Бишімбаевтың құпия сөзі "Ақсәуле" болуы мүмкін

3093

7 қараша күні Астанада басталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушының ұстанымы белгілі болды.

Бишімбаевтың құпия сөзі "Ақсәуле" болуы мүмкін

2017 жылдың 12 қаңтарында "Бәйтерек" холдингі басқармасының экс-басшысы және бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевты қамауға алу туралы санкция берілді. Санкция мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды. Бұған дейін тергеу барысында айтылғандай, оған бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда "Бәйтерек" басшысы Қызылордада шыны табақшаларын өндіру және өңдеу зауытын салу кезінде компанияға қарасты "OrdaGlass" ЖШС және оның мердігер ұйымы "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы бюджет қаржысын жымқыру үшін арнайы қылмыстық схема құрған.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның нұсқасы бойынша, бұл іске жалпы 23 адам араласқан. Басты күдікті мүддесін қорғағаны үшін құрылыс компанияларынан пара алудың схемасын құрған. Сондай-ақ бұл іске қарамағындағы бағыныштыларды да қатыстырған. Мұны 7 қараша, сейсенбі күні Сәуле Сыдықова мен Әлібек Айтжанов бастаған мемлекеттік айыптау тарапы да растады. Олардың айтуынша, экс-министр "Байтерек"-те жұмыс істеген уақытта 8 мәрте пара алған. Оның жетеуі 346 млн теңгеге есептелген. Сонымен қатар оған 1,2 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысын жымқырды деген айып та тағылып отыр.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Қуандық Бишімбаев жасырын ережелер бекіткен. Аталған ереже бойынша "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде арендалық тұрғын үй құрылысына қатысуға ниетті құрылыс компанияларының әрқайсысы "Бәйтерек девелопмент" холдингімен келісімшарт жасау үшін пара беруге тиіс болған. Айыптаушылардың мәлімдеуінше, сотталушы параның болжанған мөлшерін белгілегенде құрылыс салушылар үміт еткен жобалардың табыстылығын ескерген.

"Бишімбаев өзі дайындаған қылмыстық жоспарды іске асыруды орындаушы ретінде Жақсыбаевты ("Бәйтерек девелопмент" АҚ басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев. – автор) таңдаған", – деді Әлібек Айтжанов.

"Пайда ойлаған Жақсыбаев сыбайлас жемқорлық ісіне қатысуға келісімін берген және Бишімбаев бастаған топтың атынан келіссөздер жүргізген", – деді ол.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Қуандық Бишімбаев Бақыт Жақсыбаевқа қылмыстық схемаға "Бәйтерек девелопмент" АҚ-ның топ-менеджерлері мен бірқатар қызметкерін тартуды тапсырған. Олар – мемлекеттік бағдарламаға тікелей қатысы бар және құрылыс жұмыстарына жауапты адамдар. Бұған дейін аталған іс бойынша тергеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство Бақыт Жақсыбаевтың қылмысқа қатысы бар барлық қатысушыны басқарғанын, тиісінше олардың немен айналысуы керектігін және қанша мөлшерде пара алуға тиіс екенін анықтап отырғанын мәлімдеген еді.

Осы орайда айыптау нұсқасы бойынша, экс-министр жасырын әрекет шараларын қолданған.

"Бишімбаев пара алуға делдал ретінде қатыстырылған туысын жасыру үшін, сондай-ақ қылмысының әшкереленіп қалмауын ескеріп, "Ақсәуле" деген құпия сөз ойлап тапқан. Нұрлыбек (Бишімбаевтың туысы. – автор) пара алу кезінде осы сөзді айтуға тиіс болған. Осыған байланысты Бишімбаев Айталиевке ("ҚазМұнайГаз" құрылымдарының бірінің бас директорының бұрынғы бірінші орынбасары Ерлан Айталиев. – автор) кездесу кезінде бұл туралы Исабекке ақпарат беруді тапсырған ("Құрылыс металл конструкциялар зауыты" ЖШС бас директоры Жақсылық Исабек. – автор)", – деді айыптау актісін оқыған мемлекеттік айыптаушы Сәуле Сыдықова.

"Бишімбаев сыбайлас жемқорлық ісін жүзеге асыру айыбынан сақтану үшін Жақсыбаевқа өзіне тиесілі параның үлесін Ақмола облысының Қосшы ауылындағы жер учаскесіндегі үйдің құрылысына пайдалануды тапсырған. Бұл ретте оның құрылысы тікелей өзімен келісіліп отырған", – деп жалғастырды прокурор.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, осы іске қатысы бар 23 күдіктінің 20-сы өз кінәларын толықтай мойындады. Ал Қуандық Бишімбаев пен оның ағасы Сұлтан Нұрлыбеков (басты күдікті осы туысқаны арқылы екі миллион доллар көлемінде пара алған), сондай-ақ құрылыс компаниялары бірінің басшысы өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Сонымен қатар 7 қараша күні өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған бірқатар айып бойынша түсінік беруді талап етті.

"Айыптаушы тарапқа сұрағым бар. 189-бап – жымқыру, ысырап қылу бойынша менің рөлім, Исабекпен, Олжабаевпен, Ибрашевпен (істің өзге де қатысушылары. – автор) қалайша сөз байласқаным маған түсініксіз", – деді айыпталушы.

"Айыптау актісінде бұл мүлдем ашып көрсетілмеген. Яғни келісімнің мәні қандай, қандай міндеттемелер жасалғаны айтылмаған. Егер әңгіме айыптауда келтірілген "Аванстан ақшаны ал. Алдағы уақытта орнын толтырамыз" деген менің Исабекке айтқан сөзімде болса, кеше айыптау актісін, барлық жауаптарды оқып отырып, іс материалдарынан мұндай жауап таппадым. Мұның бәрі қайдан шығып отыр, түсініксіз", – деді ол.

Сондай-ақ ол айыптау актісінде айтылған прокурордың пара алу туралы дәйектері қылмыстық істің материалдарында расталмағанын мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ бұрынғы министрдің пікірінше, паралардың бірінің сомасына қатысты келіспеушіліктер бар. Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Сәлімжан Мусиннің айтуынша, "Бәйтерек" ұлттық холдингіндегі тексеру жуырда ғана бас бостандығынан айырылған бизнесмен Мұратхан Тоқмадидің аты шулы мәлімдемесінен кейін басталған.

"Біздің пікірімізше, қорғалушымызға қатысты қылмыстық іс бұрмаланып отыр. Мен оған бүгінде сотталған Мұратхан Тоқмади мырзаның: "Мен құзырлы органдар мен қоғамның назарын Қызылордадағы шыны зауытының жобасына аударғым келеді. Бишімбаев мырзаның серіктес таңдауына күдік келтіремін" деген сұхбатын мысал ретінде келтіргім келеді, – деді сотта Сәлімжан Мусин.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері осы ақпаратты пайдаланған. Себебі "Бәйтерек" және оның еншілес компанияларының  қызметкерлеріне қатысты жедел тексеру 2016 жылдың 12 ақпанында басталды. Бұл – жедел тексеру басталған күн. Яғни БАҚ-та хабарлама жарияланғанына бар-жоғы үш ай өткенде "Бәйтерек" қызметкерлеріне қатысты толыққанды тексеру басталған", – деді адвокат.

Заңгер Мұратхан Тоқмади мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның департамент басшысының орынбасары Оксана Кексельдің "Бәйтерек" ісіне қатысты пікірін салыстыруды өтінді. Оның айтуынша, олардың сөзін бір адам жазып берген.

Еске сала кетейік, осы жылдың қазан айында қазақстандық бизнесмен Мұратхан Тоқмади бопсалау және қарудың заңсыз айналымы айыбымен үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Мұратхан Тоқмади "ҚазСтройСтекло" ЖШС бас директорының кеңесшісі болған және 2005 жылдан бастап бопсалау арқылы "Семрюжком" ЖШС және "ҚазСтройСтекло" компаниясының жарғылық қорының үлесін иеленіп келген күдікті ретінде қарастырылған еді. Қазіргі уақытта Қазақстанның ІІМ сотталған бизнесменнің мәлімдемесі бойынша, "Тұран Әлем" (БТА Банк) банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішев оның тапсырыс беруімен өлтірілді және аталған қылмысты жасыру үшін куәгерлерді сатып алуға қатысты тексеру жүргізуде.

Ал өз кінәсін мойындаған 20 адамға қатысты адвокат мынадай пікір білдірді:

"Түрмеге көп жылға отырғаннан гөрі, минималды мерзім алған жақсы (тергеуге көмектесу. – автор). Олар осындай себеппен куәлік беріп отыр", – деді Сәлімжан Мусин.

Сот ісі 8 қараша күні де жалғасты.

Еркебұлан Қыздарбек, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу