Биыл жетпіс ауыл мен қалаға газ келеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3366

Қазақ жерінің қойнауында миллиондаған тонна киім-кешек, мүсәтір спирті, сірке суы, автокөлік отыны, желім, бояу және басқа да мыңдаған түрлі өнімдер қозғаусыз жатыр.

Биыл жетпіс ауыл мен қалаға газ келеді

Бірден айта кетелік, бұлар жер астына жасырылған әлдебір "көмбе", немесе мемлекеттің қиын күндерге сақтаған қоры емес, ол өнімдердің барлығы әзірге тек газ түрінде болып келеді.  

Әдетте, "көгілдір отынды" шенеуніктер қаланы газдандыру мәселесінде, қысқы маусым басталғанда, немесе отынның осы түрін тұтынуға көшкен көліктерге жетпей жатқанда еске алады. Бірақ газ тек отын ғана емес, ол жаңа экономикада бірінші кезекте, аса құнды химиялық шикізат болып табылады. Біз қазірдің өзінде бильярд ойнағанда, бақшада гүл өсіргенде немесе сәнді киімді шақтап көргенде, газдан өндірілетін өнімдерге жолығамыз әрі өңделген көгілдір отынның қолданылу аясы барған сайын кеңеюде.

Сондықтан мемлекет газдың перспективалық бағыты ретінде "газ-химиялық саланы дамытуды" белгіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

Ол биылғы жылы салада келесідей негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу күтіліп отырғанын хабарлады: атап айтқанда, мұнай өндіру көлемі бойынша – 85 млн тоннаны, газ өндіру – 48 млрд текше метр, мұнайды өңдеу – 14 млн тонна, тауарлық газды өндіру – 29 млрд текше метрді құрауға тиіс.

"2017 жылдың 8 айының қорытындылары, 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсімді көрсетіп отыр. Мұнай өндіру көлемі 56,9 млн тонна болып, былтырғыдан 112,2%-ға өсті. Бұл ретте 10,02 млн тонна мұнай қайта өңделді. Бұл 104%-ға көп. Газ өндіру көлемі 35,1 млрд текше метр болып, 118%-ға артты. 1,9 млн тонна сұйытылған газ өндірілді. Бұл 114,4%-ға жоғары", – деді вице-министр.

Оның мәліметінше, "көгілдір отынның" барланған қорлары бойынша Қазақстан әлемде 22 орында, ал ТМД елдерінің арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-ші орында тұр: газдың өндірілетін қорлары 3,9 трлн теңше метр деңгейінде. Соның ішінде ілеспе газ – 2,6 трлн м3 және табиғи (бос) газ – 1,3 трлн м3.

Тәуелсіздік жылдарында газ өндіру көлемі 5 есеге артыпты. Нәтижесінде, 2016 жылы 46,4 млрд текше метрлік көрсеткішке жетті. Жалпы алғанда, 2017 жылы газ өндіру көлемі 48 млрд текше метрден асады деп жоспарлануда.

Газ өндіру көлемінің негізгі үлесі ірі кен орындары есебінен қамтамасыз етілуде, атап айтқанда, "Қарашығанақ" үлесі – 49%, "Теңіз" үлесі – 31% және жаңа басталған "Қашағанның" еншісінде – 14%.

Өндірілетін газдың 30 пайызы елдің ішкі қажеттілігіне пайдаланылса, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі.

Ел үкіметі енді газ өндірісін жыл сайын тұрақты түрде төрт пайыздап өсіріп отыруға шешім қабылдапты.

"Келешекте газ өндіру көлемі ұлғаятын болады. 2016 жылдан 2040 жылға дейінгі аралықта газ өндірудің күтілетін жылдық орташа өсу қарқыны 4 пайыз деңгейінде болады деп жоспарлануда", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары газ секілді құнды ресурсты алауларда бос жағу көлемі 70 пайыздан астамға төмендеді: 2016 жылы 27 млрд текше метр газ өндіру сыртында тағы 3,1 млрд текше метр бос жағылса, былтыр бұл көрсеткіштер тиісінше, 46,4 млрд және 1 млрд текше метрді құраған.

"Жер қойнауын пайдаланушылар газды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша жаңа өндіріс қуаттарын енгізуде. Мысалға, соңғы бірнеше жылда "Жаңажол" газ өңдеу зауытының 3-ші кезегі және "Прорва" кен орындар тобында газды кешенді даярлау қондырғысы салынып, пайдануға енгізілді. "Қожасай" кен орнында газды кешенді қайта өңдеу қондырғысы салынуда", – деді энергетикалық ведомство басшылығының өкілі. 

Қазіргі уақытта қазақстандық магистральды газ тасымалы жүйесінің жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды, ал таратқыш тораптың ұзындығы 50 мың шақырымдайды құрайды.

3 жыл бұрын "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының желілік бөлігі пайдалануға енгізілді. 2 компрессорлық станция – "Бозой" және "Қараөзек" жобалары салынып біткен соң, газдың өткізу қабілеттілігі биыл 2,5 миллиардтан 10 млрд текше метрге дейін жеткізілмек.

"Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай" халықаралық газ құбыры еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді. "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының салынуы қазақстандық газды Қытай нарығы бағытында экспорттауға бағыт ашты. 2017 жылы барлығы 4 компрессорлық станция салынып бітеді деп жоспарланған екен. Содан кейін "Қазақстан – Қытай" бағытында тасымалданатын газдың жиынтық қуаты жылына 55 млрд текше метрді құрайды.

"Газды пайдаланудың келесі перспективалық бағыты газ-химия саласын дамыту болып табылады. Атап айтқанда, Атырау облысында "Біріккен химиялық компания" ЖШС 2 ірі газ-химиялық жобаны іске асырады. Бірінші жоба – полипропилен өндіру белсенді фазада: оның қуаты жылына 500 мың тоннаны құрайды. Жобаның құны 2,6 млрд долларына тең. Мердігері анықталған, қарыздық қаржыландыру тартылды. "Біріккен химиялық компаниясы" ЖШС іске асыратын екінші жоба – полиэтиленге қатысты. Оның қуаты жылына 800 мың тонна өнімді құрайды", – деді энергетика вице-министрі.

Мемлекет басшысының 2017 жылдың басында Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапарының қорытындысы бойынша осы жобаны бірлесіп іске асыруды зерделеу туралы арабтармен уағдаластыққа қол жеткізіліпті.

Энергетика министрлігі Mubadala араб компаниясымен және оның еншілес Borealis компаниясымен келіссөздер жүргізді. Өткізілген келіссөздердің нәтижесінде, 2017 жылғы 19 қыркүйекте Borealis директорлар кеңесі құны 6,5 млрд доллар құйылатын жобаға қатысу туралы шешім қабылдады.

Журналистер энергетика министрлігі басшылығынан Астанаға қашан газ келетінін де сұрады.

"Бұл мәселе қала тұрғындары, соның ішінде біз үшін де өзекті. Қазіргі уақытта бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу аяқталды. Бұл газ құбырына қатысты ақырғы шешім әлі қабылданған жоқ. Оны қаржыландырудың әртүрлі көздерін тарту мәселесі зерделенуде", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұдан бұрын abctv порталы Астананы газдандыру жобасына ұлттық компанияның кредит тарта алмағанын хабарлаған болатын ("Астананы газдандыруға ұлттық компания несие ала алмады").

"ҚазТрансГаз аймақ" бас директоры Манас Тасыбаев жақында осы бойынша үкімет бір шешім қабылдайды деп күтіліп отырғанын нақтылады. Оның мәліметінше, "Мемсараптама" республикалық мемлекеттік кәсіпорны жоба бойынша өз шешімін биылғы наурызда дайын етіпті.

Сонымен бірге, таяуда энергетика министрі Қанат Бозымбаев "ҚазТрансГаз"-дың ТЭН-іне сілтеме жасай отырып, Қызылорда облысынан Қарағанды өңірі арқылы елордаға дейін 1800 шақырым газ құбырын тарту 260 миллиард теңгеге түсуі мүмкіндігін жариялады. Сондай-ақ онымен тасылатын көгілдір отынның тұтынушылар үшін құны қандай болатыны да әзірге анықталмай отыр.

"ҚазТрансГаз аймақ" бас директоры елбасы тапсырмасына сәйкес, елдімекендерді газдандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатқанын айтады.

"Осы жұмыстардың арқасында ел тұрғындарының 46 пайызына газ берілді. "ҚазТрансГаз" ұлттық операторы еліміздің 10 өңірінде 8 миллионнан астам тұрғын мен 35 мыңдай кәсіпорынды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның 10 аймағына 45 мың шақырымнан асатын құбыр арқылы газ жеткізіледі", – дейді Манас Тасыбаев.

Елді мекендерді газдандыру ел бюджеті, ұлттық оператордың өз қаражаты және мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асырылады.

"Жалпы алғанда, 2006 жылдан бері газдандыру жұмыстарына 260 миллиард теңгеден асатын қаржы бөлінді. Оның ішінде мемлекет бюджетінен 112 миллиард теңге, ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" төл қаражатынан 150 миллиард теңге бөлінді. Осының нәтижесінде газдандырылған елдімекендер саны 730-дан 1200-ге дейін, ал газға қосылған халық саны 2 миллион адамға көбейді", – дейді "ҚазТрансГаз аймақ" бас директоры Манас Тасыбаев.

Соңғы 10 жылда елімізде табиғи газды тұтыну көлемі жылына 9 миллиард текше метрден 13 миллиард текше метрге дейін артыпты. Ал 2030 жылға қарай бұл көлем 18 миллиард текше метрге жетеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта "ҚазТрансГаз Аймақ" өз қаражаты есебінен 200 мыңдай тұрғыны бар 30 шақты елдімекенді газдандыруда. Биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен 50-ден астам елді мекен газдандырылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу