Бақытжан Сағынтаев: Семейліктердің өмір сапасын көтеру қажет

​Шығыс Қазақстан облысында іссапармен жүрген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев облыстың білім беру саласына оң баға беріп, Семей қаласының тіршілік сапасын сынға алды.

Бақытжан Сағынтаев: Семейліктердің өмір сапасын көтеру қажет

Әуелі үкімет басшысы Семейдегі әуежайдың жай-күйімен танысты. Бәссауда арқылы жекенің меншігіне өтіп кетіп, кейін сот  шешімі бойынша мемлекет балансына әупіріммен өткен нысанға жергілікті әкімдік халықаралық "В" класты әуежай мәртебесін алып бермекші. Сол үшін әуежайдың инфрақұрылымын жетілдіруге "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы 10,1 млрд теңге бөлінген. Бұл жоспар орындалса, шаһар арқылы 300 адамдық Boeing, Airbus, ИЛ-76 сияқты ұшақтары Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне сағат сайын 200 адам тасымалдайтын болады.

Семейде баспана кезегі жылжымай тұр
Үкімет басшысы Семейдің іргесінен орын тепкен Қарағайлы шағын ауданына да аялдады. Жаңадан салынған аудан баспанасыз халықтың мәселесін шешеді деп күтілуде. Жалпы көлемі 203 гектарды құрайтын аумақта 25 мыңнан астам адамға пәтер салынуы тиіс. Үкімет басшысы тұтас бір аудан бой көтерсе де, шаһарда баспана кезегі азаймай тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

"Қала әкімі кезекте 39 мыңдай адам тұрғанын айтады. "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің" бағдарламасына енгендердің арасында қарапайым халықтың үлесі тым аз. Осыған қарап өмір сапасының төмен екендігін аңғаруға болады. Коммерциялық үйлерді көбейтіп, оның бағасын қолжетімді еткен жағдайда ғана баспана кезегі сейілуі мүмкін. Жұмыс істеу қажет", – деп қадап айтты Бақытжан Сағынтаев.

Бақыршықтың алтыны салық болып қайтуда
Премьер-министр Жарма ауданындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында болып, алтын өндіру жұмыстарымен танысты. Биылғы жазда іске қосылған кәсіпорын қыркүйек айында алтынның алғашқы тоннасын алған болатын. Бүгінге дейін фабрикада 300 мыңнан астам тонна кен өңделіп, 13 мың тонна алтын концентраты алыныпты. Мұндағы таза алтынның қоры 280 тонна деп бағаланып отыр.Қазір кәсіпорында 1100 адам еңбек етуде. Оның 40 пайызы Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардың тұрғындары екен.  Компания төрт жылда жергілікті бюджетке 4,5 миллиардтан астам теңге салық түсірген. Сонымен қатар, үкімет басшысы "Қызыл" атты жаңа жобаның тұсаукесеріне қатысты.

"Бұл жоба болашақта алтын мен өзге де қазба байлықтарды барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және саудалау жұмыстарын кешенді жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 103 миллиард теңгені құрап отыр", – дейді "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС директоры Юрий Овчинников.

Таратуға тұратын тәжірибе
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Өскемендегі №46 орта мектепте болып, білім бер саласындағы ілкі жобалармен танысты.

Премьер-министрге аталмыш мектеп базасында "Менің мектебім" акциясының нәтижелері таныстырылды. Осы акция аясында өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер "Парыз" қорына 2,8 млрд теңге аударған болатын. Сол қаражатқа 277 мектептің физика, химия, биология, IT технология кабинеттері Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықталған. Бұдан бөлек аталмыш қаржы есебінен 600 мұғалім кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған.

Өңірдегі білім беру саласына тың серпін берген акция 2021 жылға дейін жалғаспақ. Екінші кезеңде демеушілердің қаржысына 492 мектепті 1068 актив панельмен қамту көзделген.

"Сенсорлы экранмен жабдықталған бұл панельдер оқушының ақпаратты тез меңгеруіне таптырмайтын құрал. Бұрын қандай да бір тәжірибені іс жүзінде жасау қажет болса, қазір актив панельдің көмегімен соның бәрін экранда көрсетуге болады. Мұғалім тақтаға бормен кесте сызып, қаламмен жазып әуре болмайды", – деп таныстырды мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева.

Мектеп оқушылары биылғы оқу жылында ғана қолданысқа берілген пән кабинеттерін қаншалықты жылдам меңгергендерін іс жүзінде көрсетті. Заманға сай жабдықталған пән кабинеттерін кезек-кезек  аралаған Бақытжан Сағынтаев жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

"Облыс әкімінің айтуынша, еліміз бойынша ашылған IT-сыныптардың 90 пайызы Шығыста екен. Сенсорлы панельде кез келген зертханалық жұмысты электронды түрде жасайтындай жағдай бар. Бұл әрі қолайлы, әрі тиімді" – деді премьер-министр.

Үкімет басшысының назарына білім беру саласында жүзеге асып жатқан өңірлік бағдарламалар да ұсынылды. Түлектердің өзге мемлекетке ағылуын тоқтату үшін жыл сайын облыс бюджетінен оқу гранттары бөлінуде. Биыл ондай гранттар саны 446-ға жетіп отыр. Осы қадамдардың арқасында сыртқа кеткен түлектердің саны екі жылда 1800-ден 636-ға азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, Шығыста үш ауысымдық мектептер мен апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілер күн де алыс емес.

"2017 жылы облыс бойынша бес мектеп берілсе, 2018-2019 жылдары 10 млрд теңгеге алты мектеп салынуға тиіс. Осының арқасында қараша айының өзінде үш ауысыммен білім беретін және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібінен түседі", – деп атап өтті Әсем Нүсіпова.

Оның айтуынша, биыл мектеп түлектерінің 40 пайызы саналы түрде кәсіби-техникалық колледждерді таңдаған.

"Бұл облыстағы кәсіби-техникалық колледждердің білім сапасы жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, түлектер колледждерді таңдауда. Өзге облыстарға да таратуға болатын тәжірибе", – деді үкімет басшысы.

Сапар барысында үкімет басшысы облыс активімен кездесіп, елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша мәжілістер өткізді. Мәжіліс барысында білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрлері баяндама жасап, Жолдаудан туындаған жағымды жаңалықтаррмен бөлісті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу