Бірден 9 облыс әкімі ауыр ахуал туралы дабыл қағуда

9625

Жыл аяқталып қалғанына қарамастан, Үкімет шұғыл шараларды қолға алды. 

Бірден 9 облыс әкімі ауыр ахуал туралы дабыл қағуда

Қазіргі кезде "қаржылық, фискалдық жылдың" аяқталуына байланысты қазына шығындарының түпкілікті есеп-қисабы шығарылып, қорытындылануда, тендерлер де тәмамдалып жатыр. Алайда ауыл-аймақта қиын жағдай орнауына орай Үкімет өз резервін қайта ашуға мәжбүр.

Премьер Асқар Мамин атына Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығынан Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы өтініш түсті.

Құжатта ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі облыстардың басым көпшілігіндегі, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жағдайы "аса ауыр" екенін жеткізді. Сондықтан "шұғыл шығындарға" Үкімет резервінен 36 млрд 700 млн теңге қаражат бөлуді сұрады.

Жалпы, жалғыз бұл емес, аймақ басшылары да дабыл көтеріп, Министрлер кабинетіне хат жаудырған. Мысалы, биылғы 30 қарашада Алматы, Қарағанды облыстары және БҚО әкімдіктерінен, 1 желтоқсанда ШҚО әкімінен, 3 желтоқсанда Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары әкімдерінен, ал 5 желтоқсанда Түркістан облысы басшылығынан хаттар келіп түсіпті.

АШМ өтінішіне жауап хатта қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов "Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың туындауын болдырмау мақсатында" шұғыл шығындарға 36,7 млрд теңге бағыттау қажет екенін қадап айтады.

Сонымен, бұл мол қаржы аталған 9 өңірдегі асыл тұқымды мал өсіретін фермерлерге үлестірілетін болады.

Әйтпесе, бір ай бұрын ақтөбелік фермерлер митингіге шыққаны мәлім. Шеру кезінде олар өздерін "мемлекеттік бағдарлама құрбандары" деп атады. Олар өзге өңірлердегі әріптестері секілді бағдарлама аясында өздеріне тиесілі субсидияны ала алмаған.

Қазір қарызға белшеден батқан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер асыл текті қымбат малдарын жаппай бауыздап, етке өткізуде. Себебі лайықты азық-жемсіз Зеңгі баба және Шопан ата түлектері жүдеп барады. Етке де жарамай қалуы ықтимал. Мал шаруашылығын дамытуға деп алған кредиттерін жабу үшін ауылдықтар сол малын союға мәжбүр. Егер бәрін сойып тастаса, мемлекет демеуқаржы бермейді. Соймасқа олардың амалы жоқ.  

АШМ-ның жарнамасына сеніп қалған ауылдықтар дүние-мүлкін салып, кредит алып, шетелден асыл тұқымды мал алғызды. Бірақ субсидияға арналған Qoldau электронды жүйесінің қаптаған сынынан өте алғандарының өздеріне мемлекеттік қолдаудың уақыты берілмейтіні жөнінде, әрине, жарнамада ештеңе айтылмайды.

"Шаруа адамының өмірін жеңілдету керек. Ол бар күш-жігерін сергелдеңге емес, мал өсіруге, азық-жемін әзірлеуге, жер жыртып, дән егуге жұмсағаны жөн. Qoldau олардың өмірін қиындатпаса, жеңілдетпеді. Өйткені ол Әділет министрлігінің деректер базасымен, мемлекеттік жер кадастры автоматты ақпарат жүйесімен, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру бағдарламасымен, ауыл шаруашылығы басқармасының техниканы есепке алу базасымен интеграцияланған. Жиі істен шығады немесе ілініп тұрып қалады. Ал субсидияға құжаттарды қағаз күйінде қабылдамайды. Бұл олқылықтар жойылғаны абзал", – дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің басшысы Асқар Жақыпбаев.

Сонымен, тоғыз облысқа "асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға" 36,7 млрд теңге бөлуді қарастыратын Үкімет қаулысының жобасы әзір. Енді облыстар әкімдері 25 желтоқсанға дейінгі мерзімде мал шаруашылығы саласындағы субсидиялар көлемі жөніндегі қолданыстағы өз қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп шығуға тиіс.

Құжатта Премьер-министр Асқар Мамин әкімдерге "2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін қаражаттың игерілуін қамтамасыз етуді" жүктеді.

"Саяси, әлеуметтік және экономикалық шиеленістің туындауына жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігіне 2019 жылғы 5 желтоқсанда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялауға Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы өтінішхат жолдаған еді. Бұл шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдындағы субсидиялар бойынша берешекті өтеуге және өңірлерде әлеуметтік шиеленісті жоюға мүмкіндік береді", – дейді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Ведомствоның түсіндіруінше, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелерінің 1-тармағы бойынша субсидиялау "жергілікті бюджеттің тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражаттары шегінде жүзеге асырылады". Басқаша айтқанда, облыс қазынасының жағдайына, шама-шарқына қарай беріледі.

Демек, асыл тұқымды мал өсіруді жарнамалау кезінде Үкімет оның ел арасында сұранысқа ие боларын, тиісінше, әлдеқайда көп ақша талап етілерін ескермегенге ұқсайды. Барлық фермерді қаржымен көтермелеуге өз қазынасынан қаражат таппаған өңірлер олардың бір бөлігінің субсидиясын өтеуді 2020 жылға қалдырған көрінеді. Бұған наразы шаруалар қарызын жабу үшін алыстан жеткен асыл текті малды пышаққа жыға бастады. 

АШМ дерегінше, 2019 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 76,7 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, тағы 21 мыңнан астам өтініш субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде төлемін күтуде.

"Дәл қазір жұмыс орындарын сақтап қалу, әлеуметтік және өндірістік тұрақтылықты, жұмысшыларға жалақылардың, ал бюджетке салықтардың уақытылы төленуін қамтамасыз ету, халықтың көші-қонын болдырмау бойынша пәрменді шаралар қабылдау міндеті тұр. Бұл үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету керек. Ол қолдаудың елеулі бір шарасы – қалыптасқан берешекті төлеу болмақ. Осы бағытта шара қабылдамау мал шаруашылығын дамыту үшін теріс салдарларға, өндіріс көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін. Бұл тұтастай алғанда, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді", – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі. 

Қалай болғанда, билік биылғы қарызын өрт сөндіргендей, резервтен миллиардтарды лақ төгіп, сөндіруде. Алайда мәселе сол қалпы қалды. Егер ауылдықтар асыл тұқымды малға ары қарай белсенді ден қоя берсе, келесі жылы да олардың бәрін субсидиялауға жергілікті бюджеттер жетпейді. Ендеше төтенше емес, кешенді шешімдер керек. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу