Биржа комитетінің өкілеті артады

1547

Тауар биржаларына қойылатын талаптар қайта қаралмақ. 

Биржа комитетінің өкілеті артады

Тауар биржаларындағы құйтырқы тәсілдер елге аса қажетті өнімдердің бағасын қолдан қымбаттатуға жол ашып отыр. Сондықтан саланы тәртіпке келтіру үшін биржаларға қойылатын талаптар қайта қаралмақ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин биржа өкілдерімен Open space форматында өткен кездесуде осындай мәліметпен бөлісті.

"Электронды сауда алаңдарын, биржадағы сауданы дамытпай бәсекелестікті дамыту, бағаның ашық түрде қалыптасуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Экономиканың негізгі заңы бойынша бағаның сұраныс пен ұсыныстың арасынан туындайтынын білесіздер. Біздің биржа да осы заңға сәйкес болуы керек. Менің жеке тәжірибем, агенттік құрылған қысқа уақыттағы сұхбаттар қазіргі жағдай керісінше екенін көрсетті. Мен қазір біздегі биржада әділетті баға қалыптасатын алаң жоқ деп есептеймін. Біздегі биржа керісінше маркетплейс сияқты. Сатушы немесе ресурс иесі бағаны белгілейді, сатып алушы соған бағынады. Келісімдер тауар биржаларынан тыс жасалады. Тек осы келісімді тіркеу үшін ғана биржаға шығарылады. Әрине, бұл – өкінерлік жағдай. Осы мәселе бойынша көп адаммен сөйлестім. Биржадағы "алтын тәсіл" саналатын екіжақты бетпе-бет аукцион жүйесі жұмыс істемейді бізде. Өйткені сатушының кім екені әуел бастан бәріне белгілі. Сатып алушылардың саны да саусақпен санарлықтай", – деген агенттік басшысы бизнесмендердің басындағы қиындыққа да тоқталды. 

"Бізде қарапайым бизнесмендер талайдан бері қандай да бір сауда алаңына шығып, ешқандай таныссыз, байланысыз өзіне керек өнімді қажет жерден сатып алып, кепілдікпен иемдене алмайтындай жағдай туындаған.  Биржадағы ашықтықты жұмсақ күштің көмегімен қамтамасыз ету мүмкін болмаса, қосымша тәсілдер қабылданады. Осы арқылы бәскелестікті қорғауды ұлттық идеяға айналдырғымыз келеді", – деді ол.

Серік Жұманғарин заңдағы талаптар мен бекітілген ережелерді елемейтін тауар биржаларын лицензиядан айыратын кез жетті деп ойлайтынын айтты.

"Маған жеткен ақпарат бойынша, еліміздегі тауар биржаларында тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша елеулі заңбұзушылықтар бар. Бұған дейін осы мәселеге неге назар аударылмағанын білмеймін. Осының өзі оларды лицензиядан айыруға негіз бола алады. Бұл биржалар кезінде үлкен үмітпен ашылса да, қазір құлақбауы үзілген чемоданның күйін кешуде. Тастауға қимайсың, тасу да қолайсыз. Бұл биржалардың көбі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Әзірге істеп кетпейтінде шығар. 

Сондықтан биржаларға қойылатын талаптарды қайта қарау керек шығар", – деді ол.
Агенттік төрағасы тауар биржаларында тәртіп орнату ісінде салалық комитетке үлкен үміт артылатынын, сондықтан оның қызметін қайта қарау қажеттігін атады.

"Сауда және интеграция министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, үйлесімді саясат жүргізуге тырысамыз. Одан да үлкен үмітті биржа комитетіне артып отырмын. Келесі аптада алғашқы отырысын жинап, алдағы қызмет бағытын талқылаймыз. Біріншіден, комитет қазіргі фукнцияларын қайта құрылымдайды. Екінші бағыт бойынша нормативтік-құқықтық базаны өзгертуге күш салады", – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ ол аталған қадамдардың бәрі Еуразиялық экономикалық одақ аясында жоспарланған интеграциялық процестерге дайындық екенін ескертті. 

"Жақын уақытта біздегі мұнай-газ, мұнай өнімдері, электр энергиясы нарығы ортақ нарыққа шығуы керек. Бұл тұрғыда біздегі алаңдардың ортақ нарықта жұмыс істеуге дайын болуы ел экономикасы үшін маңызды болмақ. Бұл нарық не бізді экспортқа шығарады, не бізге импортты кіргізеді. Ал ондай импорттың соңында салдары да болатыны түсінікті", – деді агенттік басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу