Бизнес экспортқа шығуға қызықпай отыр

2313

Қосымша қаржылық ынталандыру болмаса, қазақстандық кәсіпорындар сыртқы нарыққа шығуға құлшынып отырған жоқ.

Бизнес экспортқа шығуға қызықпай отыр

Сейсенбі күнгі үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты дамытудың келешегі талқыланды. Жалпы статистика жаман емес, инвестициялар және даму министрінің сөзі бойынша, Қазақстан әлемнің 113 еліне өңдеуші сектордың 800-ден астам тауарын экспорттаумен айналысып, ірі экспорттаушы-елдер арасында 52 орында тұр.

"Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майын, бидай, зығыр тұқымын жеткізу жөнінен әлемде көш бастап тұрмыз. Соңғы бес жылда экспорт құрылымы айтарлықтай жақсарды, шетелге жеткізілетін өнімінің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі", – деп атап кетті министр.  

2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңделген тауарлар экспорты  22%-ға өсіп, 11,1 млрд теңге болған. Ферроқорытпалар, мұнай өнімдерін, мыс, металпрокат, пропан, бутан, мырыш жеткізу артқан. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың үлесі 32% болып, 2012 жылғы көрсеткіштен 7%-ға асып түскен. Тауар айналымының көлемі тоғыз айда 26%-ға артып, 55,4 млрд доллар болды. Сонымен қатар экспорт 31%-ға, яғни 34,5 млрд долларға дейін өскен, бірақ бұл энергия тасымлдаушылар мен металлургия өнімдері бағасының артуы есебінен болып отыр. Тоннаждағы экспорт 4%-ға өскен.

Экспортталатын өнімдердің тізімі жалпы жаман емес, Қазақстан Түркіменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украинаға электровоз, тепловоз сатады. Қазақстанда жиналған автокөліктер Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайға экспортталады. Қазақстанда өндірілген жолаушылар вагонын, рельстер мен әскери-өндірістік кешеннің өнімдерін экспортқа шығаруға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Отандық өндірістен шыққан трансформаторларды жеткізу 60%-ға өскен, жақында іске қосылған Орал трансформатор зауыты өз өнімінің 96%-ын шетелге экспорттайды. Аккумуляторларды экспорттау 1,2 млн данаға, яғни 35 млн долларға дейін артқан, сондай-ақ аккумуляторларды Таяу Шығыс, Кавказ және Беларусьқа экспорттау басталды.

Сыртқы нарықта қазақстандық азық-түлік өнімдері де  сұранысқа ие, олардың экспортталған жиынтық көлемі екі миллиард теңгеден асып кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша,  Ресейге жеткізу 83%-ға артқаннан кейін, сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктеріне алғаш экспорттау есебінен тоңазытылған сиыр етін экспорт – екі есе, ал қой етін экспорттау сегіз есе өскен. Жұмыртқаны экспорты – 1,4 есе, жүн – 1,8 есе, картоп  – 19 есе, қызанақ пен қияр экспорттау 3,5 есе өскен. Өңделген өнімдер ішінен сыртқы нарыққа  жеткізілген сүт пен қышқыл сүт өнімдері 1,5 есе артқан. Қазақстан Ресейге ірімшік, сүзбе, сүт пен қойытылған сүтті екі есе артық жеткізетін болған, ал ашымал сүт өнімдер 2,4 есе артқан. Моңғолияға жеткізілетін қышқыл сүт өнімдері 32 есе, ірімшік пен сүзбе төрт есе өскен. Тәжікстанға жеткізілетін сүт пен қойытылған сүт 9,3 есе, ашымалы сүт өнімдері 1,2 есеге жеткен. 

Көрсеткіштердің осыншалықты өскеніне қарамастан, үкімет бизнестің сыртқы нарықты жаулап алу құлшынысы мардымсыз деп отыр. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазақстандық шикізаттық емес тауарлар экспортының құрылымы мен динамикасын сараптау нәтижесі "қазақстандық кәсіпорындардың тіпті әлеуетті нарықтарда бірдеңе жасау дайындығы төмен екенін" көрсетті деп отыр.   

"Мысалы Беларусь бойынша айтайық.  Біз 47 әлеуетті экспорттық позицияға сараптама жасадық, соның 39-ына қазақстандық кәсіпорындар тарапынан қызығушылық болмаған. 47 әлеуетті экспорттық позицияның ішінен беларусь нарығына шығуға қызығушылық танытқан тек сегіз әлеуетті экспорттаушының бар екенін көрдік. Сондықтан біздің ойымызша, қазақстандық кәсіпорындардың бәсекегеқабілеттілігін арттыру маңызды мәселе болу керек", – деді Тимур Сүлейменов.

Дегенмен бұл іске үкімет те күш салу керек. Министр қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетті нарықтардан алыс орналасқанын ескере отырып, ең бірінші, көлік шығындарын төмендетуге жұмыс істеу керек екенін айтты. Алайда бұл мәселеге өте ыждаһаттылықпен қараған дұрыс, өйткені біз ЕАЭО және ДСО-ға мүше елміз, сондықтан тікелей экспорттық субсидияларға жол бере алмаймыз, біз төмендетілген жалпы тариф бағыты бойынша қозғалуға тиіспіз. Сонымен бірге экспорттаушыларды мемлекеттік қаржылай қолдауды арттыру қажет деп отыр министр.

"Бізге ең бірінші қажет нәрсе бұл көлем (қолдау). Бізде ЖІӨ-нің шамамен 0,2-0,3%-ы экспортты қолдауға жіберіледі. Кей елдерде бұл 4,5-5%-ға дейін жетеді. Яғни экспорттауда үлкен бір жетістікке жеткен елдер қаржының едәуір көлемін қолдау мен экспортты ынталандыруға жібереді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды арттырмаса, бұл бағытта біздің экспорттық әлеуетімізді іске асыру қиын болады", – деді ұлттық экономика министрі.  

Ал бизнес-қауымдастық болса проблемалардың қатары бұдан да көп деп есептейді. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Абылай Мырзахметовтің айтуынша, бүгінгі күні сыртқы нарыққа шығуға 70-тен астам кедергі бар. Соның ішінде теңіз порттарына шығуға шектеу  қою, бірқатар елде қолданылатын тарифтік емес реттеу шаралары, мысалы, Ресей мен Беларусь нарығына алкоголь өнімдерін жеткізу бойынша шектеу, құжаттарды ұзақ рәсімдеу және тағы басқалар бар. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлерді көршілес елдердегі бәсекелестермен салыстырғанда жағдайы аса мәз емес, өйткені олардағы экспорттаушыларды қолдаудың кешенді шаралары біздегіге қарағанда көп және тиімді.

"Біз Ресей, Өзбекстанды көріп отырмыз, оларда экспорттаушыларды қолдаудың қосымша шаралары қарастырылған. Сараптаманың өзі Ресейдің тоғыз ай ішінде шикізат емес тауарларды жеткізу көлемін 20%-ға арттырғанын көрсетіп отыр. Ресейде стандартты қолдау шараларынан басқа қосымша көлік шығындарын субсидиялау бар. Ресейде ДСО, ЕАЭО-ға мүше, бірақ та соған қарамастан, олар көлік шығандарын субсидиялауды жақсы қолданады. Оның ішінде өндірістік те, ауыл шаруашылық өнімдері де бар. Бұл – шетелдерде патенттеу шығындарының, экспорттық несиелердің өтемақысы. Ал Өзбекстан болса стандартты қолдау шараларына қосымша экспорттаушыларға салықтық жеңілдік береді", – деп мысал келтірді Абылай Мырзахметов.  

Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев 2018 жылдан бастап жаңа "Қазақэкспорт" ұлттық компаниясы отандық тауарларды сыртқы нарықта ілгерілету бойынша қарқынды саясатты бастайтынын айтты. Ал экспортты қолдау көлеміне келетін болсақ, онда бұл мәселені 2019 жылға арналған республикалық бюджет жобасын жасауда немесе 2018 жылдың бюджетін нақтылау барысында қарастыруды ұсынды.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев болса шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемін арттыру қажет екенін атап кетті. Премьер-министр бизнесмендердің айтқан кедергілері туралы пікіріне қолдау білдірді, әсіресе, темір жол арқылы жеткізу тарифтеріне баса тоқталып кетті.

"ҚТЖ" бойынша мәселелер бар, – деп атап кетті премьер-министр. – Олар біздің тауарөндірушілермен экспортқа шығаруға қатысты келісімшарт жасаған, бірыңғай тариф болды, бірақ көлем көбейген кезде тарифті қайта қарады. Егер тарифті көтеретін болса, онда (компания) бірден нарықты жоғалтады. Компания ішінде мұндай жағдай орын алмау керек. Керісінше, тарифті ұсынып, сол арқылы біз нарықты жаулаған болсақ, енді оны ынталандыру қажет. Яғни ұлттық компанияның мүддесі экспорттық саясаттың аясында жұмыс істейтіндерге қайшы келмеуге тиіс".  

Сыртқы нарықтағы кедергілер жөнінде үкімет басшысы тек алкоголь өнімдері нарығы туралы пікір білдірді.

"Абылай Исабекұлы, сіз Ресей, Беларусь еліндегі алкоголь өніміне қатысты мәселені көтеріп отырсыз ғой, – деп КҰП басшысынан сұрады. – Ол мәселені ұмытқан жөн. Олар ешқашан ашпайды. Бізге баратын жер жетеді, тіпті сол Ресей мен Беларусьтің басқа да бағыттарына баруға болады. Сондықтан бұған бас ауыртып қажет емес. Одан да басқа секторға күш салыңыздар".

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу