қоқысты кәдеге жарату экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр.

Қазақстанда 43 млрд тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдық жинақталған. Өкінішке қарай оның тек 5%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Демек елімізде қоқыс көп бола тұра, оны өңдейтін зауыттар шикізатқа жарымай отыр. Соған қарамастан Астанада 2012 жылдың желтоқсанынан бері "Алтын-ТЕТ" деп аталатын серіктестік жұмыс істеп келеді. Онда 5 жылдың ішінде 1,5 млн тонна қатты қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуден өткен. Кешеннің бас директоры Егор Зингердің айтуынша, қайта өңдеудің жобалық қуатты жылына 250-300 мың тоннаны құрайды. Алдын-ала сұрыпталмаған қоқыстың арасында ірі қалдықтар да бар. Алайда олар барлығын қоса өңдеп, полигонға кететін қоқысты үш есе жеңілдетіп жатқан көрінеді.

"Сұрыпталған қалдықтардан қағаз, экомақта, пластмасса, полиэтилен, пластика, қара және түсті металл шығарылады. Тұрғындар үшін қоқысқа қағазды бөлек, қатты заттарды бөлек тастап жүргеннен барлығын бірге лақтыра салған оңай. Оның үстіне сұрыптап тастау үшін әр жәшіктің қасына бір-бір адамнан бекітіп, әрқайсысын жеке-жеке алып кететін арнайы көлік болуға тиіс. Зауытқа апарғанда да қабылдап алатын мүмкіндік керек. Бұл мәселелер шешімін таппайынша, жобаны 100 пайыз жүзеге асыру қиын. Сондықтан бізге алдымен адамдардың санасын өзгерту қажет", – дейді "Алтын-Тет" ЖШС-ның бас директоры.

Расында да экологиялық кодекстегі 288-баптың 3-бөлімінде "қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар 3 жыл ғана сақталуы тиіс" деп көрсетілген. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі шарт. Біз сол үдерістің қалай жүріп жатқанын білмек болып қаладан 6 шақырым қашықтықта, яғни Алаш тас жолының бойында орналасқан қоқыс полигонына бардық. 1974 жылдан бастап пайдаланылып келе жатқан орынның зауыт салынбай тұрған жылдардағы қолқаны қапқан иісі азайған. Шағын бір ауылдың көлеміндей аумақты қамтып жатқан полигондағы жыртылып-айрылатын қарға-құзғын, өгіз шағалалардың арасында қыз-қыз қайнаған тірлікке білек сыбана кіріскен жұмысшылардың қарасы көп. Арасында қоқысты сұрыптап өткізу арқылы өз нәпақасын тауып жүрген тұрғындар да бар. Қоянды ауылынан келген екі жас жігітті сөзге тартқанымызда, олар полигоннан қанша ақша алатындарын жасырып, бізден бойларын ала қашты. Ал зауыт өкілдері ол аумақты суретке түсіріп алуымызға рұқсат бермеді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу