Ауылдың бағын ашатын дақыл

4298

Қазақстан биыл зығыр өндірісі бойынша әлемдік көшбасшыға айналды.

Ауылдың бағын ашатын дақыл

Еліміз бұл индустрияда әлемде бірде-бір елді алдына салмауда. Бұған дейін жаһандық сөзсіз лидерлер саналып келген Ресей, Канада, Қытай және Үндістан секілді державалар да шаң қауып, артта қалды.

Егін жинау науқанының қорытындысы көрсеткендей, осы жылы қазақстандық аграршылар 719 мың тонна майлы зығыр жинап алды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ел тарихында бұрын-соңды болмаған осы жетістікке ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер рекордтық қысқа уақыт ішінде жетіп отыр. 

Сала халықаралық сарапшыларды қайран қалдырған басқа да тарихи рекордтарын тіркеуде. Кейінгі он жыл ішінде зығырдың егістік алқабы 100 есеге ұлғайған. Осы дақыл бұл жер телімдерін бидайдан "мұраға" алуда. 

Мамандардың айтуынша, зығыр айрықша күтімді қажет етпейді. Шығындары да көп емес көрінеді. 

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, Қазақстандағы майлы дақылдарға бөлінген егістік алқаптарының жалпы құрылымында дәл осы зығыр басымдыққа ие: ол 49%-ын иеленеді.

Биыл жиылғанды қоса алғанда, бүгінде елдің әр облысындағы қамбаларда зығырдың 1 миллион тоннадан астамы сақтаулы жатыр. Бұл былтырғы жылғыдан 6%-ға көп.

Дегенмен, сала мамандары Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті әзірге толықтай пайдаланылмай отырғанын, экспортты қазіргіден еселеп арттыруға болатынын айтады.

"Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан" зерттеу бюросының сарапшылары да осындай байламға келген екен.

"Өкінішке қарай, отандық өндірушілер үшін әзірше қазақстандық зығырды Қытайға жеткізуге рұқсат ететін құжаттар болмай тұр. Және бұл қытайлық тарапқа қатысты емес: шығыс көршіміз бұл дақылды зығыр майы түрінде де, зығыр дәні түрінде де үлкен көлемде сатып алуға әзір отыр. Қазіргі кезде шың елі зығырды мұхиттың ар жағындағы Канададан өте көп көлемде тасуда. Ал Қазақстанның дәл іргеде орналасқанын, тиісінше, тасымал мен логистикаға шығындар аз кететін ескерсек, ҚХР-ға зығырды Қазақстан молынан сатып алу тиімді. Ендеше Қазақстан Канаданы алпауыт көршісінің алып нарығынан ысырып шығара алар еді", – дейді "Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан" зерттеу бюросының директоры Виктор Асланов.

Мәселен, Қостанай облысының Федеровка аулындағы шаруашылықтар өндірген шамамен 2 мың тоннадай зығырды толығымен дерлік еуропалық елдер өздеріне тасып алып кетеді. Бұл өңірде дақылдың екі түрі – қоңыр және алтын зығыр егіледі.

Еуропалық дамыған елдердің осы құмарлығын тұсіндіру қиын емес: қазақстандық өндірушілердің көбі гербицид және басқа да химикаттарды қолданудан бас тартқан, таза экологиялық өнім өндіреді. Бұл ретте органикалық өнім екендігін растайтын сертификаттары да бар. 

"Шетелдіктер біздің органикалық зығырды әкету үшін кезекке тұрады, және бұл әсірелеп айту емес. Біз қанша көлемде шығарсақ та, Еуропа сонша көлемде алып кетеді. Тіпті азсынатыны, қосымша көлемге алдын ала тапсырыс қабылдауды сұрайтыны бар. Олардың сұранысы өте мол. Оның үстіне шетелдіктер басқа зығырға қарағанда біздің органикалық зығырға екі есе жоғары баға ұсынады", – дейді қостанайлық шаруашылықтардың бірінің басшысы Владимир Заверуха.

Қазіргі кезде шетелдік сатып алушылардың Қазақстандағы зығыр өсіретін шаруашылықтарға жиі келетіндерін байқауға болады. Олар еліміздегі осы дәнді дақылдың қандай жағдайда өсіріліп, қалай жиналатынына өз көздерімен куә болғысы келеді. Жергілікті зауыттарда жасалатын зығыр майы да негізінен экспортқа кетеді. Оны тасуға қазір Қытай өз цистерналарын аттандыруда.  

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл дақыл да көрші шың елінің орасан зор нарығын ен игеретініне сендіреді:

"Қытайлық тарап арасында осы уақытқа дейін балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқы, мұздатылған қой, бал, бидай, кебек, соя және сойылған жылқыларды тасымалдау бойынша хаттамаларға қол қойылған болатын. Осы жылы қытайлық тараппен зығыр, сондай-ақ арпа, жүгері, бұршақ, сафлор және қауын тұқымдарына, яғни асқабақ тұқымы, қарбыз, қауынға фитосанитариялық талаптарды келісімнен өткізу жүруде", – деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу