Бітімі бөлек жастардың пәлсапасын "батыс көрген" деп атадым - Әуесбайдың Қанаты

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
4737

Журналист Қанат Әуесбайдың "Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен" атты кітабы қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Бітімі бөлек жастардың пәлсапасын "батыс көрген" деп атадым - Әуесбайдың Қанаты Фото: baq.kz

Қазақстан Республикасының білім саласында жүзеге асырған ең ірі жобасы - "Болашақ" бағдарламасы. Қазақстанда нәтижелі реформалар жүргізу үшін сапалы кадрлар керек деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы өз қаулысымен "Болашақ" халықаралық стипендиясын бекітті. Осылайша, посткеңестік елдердің арасында Қазақстан алғаш болып жастарды мемлекеттің қаражаты есебінен шетелдің үздік оқу орындарына жібере бастады. Қазір "Болашақ" стипендиясы Қазақстанда карьералық өсудің кепіліне айналды. Оған мысал ретінде бүгінде министр мен әкім, ұлттық компанияларда бірінші басшының қызметін атқарып жүрген "Болашақтың" алғашқы түлектерін атауға болады.

1993 жылдан бері қазақстандық жастар "Болашақ" бағдарламасы арқылы бакалавр деңгейінде білім алып келді. 2011 жылдан бері бакалаврға оқыту тоқтап, магистратура мен PhD докторантура бойынша жолдама беретін болды. Жалпы "Болашақ" бағдарламасы басталғалы бері 12 мыңнан аса жас маман әлемнің 35 еліндегі 170 оқу орнында білім алған екен.

"Болашақ" бағдарламасының тарихындағы тың жаңалықтың бірі - 2014 жылдан бастап "Болашақ" бағдарламасымен журналистер де шет елде білім алатын мүмкіндікке ие болды.

"Болашақ" халықаралық стипендиясының журналистика бойынша алғашқы квотаның бірін журналист, тележүргізуші, блогер Қанат Әуесбай жеңіп алған болатын. Екі жыл Шығыс Англия университетінде оқыған Қанат Әуесбай бүгін қазақ және ағылшын тілдерінде Кэмбриджде басып шығарылған кітабын таныстырды.

"Болашақ" қауымдастығының мүшесі Ақерке Абылайханның айтуынша, "Болашақ" журналистерді шет елге текке жібермегенін көріп отыр.

"Қанаттың кітабын Кембридж сияқты әлемдік рейтингіде алдыңғы орында тұрған университеттің профессорлары мен студенттері, Англияда оқып жүрген қазақ студенттері зор ықыласпен қабыл алды. Кітапқа деген ол жақтағы қызығушылық зор. Өздеріңіз де білесіздер, батыстың академиялық ортасы тың жаңалыққа құмар келеді. Сондықтан, Англия мен Қазақстан арасындағы білім беру жүйесін салыстыра отырып, қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған бұл кітаптың құны жоғары деп ойлаймын. Осы кітапқа қарап, журналистерді шетелге оқуға текке жібермеппіз деп ойладық. Жалпы, шетелдегі жағдайдың, батыстағы білімнің қандай екенін "Болашақпен" барған студенттердің көбі біледі. Бірақ сол көрген-білгенін журналистік көзбен ой түйіп жазған кітап расымен де құнды", – дейді Ақерке Абылайхан.

Қанат Әуесбайдың өзі болса, кітабында кереғар пікір жоқ екенін, тек қана Ұлыбритания мен Қазақстанның әр саласы салыстырмалы түрде жазылғанын айтып отыр.

"Кеңес уақыты кезінде қазақ жастарына қатысты "Мәскеу көрген", "Тәшкен көрген" деген түсінік болатын. "Мәскеу көрген" дегініміз - зиялық, білімді, елгезек жастардың синонимі тәрізді болды. Ал "Тәшкен көрген" деп пысық, найзағайға нан пісірген, еңбекқор қазақ жастарын айтатын еді. Бүгінгінің басымдығы басқа. Сондықтан ескі стереотиптен ада, жаңаша ойлай білетін, білімді, батыстың озық оқу орындарында оқыған, "сен тұр, мен айтайын" деген, бітімі бөлек жастардың пәлсапасын "батыс көрген" деп атағым келді", – дейді Қанат Әуесбай.

Қанат Әуебай екі жыл бұрын Шығыс Англия университетіне оқуға барғанда университеттің кітапханасынан қазақстандық авторлардың кітабын таба алмаған екен.

"Шетел кітапханаларындағы қазақ авторларының шығармалары жұтаң күйде екен. Өкінішке қарай, жоқтың қасы. Сондықтан университетіміздің кітапханасында бір қазақтың кітабы тұрсыншы деп, осы кітапты жазуды ойға алдым. Кітабымның тұсаукесері ел егемендігінің 25 жылдығымен қатар келді. "Болашақ" бағдарламасы – Қазақстан Тәуелсіздігінің басты жемісі, сондықтан "Болашақтың" түлегі ретінде "егемендік маған осындай мүмкіндік берді, ал егемендікке мен не бере алдым" деген сұрақтың жауабын осы кітап деп білемін", – дейді журналист.

Автордың кітабы 10 бөлімнен тұрады және автор, өзі атап өткендей, кітапта кереғар пікірлерден бойын аулақ ұстапты. "Шетелге барғандар "бұл жерде бәрі керемет екен, Қазақстан осы күнге қашан жетер екен?" деген пікір айтады кейде. Бірақ бұл кітапта керітартпа пиғылды пікірлер жоқ, бәрі салыстырмалы түрде", – дейді ол.

P.S: Қанат Әуесбай – "Болашақ" халықаралық Президент стипендиаты, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" сыйлығының иегері, Еуразия теледидар және кино академиясының мүшесі (Мәскеу қаласы), "Қазақстан – 2050" Жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу