Биыл микро және шағын бизнесті қолдауға 210 млрд теңге бөлінді

2037

Көрмеге 350-ден аса кәсіпкер қатысуда.  

Биыл микро және шағын бизнесті қолдауға 210 млрд теңге бөлінді

Елордада отандық тауар өндірушілердің VI Ulttyq Ónim көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жиында Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгінде Үкімет кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

"Соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-дан 35%-ға дейін ұлғайды. Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге Мемлекет басшысы енгізген мораторий елімізде бизнес жүргізуді жеңілдетті", – деді Үкімет басшысы көрменің ашылу салтанатында.

Ол импортты алмастыру – кәсіпкерлер үшін даму әлеуеті зор бағыттардың бірі екенін атап өтті.

"Бұл қазақстандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестиция бағыттау үшін зор мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жобалар", – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, биыл Үкімет жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарлап отыр. Нәтижесінде, осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамиды.

Биыл Ulttyq Ónim көрмесіне Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Елорда әкімі Алтай Көлгінов, "Атамекен" ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) арқылы мемлекеттен қолдау алған 350-ден аса кәсіпкер қатысты.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрайымы Гауһар Бурибаева осы жылы көрме алтыншы рет ұйымдастырылып отырғанын, микро және шағын орта бизнестегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

"Даму қоры" 2010 жылдан бастап 160 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетті. Олардың басым бөлігі микро және шағын орта бизнес – 90%. Биылдан бастап микро және шағын кәсіпорындарды қолдауға басымдық бердік. Бұл – біздің басты стратегиямыз. Бюджетті қайта қарастырдық. Мысалы, былтыр бюджеттің 54% микро-шағын бизнеске тиесілі болса, биыл оның 70%-дан астамын микро-шағын бизнеске бағыттауды жоспарлап отырмыз, ал қалған қаржыны орта бизнеске бөлеміз", – деді басқарма төрайымы.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша моноқалаларда, елді мекендерде микро және шағын бизнесті қолдау үшін салалық шектеусіз, сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жобасы іске қосылғанын, ал облыс қалаларындағы орта бизнес үшін сыйақы мөлшерлемесі 6% болатынын жеткізді.

"Биыл Үкіметпен бірлесіп, кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа бағдарлама – ұлттық жобаны іске қостық. Өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, туризм, көлік қоймалау, білім беру, жалпы экономикалық қызметтің 63 түрі анықталды. Талаптар бұрынғыдай, сыйақы мөлшерлемесі – 6%, қолдаудың максималды сомасы – 3 млрд теңге", – деді Гауһар Бурибаева.

Сондай-ақ басшы 2022 жылы микро және шағын бизнесті қолдауға қанша қаржы бөлінетініне тоқталды.

"Биыл 210 млрд теңге бөлінді. Оның 160 млрд теңгесі субсидиялауға, 50 млрд теңгесі кепілдік беруге. Сондай-ақ қор нарығы арқылы кепілдендірудің жаңа құралы енгізілді, яғни кәсіпкерлер Қазақстан қор биржасы (KASE) және АХҚО-да облигациялар шығарып, өз жобасына инвесторлардан қаражат тарта алады. Бұл бастама Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі және Қазақстан қор биржасымен (KASE) бірлесіп әзірленді. Облигация бойынша кемінде 50 жоба болады. Қаржыландыру – 5 млрд теңгеге дейін, оның 2,5 млрд теңгесі қордан", – деді басқарма төрайымы.

Сонымен қатар "Даму" кәсіпкерлікті даму қорынан кредит алып, бизнесін табысты жүргізіп отырған кәсіпкерлермен де сөйлестік.

"2014 жылдан бастап, жұмыс істеп жатырмыз. Ойыншықтарды Шымкент қаласында шығарамыз. Алғаш кәсіпті бастағанда 2-3 жұмысшы болды, тек бір ойыншық жасадық. Қазір біз 25 ойыншық шығарамыз, 20 станок бар. "Даму қоры" кәсібімізді өркендетуге көмектесті, 6 пайыздық кредит алдық. Бүгінде қарамағымда шамамен 20 адам жұмыс істейді. Ойыншықтар балалардың денсаулығына қауіп төндірмейді, қолымызда "ойыншықтың зияны жоқ" деген арнайы сертификат бар. Мұнда әртүрлі ойыншықтар бар: бағалары 1800-5000 теңге аралығында. Құдайға шүкір, өнімімізді барлық өңірде сатып жатырмыз. Қырғызстан, Ресей, Әзербайжаннан да сұраныс бар", – деді жеке кәсіпкер Рәбиға Байтемірова.

Hoodie and boom киім дүкенінің қызметкері Анастасия Сивченко бизнесін 7 ай бұрын бастағанын айтты.

"Өндірісіміз Павлодар қаласында орналасқан, онда тігін машиналарымыз бар. Киім тігуге қажет сапалы материалдарды Мәскеуден аламыз. Бизнесті жандандыруға "Даму қоры" көмектесті. Былтыр 6%-дық кредит алдық. Нәтижесінде, өндірісті қалыптастырдық. Бүгінде 15 адам жұмыс істеп жатыр. Орташа жалақы 150 мың теңгеден басталады. Олар әртүрлі киімдер тігеді: ерлер мен әйелдерге арналған спорт костюмдері (бағасы – 35-38 мың теңге), балаларға арналған спорт киімдері (бағасы 8,5 – 10,5 мың теңге), худидер, бомберлер. Киімдерді Wildberries, kaspi.kz, lamoda интернет-дүкендерінен сатып алуға болады. Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов өзі мен әйеліне спорт костюм мен футболка сатып алды", – деді Анастасия Сивченко.

Сонымен қатар "Даму" қорының шапағатын көрген жеке кәсіпкердің бірі – Бейсен Ищанов. Бүгінде ол Өскемен қаласында кәсібін дөңгелеп отыр.

"5 жыл бұрын қордан шамамен 20-30 млн теңге кредит алдым. Нәтижесінде бүгін табысты жұмыс істеп отырмын. Көбіне ұн, қант, жарма, макарон өнімдерін сатамын. Бүгінде негізгі сұраныс Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарынан. Басымдықты ішкі нарыққа беріп отырмыз. Қол астымда 20 адам жұмыс істейді", – деді жеке кәсіпкер.

Айта кетейік, VI Ulttyq Ónim көрмесіне келушілерге "Халық таңдауы" дегустациялық конкурсы, жетекші отандық өндірушілердің әйелдер және ерлер киімдерінің топтамаларының көрсетілімі ұйымдастырылды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу