Майлы магнит

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5202

Қазақстанның ауыл шаруашылығында майлы дақылдар өсіру ең кірісті бизнеске айналуда.

Майлы магнит

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бір жыл ішінде күнбағыс майы бойынша жаһандық нарыққа "басқыншылығын" екі еседен астамға арттырды. Бірақ бір ғажабы, бұл ішкі нарықтағы сұйық май тапшылығына әкелген жоқ. Керісінше, отандық дүкендер мен супермаркеттер, дүңгіршектер мен базарлар сөрелерінде күнбағыс майының бағасы 10%-ға кеміді. Қазір ең қымбат брендтерінің өзін Астанада бір литрі үшін 400 теңгеден көп арзанға табуға болады.

Рас, бірер қалада баға жалпыреспубликалық деңгейден жоғары сақталуда. Мәселен, Ақтауда сұйық майдың бір литрі орташа есеппен 456 теңге тұрады және өткен жыл басынан 4,2%-ға төмендеген. Өскеменде 446 теңгеге бағаланады және 8%-ға арзандапты. Бірақ бұл екі қалада былтыр сұйық май бағасы тіпті 500-ге дейін жуықтап барған көрінеді.

Сонымен, өткен жылы Қазақстанның сұйық май өндірушілері 135,9 мың тонна тазартылған (рафинадталған) май шығарды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артық. Ал тазартылмаған майдың көлемі 123,6 мың тоннаға жетті. Яғни, оның көлемі бір жыл ішінде 3,7%-ға көбейген.

Бұл ретте көшбасшы өңірлер де анықталуда. Атап айтқанда, жері шұрайлы, табиғаты шырайлы Шығыс Қазақстан өңірі алға суырылып шығып отыр: ол елімізде өндірілген тазартылған майдың 46,9%-ын немесе 63,7 мың тоннасын бір өзі берген. Одан кейінгі орынға Ақтөбе облысы тұр: үлесі 27% немесе 36,7 мың тонна. "Үштікті" Алматы облысы тұйықтайды: еншісінде 18% немесе 13,7 мың тонна.

Шығыс Қазақстан облысы тазартылмаған сұйық май өндірісінде де алдына қара салмайды: еліміз бойынша осы өнімнің 80,4%-ын немесе 99,4 мың тоннасын сол өндіреді. Екінші орында 11,1%-дық немесе 13,7 мың тонна үлесімен Қостанай облысы орналасқан. Үшінші орындағы Ақмола облысы 3,4 мың тонна май шығарды. Оның үлкен бөлігі "аспанасты еліне" аттанды.

Айтқандай, қазақ елінің сұйық майына көрші Қытай елінен үлкен сұраныс тууда. Шың елі өнімді тіпті өзіндегіден бір жарым есе қымбатқа сатып алуға дайын көрінеді. ҚХР қазірдің өзінде Қазақстаннан жыл сайын бір өзі 100 мың тонна майлы дақыл сатып алуға дайын. Бұл ниеті Қазақстан мен "Xi’an Aijugrain & Oil Industry Group Co Ltd" компаниясы арасында дәнді дақылдар мен майлы дақылдар саудасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісім арқылы бекітілген.

Қалай болғанда, дәл осы сала агроөнеркәсіптік кешендегі кірісі жақсы салалардың қатарына еркін кіруде. Өйткені астықтан алып қойылған мемлекеттік қолдау майлы дақылдар өндірісіне қайта бағдарланды. Сарапшылардың мәліметінше, осының арқасында мол мемлекеттік субсидия майлы дақылдардың тұқым құнын, егін егу жұмыстарын және ішінара өнімді өсіру шығындарын жабуы мүмкін екен. Нәтижесінде, жиналған өнімді өңдеуден түскен түсімнің үлкен бөлігі таза табысқа айналады.

Тиісінше, сарапшылардың бағалауынша, жаңа-жаңа өркендеп келе жатқан бұл табысты сала келешекте нағыз миллиардерлер мен магнаттарды тудыратын болады.  

Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында "Май" АҚ-ы, "Востоксельхозпродукт" ЖШС, "Усть-Каменогорский Маслозавод" ЖШС, Ақтөбе облысында "Ақтөбе Фудс" ЖШС, Алматыда "Еуразиан Фудс Корпорейшн" АҚ-ы, "Масло-Дел" ЖШС-ның алматылық филиалы, "MS" ЖШС, "ЭФКО Алматы" ЖШС, ал Қостанай облысында "Азимут" ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өркен жаюда.

Былтыр қазақстандық сұйық май өндірушілер өз халқымыздың және бизнестің ішкі нарықтағы сұранысын 73,4%-ға өздері өтеді. Қалғаны әрине, сырттан тасылады. Бірақ отандық өндірістің буырқана дамуы арқасында сұйық май импорты 6%-ға төмендеді.

Экспорттық бағыттағы өнім экспансиясы көлемін қазақстандық компаниялар бірден 2,2 есеге арттырған. Нақтырақ айтсақ, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, өткен жылғы майлы дақылдар өнімінен алынған сұйық майдың 39,6 мың тоннасын отандық компаниялар жаһандық нарыққа өткізе алды. Ал 2016 жылы әлемдік "қара базарда" саудалай алғанымыз небары 17,7 мың тонна болып еді.

Мамандар күнбағыс майының өндірісін қазірден-ақ 307 мың тоннадан асыруға әлеует барлығын айтады.  

2017 жылы майлы дақылдардың жалпы егістігі 2,4 миллион гектарға жетті. Ал одан он жыл бұрын, 2007 жылы бұл дақыл түрінің егістігі небары 700 мың гектар ғана болған. Майлы дақылдар өнімдерінің жалпы жиналымы шамамен 2,2 миллион тоннаны құрады. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,5 миллион тоннаға жеткізіледі деп күтілуде.

Жақында басшылығы ауысқан ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру саясатын әрі қарай өрістететінін хабарлайды. Осы саясат аясында майлы дақылдардың егістік алаңы былтыр бір жыл ішінде ғана 444 мың гектарға ұлғайтылыпты. Бұл егістік жерлер "монодақыл" деп танылып, монополиясы қысқартылып жатқан бидайдан тартып алынды. Мәселен, 2016 жылдан бері бидай алқаптарының жалпы ауданы 467 мың гектарға азайтылған. Өйткені көрші Ресей бидай өндірісі мен экспорты жөнінен қазір әлемде рекорд орнатуда. Және ол басты бәсекелесі болып табылатын Қазақстан астығын әлемдік нарыққа шығармаудың түрлі тәсілін қолданады.

Ал майлы дақылдар болса, мұндай қысастықтан азат. Сондықтан үкімет ауыл үшін табыс пен ауқаттың осы жаңа көзін тауып беріп, оның өндірісі мен өткізіліміне жол ашып отыр.

Айтқандай, ғалымдардың айтуынша, майлы дақылдарының өнімділігі өскен сайын, жердің де құнарлылығы арта түсетін көрінеді.

Ел үкіметі алдағы жылдары бос жатқан егістіктің 1,9 миллион гектарын айналымға енгізетін болады. Бұл жерлер бірінші кезекте сұранысқа ие дақылдарды, соның ішінде майлы дақылдар мен жасымық секілді дәнді дақылдарды өндіру үшін пайдаланылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу