Қоқыс құрсауындағы қоғам

3449

Павлодар облысындағы тұрмыстық қалдық жиналатын 337 орын санитарлық, экологиялық талапқа сай емес.  

Қоқыс құрсауындағы қоғам

Осының салдарынан қоршаған ортаға қауіп төніп тұр. Жалпы, облыс бойынша тұрмыстық қалдыққа арналған 3 полигон ғана заңдастырылып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Ал 337 қоқыс жинайтын орында сүзгі экрандары орнатылмаған. Қалдықтарды зарарсыздандыру бойынша жұмыс  жүргізілмейді. Полигонның шекаралары нақтыланбаған және қоршауға алынбаған. Облыстық экология департаментінің мамандары сәуір-мамыр айларында жүргізген тексеріс нәтижесінде өзге де олқылықтарды анықтады.

"Елді мекендердегі қоқыстардың 90%-ы – ауыл шаруашылығы қалдығы. Оның ішінде ауру тудыратын түрлі бактериялар бар. Олар басқа қоқыстармен араласып, үйіндіге айналған. Бұл адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян. Аудандардағы жергілікті билік өкілдері коммуналдық қалдықтың бөлек жиналуын, сақталуын, тұрақты түрде қоқыс аймағына шығарылуын, өңделуін ұйымдастырмаған. Шағын және орта бизнес өкілдерінің тұрмыстық қалдықты тасымалдауы, сұрыптауы, қайта кәдеге жаратуы үшін қажетті инфрақұрылым да жоқ. Ал бұл ҚР экологиялық кодексінің 292-бабында көрсетілген ережеге қарама-қайшы", – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қатысты экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін бірқатар ауылдық округ әкімдеріне айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы сомасы 505 064 теңгені құрап отыр. Бүгінде оның 378 798 мың теңгесі өтелген.

Еске сала кетейік, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап полигондарға пластмасса, пластика, полиэтилен, қағаз, құрылыс материалдарының қалдығын тастауға және сақтауға болмайды. Осы мақсатта былтыр Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы аулаларда барлығы 200 контейнер орнатылған болатын. Олар шамдар мен батареяларды жинауға ғана арналған. Екібастұз қаласында дәл осындай қалдықтарды өңдеумен айналысатын "ЭлектроТрансРеелто" ЖШС жұмыс істейді. Серіктестік директоры Владимир Колесниковтің айтуынша, кәсіпорын жылына 1 млн дана шамды қайта өңдей алады. Бірақ қазіргі уақытта кәсіпорынның қуаттылығы 30%-ды ғана құрап отыр.

"Осыдан  2 жыл бұрын облысқа қарасты қалаларда шамдар мен батереяларды жинауға арналған контейнерлерді өз қаржымызға қоя бастадық. Бір контейнердің бағасы – 300 мың теңге болды. Соңғы екі айда Павлодар облысындағы контейнерлерден 11 мың данаға жуық шамды жинап алдық. Кейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруді ойладық. Бірақ бұл іске тағы бір компания араласып, қазіргі уақытта жұмысымыздың қарқыны бәсеңсіп қалды. Сондықтан өндіріске қажетті пайдаланылған шамдарды Атырау, Орал, Талдықорған, Қостанай өңірлерінен тасымалдауға мәжбүрміз. Толық қуаттылыққа шыға алмай отыруымыздың негізгі себебі осы. Тағы бір себеп – адамдардың қалдықтарды бөлек жинау мәдениетінің қалыптаспауы. Көпшілігі шамдар мен батареяларға ғана арналған контейнерлерге  құрылыс материалдарын да, азық-түлікті де, киім-кешекті де сала береді. Бұл бізге қажетті шикізатты жинауға, оны әрі қарай өңдеуге кері әсерін тигізеді", – дейді Владимир Колесников.

Кәсіпкердің айтуынша, ескі шамдар өңделіп, одан сынап алынады. Қазақстанда дәл осы бағытта жұмыс істейтін зауыттар саусақпен санарлық.

"Сынапты сылып алу – өте күрделі жұмыс. Әр тамшысын саралап, арнайы құтыларға құйып, тиісті қоймаларда сақтаймыз. Кейін оны құрылыс материалдарын дайындауда қолданады", – деді ол.

Осы орайда әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне сүйенбеске болмас. Мәселен, Сингапур қоқыстан күніне 2500 мвт-сағат электр қуатын өндіреді. Швецияның электр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99%-ы түрлі қалдықтан тұрады. Францияда пластикті, шыныны және қағазды қоқыстан жасайды.

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 43 млрд тонна өндірістік және тұрмыстық қалдық жиналады. Соның небары 3 млрд 870 млн тоннасы ғана қайта өңделеді екен.

Елімізде тұрмыстық қалдықты сұрыптап, өңдейтін 130 кәсіпорын бар. Оның 10-ы Павлодар облысында орналасқан. Жуық арада мұндай нысандардың қатарын тағы бір кәсіпорын толықтыруы әбден мүмкін. Германиялық "Шнайдер Эдензи" компаниясы Павлодар қаласындағы Орталық өндірістік аймақтағы қоқыс полигоны жанынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Инвестициялық жоба нәтижесінде қайта өңдеуден өткен қоқыстың 20%-ы гипербелсенді көмір, ал қалған 80%-ы электр және жылу энергиясы болып шықпақ. Бұл жоба сәтті жүзеге асар болса, жоғарыда аталған әлемдік тәжірибе біздің аймақта да қолданысқа енеді.

Айта кетейік, "Жасыл экономика" тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылы Қазақстанда қалдық өңдеу көрсеткіші 40%-ға жетуге тиіс. Бүгінде бұл көрсеткіш небары  9%-ды құрап отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу