2018 жылдың желтоқсанының ортасындағы мәлімет бойынша, етті мал шаруашылығында Шығыс Қазақстанға биылғы жылға жоспарланған импорттық асыл тұқымды ұрғашы ірі қара мал басының тек 19%-ы ғана сатып әкелінген. Негізі 10 мың импорттық асыл тұқымды сиыр сатып алу жоспарланғанымен, желтоқсанның ортасында өңірге тек 1936 бас қана жеткізілді. Бұған қарағанда қой сатып алу жоспары көш ілгері. 15 мың ұсақ мал басын сатып алу жоспарланған болатын, ал іс жүзінде тек 77%-ы ғана сатып алынды. Шығыс Қазақстанда АӨК-ні дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындысын жасаған ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазян осындай санды келтірді. Ауыл шаруашылығына жауапты мекеме мәліметтер күн сайын өзгеріп, мал басы өсіп келе жатқанын алға тартып отыр. Дегенмен 2018 жылға арналған мемлекеттік бағдарламадағы басым бағыттардың орындалу жағдайы айтпаса да түсінікті.
Владимир Гайламазянның келтірген мәліметіне сүйенер болсақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер желтоқсанның ортасындағы жағдай бойынша, тек 8,6 мың бас импорттық асыл тұқымды сиыр сатып алуға өтініш берген. Оның ішінен 2349 өтініш мақұлданып, қаржылық институттар арқылы 4813 бас сиыр сатып алуға қаржы бөлінген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев импорттық ұрғашы ірі қара малға субсидия берілетінін, бірақ оны сатып алу үшін алдымен кепіл керектігін айтты.
"Кепілі барлар дер кезінде алға тырысуда, – деп түсіндірді ол abctv.kz-ке. – Ал кепілі жоқтарға қаржы институттары несие бермеуі мүмкін. Басты себеп – кепілдің жоқтығы. Малды кепіл ретінде қоюға кей жағдайларда ғана рұқсат беріледі. Ал негізінен шаруалар мен фермерлерден жылжымайтын мүлікті кепілге қою талап етіледі".
Оның ақпары бойынша, Шығыс Қазақстан облысы асыл тұқымды ІҚМ-ды Аустралиядан сатып алуда, ал жартысы Ресейден тасымалданып жатыр. Сүтті сиырлар Беларусь, Ресейден сатып алынуда.
"Сүтті сиырдың бізге қажетті көлемі Ресейдің жақын орналасқан өңірлерінде болмауы да қиындық тудырып отыр. Алайда 2019 жылы өңірге әкелінетін импорттық мал әкелу жүйесін құрамыз деп отырмыз, содан кейін әрі қарай мал басын өсіру үшін ауылшаруашылық құрылымдарына сатылатын болады. Кәсіпкерлерде осымен айналысқысы келеді", – деп отыр Гайламазян.
Ауыл шаруашылығы басқармасы қой сатып алуға қатысты жағдай басқаша екеніне тоқталды. Қазір барлық жерде қойға деген сұраныс азайып келеді. ШҚО бойынша қойдың саны төмендеуде. Бұған облыстық статистика басқармасы сайтының мәліметтері де дәлел бола алады. Мысалы, 2018 жылдың қаңтар-қарашасында ІҚМ басы былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 104,4%-ға өсіп, 995 мың болған. Ал жылқы малы – 108%-ға (344,5 мың), шошқа 109%-ға (64,2 мың) өскен. Ал 1,5 млн-нан астамды құрайтын қой басы былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда азайған. Осы арада статистикалық мәліметтерде келтірілгендей, қойдың басым бөлігі, яғни 769,3 мыңы шаруа қожалықтары мен фермерлердің, ал 739,6 мыңы жеке қолда екенін көруге болады. Ал ауыл шаруашылық кәсіпорындарында тек 48,8 мың ғана қой бар.
Дегенмен ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қой санының азаюы уақытша ғана екенін, сұраныстың артуынан қойдың бағасы көтерілетін уақыттың алыс емес екенін айтып отыр.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы ет және ет өнімінің экспортында қиындықтар бар екенін атап кетті. Үкіметтің бағдарламасы бойынша 1 мың тонна ет шетелге шығарылады деп жоспарланған болатын, дегенмен қазір дәлелді себептер бойынша жоспар жылына 500 тоннаға дейін төмендеген.
"Алайда бүгінгі күні ет өнімін тек Өзбекстанға ғана шығара аламыз. Қытайдың стандарттары бойынша сертификатталған зертхананы пайдалануға бергеннен кейін ол жаққа экспортқа шығарамыз деп отырмыз. Оны іріктеп және тексерілген кәсіпорындар сатып алатын болады, – дейді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы. – Қазіргі орын алып отырған ветеринарлық кедергілерден шығыстан етті Ресейге шығара алмай отырмыз. Өзбекстанға 80 тоннаға дейін еттің алғашқы партиясын шығардық".
Қабылданған өңірлік тұжырымдамаға сәйкес, жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары – сүтті мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, суармалы егіншілікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, АӨК саласындағы цифрландыру мен экспорт.
Владимир Гайламазянның келтірген мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 395,5 млрд теңгеге жеткен. 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу 6,2% болған. Дегенмен 11 ай ішінде бұл көрсеткіш 10%-ға артып, 466 млрд теңгені құраған. Биылғы жылдың 10 айындағы жалпы өнім көлемінің нақты индексі 102,8%, ал 11 айда 103,7% болған.
Бұл ретте еліміз бойынша орташа көрсеткіш 102,9%-ға тең. Шығыс Қазақстан облысының тамақ және өңдеуші кәсіпорындары 106,2 млрд теңгенің тауарлық өнімін шығарған. Яғни, 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстыратын болсақ, 9,9%-ға өсім бар.
ШҚО-ға республикалық бюджеттен инвестициялық субсидиялауға қосымша 800 млн теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған қаражат 49,3%-ға артып, 18,2 млрд теңге болған. Шығыстағылар өңір ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің артқанын мақтан ете алады.
"2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында ауыл шаруашылығында бір ғана жұмыспен қамтылушының еңбек өнімділігі 757,5 мың теңге болған, бұл былтырғы деңгейден 7,8 пайызға артық. Даму тұжырымдамасына сәйкес, жылдың соңына қарай ол 2,7 млн теңге болуға тиіс", – деп қосты Владимир Гайламазян.
ШҚО-дағы ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 2017 жылдың осындай кезеңіндегіне қарағанда 69%-ға өсіп, 197,8 млн доллар болған. Еттің барлық түрлерін өндіру 4,4%-ға, сүт 4,2%-ға, жұмыртқа 1%-ға өскен. Жалпы жиналған астық 13%-ға артқан, күнбағыс дәні 6%-ға, картоп 2%-ға артқан.
Ольга Ушакова