Суррогатпен төл алудың тиімділігі көп

6513

Павлодарда эмбриондарды трансплантациялау арқылы сүтті сиыр басын көбейту көзделіп отыр.

Суррогатпен төл алудың тиімділігі көп

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары биотехнология әдісі бойынша сиырларды көбейтуге қатысты жоба әзірледі. Бұл зерттеу жұмысы Дүниежүзілік банк тарапынан қаржыландырылып, 25 млн теңге бөлінді. Аталмыш сомаға ғалымдар шетелден қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, Германияда біліктілікті арттырған. Қазіргі таңда жоба жасаушылар Успен ауданындағы "Галицкое" және Шарбақты ауданындағы "Победа" шаруа қожалықтарымен бірлесіп жұмыс істеуде.

"Соңғы уақытта елімізге ірі қара малды шетелден әкелу жағдайы жиілеп кетті. Кейбірі біздің климатқа шыдас бермесе, енді бірінен аурулар анықталып  жатыр. Сондықтан, өзіміздегі сиыр басын көбейту керек деген байламға келіп, ғылыми жобаны қолға алдық. Бұл бастаманы облыстағы екі ірі шаруашылық қолдады. Жоғары өнімділікті донор мен реципиентті іріктеп алу, оларды дайындау, эмбрионды отырғызу оңай іс емес. Аталған шаралардың барлығы тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мәселен, "суррогатты" сиырдың салмағы 380 келіден кем болмауға тиіс", – дейді агротехнологиялық факультет деканының орынбасары, PhD доктор Талғат Сейтеуов.

Бүгінде бұл жобаның нәтижесі бар. Мәселен, "Галицкое" шаруа қожалығында эмбриондарды трансплатациялау арқылы жеті бұзау туды. Олардың салмағы 60 келіге дейін жетеді. Тіпті, суррогат сиырлардың бірі егіз бұзау туған екен. Бұл – сирек кездесетін жағдай. Одан бөлек, 120 реципиенттен 50-60 бұзау күтілуде. Наурыз айында тағы 400 эмбрион отырғызылып, жыл соңына дейін 200 бұзау алу ойда бар.

"Бүгінде шаруашылықтар жылына, нақтысын айтқанда сауын жүретін 305 күнде бір сиырдан 3 мың литрге жетер-жетпес сүт алады. Еуропада бұл көрсеткіш 10-11 мың литрді құрайды. Біздің елде де осындай көлемдегі сүт алуға болады. Ол үшін трансплатациялық технологияны қолданып, сүтті сиырдың санын көбейту керек. Жоспар бойынша, осы әдіс арқылы туған бұзаулар кейін жылына 8 мың литрге дейін сүт беретін болады", – дейді Талғат Сейтеуов.

Ғалымдардың бұл қызметі тегін емес. Келісімшартқа сәйкес, шаруашылық иесі әр эмбрион үшін университетке 50 мың теңге төлейді. Өз кезегінде шаруа қожалығы мемлекеттен бір бұзауға 80 мың теңге субсидия алады. Жоба жасаушылардың айтуынша, басқа кәсіпкерлер тарапынан мұндай технологияға қызығушылық бар. Алайда, донор және "сурогатты" сиыр болуға лайық ірі қара мал табылмай тұр.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу