Биыл Қазақстан мүше ОПЕК-ке қатысты қауіпті жағдай қалыптасты

2748

Жаңа жылда ОПЕК+ аясында мұнай өндірісін ерікті қысқарту және жаңа квоталар күшіне енді. 

Биыл Қазақстан мүше ОПЕК-ке қатысты қауіпті жағдай қалыптасты Фото: inbusiness.kz

Мәміле аясында Қазақстан мұнай өндірісін қаншаға азайтады?

Мұнай 2024 жылды бағасының сәл өсуімен қарсы алды. 4 қаңтар күнгі саудада Brent маркалы қара алтынның әр бөшке-баррелінің құны 78,98 долларға дейін барып қайтты. Салыстырсақ, тура бір ай бұрынғы, яғни 2023 жылғы 4 желтоқсандағы шыңы – 78,20 доллар болатын.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, осының өзі құлдырау үрдісінен ("аю трендінен") хабар береді. Мысалы, былтырғы 25 қыркүйекте Бренттің бағасы 93,79 долларға дейін шығандаған еді. Содан бері төмен қарай ылдилаумен келеді.

2024 жылы қара алтын құнының қайта шарықтауына тіпті Ливиядағы өндірістің тоқырауы да, АҚШ-тағы мұнай қорының күрт азаюы да серпін бере алмады. Бағаның көтерілуіне Қызыл теңіздегі хуситтер шабуылы кесірінен танкерлер қозғалысының шектелуі де тегеурінді түрткі бола алмай тұр.

Әлемдік нарыққа Таяу Шығыстан жеткізілімдер кеми беруі мүмкін. Бұған Израиль мен Газа арасындағы соғыстың созылуы да жамалды.

"Қызыл теңіздегі ахуал одан әрі ушығуда. Бұдан бөлек, жергілікті наразылық акциялары кесірінен Ливиядағы Шарара ірі мұнай кен орны толығымен жабылып қалды. Бұл оқиғаларға әлемдік ақпарат құралдарының көптеген тақырыптары арналды және мұнайдың жаһандық жеткізілімдерінде кідірістер туады деген қауіпті күшейтті", – деді IG нарықтық стратегі Йеап Чжун Ронг.

Тәулігіне 300 мың баррель өнім беріп келген Шарара – Ливиядағы аса ірі кен орындарының бірі саналады. Ол елдегі кең ауқымды саяси наразылықтардың нысанасына айналды.

Израильдің радикалды қозғалыстармен қарулы шиеленісі де қайта өршіді. Осы аптада Израиль Ливан астанасы Бейрутқа соққы жасады, салдарынан Хамас көшбасшысының орынбасары қаза тапты. Бұл шабуыл Иран қолдайтын "Хезболланың" өшпенділігін өршітті.

Қара алтын нарығын Американың мұнай институтының деректері жандандырды. Онда АҚШ-тың шикі мұнай қоры аптасына 7,4 миллион баррельге дейін кемігені айтылған.

Reuters хабарлауынша, қысқарудың көлемі сарапшылар күткендегіден екі есе көп болып шықты.  

Алайда мұның бәрі арабтың Dubai Crude-інен кейінгі әлемдегі ең қымбат эталон, бенчмарк саналатын Brent маркалы мұнайдың бағасына центтер ғана қосып жатыр.

Неге ірі факторлар мұнайдың қымбаттауына салмақты әсер етпеді?

Сарапшылардың байламынша, мұнай өндіруші елдердің жаһандық картелі жайрай бастады. Ауызбіршіліктен айрылған олар енді өзара ымыраласу орнына, бір-бірімен бақталаса бастауы мүмкін. Бұл болашақта мұнай өндірісінің бейберекет, бақылаусыз ұлғаюына әкелмек. Нәтижесінде, қазірдің өзінде нарықтағы ұсыныс артуда. Ал сұраныс өскен жоқ, керісінше, жасыл энергетика есебінен кему үстінде.

Желтоқсанда ОПЕК мүшесі Ангола осы ұйым қатарынан шығатынын жариялады. Бұл да аталған әлемдік картелдің күйреуінің бір нышаны болып есептеледі.

Өз кезегінде осы сәрсенбіде Мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы (ОПЕК) әлемдегі мұнай өндіретін елдер арасындағы диалог пен ынтымақтастық ОПЕК+ аталатын кең альянс аясында жалғасатынын мәлімдеді. Бұл ретте биылғы 1 ақпанда мұнай өндірісін қысқартуды жүзеге асырудың барысын пысықтау үшін арнайы топтың отырысы өткізілетіні жарияланды.  

Дегенмен, халықаралық сарапшылар енді ОПЕК пен ОПЕК+ әрекеттерінің мұнай бағасына қуатты серпін бере алатынына сенбейді. Goldman Sachs аналитиктері 2024 жылы Brent бағасының әрі кетсе, 70 пен 90 доллар арасында құбылуын күтіп отыр. Оның өзінде осы жоғарғы межеге жету үшін бірнеше шарт орындалуы керек. Біріншіден, ОПЕК+ альянсы жеткізілімдерді беталды арттырмай, нарықтағы икемді реттеп отыруы қажет.

Екіншіден, дүниежүзінде экономикалық дағдарыс күшеймегені, алпауыт елдер рецессияға тап болмауы шарт. Әлемде күйзеліс басталса, онда қара алтынға деген сұраныс та күрт төмендейді. Мысалы, жер-жаһанды пандемия жайлап, "коронакризис" қысқан 2020 жылы Brent мұнайы баррелінің бағасы 26 долларға дейін құлады. Кейбір мұнайдың бағасы "теріс мәнге" дейін түсті, яғни оларды сатып алушылар табылмады.

Үшіншіден, АҚШ пен Қытайдың өз стратегиялық қорларына қанша мұнай сатып алатыны да бағаға қатты ықпал етеді. Сондай-ақ Goldman Sachs "геосаяси тәуекелдердің даму сценарийлері де бұл болжамға әсер ететін басты фактордың бірі болатынын" ескертті.

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, "ОПЕК және ОПЕК+ үшін аса қауіпті жағдай туындады".

"ОПЕК ұйымы құрылғанда, әлемдегі мұнай өндірісінің жартысына жуығы соның уысында болатын. Ол өндіріс көлемін азайту не көбейту арқылы бүкіл әлемдегі бағаны қалағанынша реттеп отырды. 2016 жылы ОПЕК+ альянсы пайда болды. Ол кезде ОПЕК картеліне әлемдік мұнай өндірісінің небәрі 30%-ы ғана тиесілі еді. Яғни, мұнай өндіруші елдердің жаңа альянсы жағдайды қайта өзгертіп, ұйымның нарыққа ықпалын қайтарды. Енді картель үшін аса қауіпті ахуал туындады. Бүгінде ОПЕК+ өндіріс көлемін жиі қысқартуға мәжбүр. Бұл нарықты теңгерімге түсіру үшін қажет. Алайда одан қатысушы елдер ұтылады. Сонымен бірге картель де әлемдік нарықтағы рөлін төмендетуде", – деп түсіндірді Ресей Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің эксперті, Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші аналитигі Игорь Юшков.

Оның айтуынша, бұл картелге кірмейтін мемлекеттер, әсіресе, АҚШ өндірісін қысқартатын емес. Осының арқасында біріншіден, олар ОПЕК+ елдері есебінен көтерілген мұнай бағасынан күреп табыс табады. Екіншіден, солардың қысқартуы нәтижесінде босаған нарықтарға кіріп, орнын басады.

Бұл жағдай ОПЕК пен ОПЕК+ елдерін қатты алаңдатады. Олардың алдының ұйымнан шыға бастауы да содан.

"Егер бұлай бара берсе, онда ОПЕК+ тарапынан өндірісті келесі шектеуден оған кіретін барлық ел оңбай ұтылатын болады. Сондықтан қазіргі кезде картель елдері тығырықтан шығудың амалын іздеп жатыр. Әсіресе, алдағы көктем көп нәрсеге ықпал етеді. Тұйықтан құтыла алмаса, ОПЕК+ елдері 1985 жылғыға ұқсас жағдайда қалуы ықтимал. Сонда барлығы келісімді түрде өндірісті күрт кемітті, Алайда артынша мұны орынсыз деп тауып, бірінен бірі оза өндірісті ұлғайта бастады. Салдарынан, әбден сығымдалған "серіппе" дереу жазылып сала берді де, нарық лық төгілген басы артық мұнайды еңсере алмай, баға күйреді", – деді сарапшы.

Ол кезде 1 баррельдің құны 10 долларға дейін құлдыраған болатын. Бұл жағдай мұнаймен күнелтіп келген Кеңес одағының ыдырауына соқтырғаны белгілі.

Игорь Юшковтың пайымдауынша, ОПЕК ұйымынан Анголаның кетуімен "хикая аяқталмайды". Нигерия, Конго және тағы да басқа елдер экономикасын көтеру үшін мұнай өндірісін арттырғысы келеді және қысқарту трендіне тым әуес болып алған ұйымның саясатына наразы.

Демек, тағы да бірқатар елдің ОПЕК құрамынан шығуының тактикалық тәуекелі сақталуда. Олар теріс айналса, картель адыра қалады. Шектеулердің бәрі жойылады, барлығы мұнайды мүмкіндігі жеткенше, максимум көлемде өндіруге кіріседі. Жаһандық мұнай нарығында ұсыныс сұраныстан асып түсіп, сатып алушысын таппаған артық мұнай көлемі көбейеді. Баға тоқтаусыз төмендейді, бұдан бәрі ұтылады.

Халықаралық сарапшылар 2024 жылы дүниежүзінде жаңа кен орындары іске қосылып, жаңа жобалар жүзеге асырыла бастайтынына назар аудартты. Нәтижесінде, өндіріс артады. Мысалы, Венесуэланың "виртуалды" басқыншылығына ұшырағанына қарамастан (Эссекибо өңіріне венесуэлалық армия сол бойы кірмеді) Гайана да мұнай өндірісін тәулігіне 200 мың баррельге дейін өсіруді жоспарлап отыр.  

Америка өндірісті ұлғайтуы ықтимал. Ол көрсеткішін тарихи ең жоғарғы шекке – тәулігіне 13,2 миллион баррельге дейін жеткізе алды. Сол себепті халықаралық сарапшылардың 2024 жылғы мұнай бағасына қатысты болжамы 80-90 баррель айналасында тоқайласып отыр.

Мұндай баға Қазақстан үшін қолайлы. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, еліміздің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында да, тиісінше, 2024-2026 жылдардағы республикалық бюджетте де негіз ретінде "мұнайдың бағасы әр баррелі үшін 80 АҚШ долларын құрайды" деген базалық сценарий алынды. Одан артық болып жатса, оның бәрі қосымша табысқа жатқызылады. Бұған қоса, Ұлттық қорға арналған "мұнайдың кесімді бағасы" 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген.

Яғни, Қазақстан арзан мұнай жағдайында да ел алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға қауқарлы болады.

Әзірше, осы аптада ОПЕК+ аясында мұнай өндірісін ерікті қысқарту және жаңа квоталар күшіне енді. Бұл қысқартудан тек Ангола ғана бас тартты.

Бұрын бекітілген квотаға сәйкес, ОПЕК+ елдері биылғы жылы тәулігіне небәрі 40,5 миллион баррель ғана қара алтын өндіре алатын еді. Дегенмен, ресми квота қайта қаралып, оның көлемі 39,4 миллионға түсірілді.

Бұдан өзге, ОПЕК+ бірқатар елдері өз өндірістерін тәулігіне 1,66 миллион баррельге дейін ерікті түрде төмендетуге өз бетінше шешім қабылдады. Оның ішінде Ресей және Сауд Арабиясының әрқайсысына 500 мың баррельден келеді.  

Жалпы алғанда, биыл мұнай өндірісін ерікті түрде қысқартуға келесі елдер қатысады: Қазақстан (тәулігіне 78 мың баррельге азайтуға міндеттеме алды), Оман (40 мың), БАӘ (144 мың), Кувейт (128 мың), Ирак (211 мың), Алжир (48 мың).

Сонымен қатар дәл осы елдер, соның ішінде Қазақстан 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалпы алғанда өз өндірістерін тағы 2,2 миллион баррельге қосымша кемітеді.  

Атап айтқанда, жаңа жылдың І тоқсанында Қазақстан мұнай өндірісін қосымша – тәулігіне 82 мың баррельге, Сауд Арабиясы 1 млн, Ресей – 500 мың, Ирак – 223 мың, БАӘ – 163 мың, Кувейт – 135 мың, Алжир – 51 мың, Оман – 42 мың баррельге төмендетеді.

Сөйтіп, 2024 жылы ОПЕК+ барлық елдері тәулігіне 39,4 миллион баррельден артық өндірмейді. Ал Қазақстан және басқа да елдердің қосымша қысқартуларын есептегенде, бұл көлем биылғы бірінші тоқсанда 36,1 миллион баррельге дейін құлдырайды.

Бұдан қара алтын бағасы қымбат бола түсе ме, оны уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу