Биыл былтырғыдан аз астық жиналады

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
4807

Қазақстан бидайға емес, майлы дақылдарға басымдық беріп отыр

Биыл былтырғыдан аз астық жиналады

Халық­аралық астық кеңесінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан экспортқа 9,5 млн тонна астық шығарды. Оның 8,3 млн тоннасы бидай болды. Отандық өнімді Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран мемлекеттері сатып алды.

Былтыр елімізде 19,3 млн тонна астық жиналды, оның 14,8 млн тоннасын бидай құрады. Биыл қамбаға 17,8 млн тонна астық құю жоспарланған. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес, өнімнің 13,7 млн тоннасы бидай болады.

Байқасаңыздар, биыл өткен жылғыдан 1,5 млн тонна аз астық жиналады. Бұған 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ықпал етіп отыр. Аталмыш бағдарламада егіс алқаптарын әртараптандырып, бидай егетін алқапты 2,3 млн гектарға қысқарту көзделген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда бидай  шектен тыс себіледі және ысырап болады. Астық көбейген сайын оның экспорттағы бағасы арзандайды. Ал артық астықты шірітпей сақтау, өте қиын жұмыс.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің сөзінше, бидайды ысырап қылмау үшін Қазақстан майлы дақыл өсіруге басымдық беріп отыр.  

"Майлы дақылдарға сұраныс көп және одан мол табыс түседі. Көрші Қытай мемлекеті бізден жыл сайын 100 мың тонна майлы дақыл сатып алуға дайын екенін біліп отырмыз. Ұсыныс сұранысқа сай болуға тиіс. Осы бағытта ауқымды шаралар атқарылып жатыр", – деді вице-министр үкімет отырыстарының бірінде сөйлеген сөзінде.

Арман Евниевтің айтуынша, қазір ел аумағында 1,4 млн тонна сұйық май өндіріледі. 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 млн, 2025 жылы 3,5 млн тоннаға жеткізіледі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 49 май зауыты бар. Болашақта тағы 13 май зауыты салынады. Бұл ретте статистика комитетінің сандары былай сөйлейді: бір жыл бұрын күнбағыс майымен табыс тауып отырған кәсіпкерлер ішкі нарықтағы сұраныстың 73,4%-ын қанағаттандырып, сұйық май импортын 6%-ға азайтты. Ал өздері экспортқа 39,6 мың тонна күнбағыс майын шығарды. 

Ұмытпасаңыздар, былтыр майлы дақылдардың егіс алаңы 444 мың гектарға кеңейтілді. Есесіне соңғы 2 жылда бидай алқабы 467 мың гектарға қысқарды. Үкімет бұл қадамға саналы түрде барды.

Бір қарағанда ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлініп жатқан сияқты болып көрінеді. Алайда тереңірек үңілсең, қордаланып қалған және жыл сайын қайталана беретін келеңсіз жайттардың түйіні күні бүгінге дейін тарқамағаны аңғарылады.  

Мысалы, дихандарға жеңілдікпен берілетін дизель отынынан биыл тағы да  шу шықты. Қазақстан фермерлер одағы дизель отыны қымбаттап кеткенін  айтып, дабыл қақты. Алайда олардың сөзі билікке жеткен жоқ. Екі ортада дихандардың қалтасы қағылды. Бұған қоса биыл ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру көрсеткіші күрт кеміді. Finprom.kz ақпараттық-сараптамалық порталының мәліметінше, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласының несие портфелін бір жылда 13%-ға қысқартты.

Бүгінгі таңда солтүстіктегі көршіміз өзін дүниежүзіне астық державасы ретінде танытып отыр. Ол бидай өндірісі мен астық экспорты мәселесінде Қазақстанды бәсекелес деп біледі және бізді әлемдік нарыққа шығармау үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды.

Осыған дейін Қазақстан мен Ресей бір нарықта жұмыс істеп келді. Бірақ үнемі астық экспортында Ресейдің мерейі үстем бола берді. Себебі олар теңіз порттарын тиімді пайдаланды.

Майлы дақылдарға басымдық беру арқылы Қазақстан Ресейдің астық нарығында өзіне көрсетіп отырған қысымынан құтылады, бидайды ысыраптан сақтайды және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі мәлімдегендей Қытай нарығынан қыруар қаржы табады.

Бұлбұл Болат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу