Бизнес өздерінің нысандарын электр желілеріне қосу үшін техникалық шарттарды алу кезінде қиындықтарға тап болуда. Монополистердің аталған процедураны көрсетуінде ашықтық жоқ. Олардың қызмет көрсетуден бас тартуының себебі көп жағдайда түсініксіз. Бизнес-қауымдастықтың пікірінше, мәселені шешу үшін бұл саланы цифрландыру керек. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде инвесторлар мен кәсіпкерлерді қорғау мәселесі бойынша өткен жиналыста "Атамекен" ҰКП-ның кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаменті директоры Олег Савеленко мәлім етті.
"Бизнестің толыққанды дамуына кедергі келтіріп отырған проблемалардың бірі электр желілеріне қосылуға техникалық шартты алу болып отыр. Бұл энергиямен жабдықтаушы компаниялардың өздерінің монополистік жағдайын асыра пайдаланумен және нормативтік базаларының жетілмеуімен байланысты. "Табиғи монополиялар туралы" заңға сәйкес табиғи монополия субъектілері интернет-ресурстарда қолжетімді және бос электр қуаты, желілердің өткізу қабілеті және инженерлік коммуникация кестесі туралы ақпаратты жариялауға тиіс. Алайда аталған нормалар толық орындалмайды. Мысалы, электр энергиясына қосылудың негізгі көзі болып табылатын аса сұранысқа ие 10,04 киловатты қосалқы станциялар бойынша еш ақпарат жоқ", – деді Олег Савеленко кездесу барысында.
Бұған қоса, табиғи монополия субъектілері сайтында ақпаратқа баға беретін уәкілетті мемлекеттік орган белгіленбеген, сондай-ақ мұндай мәліметтердің мазмұнына қойылатын талапты реттейтін нормативтік актілер жоқ екеніне тоқталды. Бұл электр жабдықтарының жүктелуі туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етпейді, осының салдарынан техникалық шарттарды рәсімдеу барысында жауапты жұмыскерлердің әрекеттерін жоққа шығарады.
Бизнес мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен тәртібі сияқты техникалық шарттарды беруге қатысты табиғи монополия жұмысының бірыңғай алгоритімін енгізуді талап етіп отыр.
Бүгінгі күні ықтимал жемқорлық тәуекелі азаймай отыр, осыған байланысты монополистердің қызмет көрсетуі мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнама әрекетінен тыс қалып жатыр.
"Аталған субъектілердің қызметі ашық емес. Заңда монополистің қызмет көрсетуі тікелей олардың кеңсесі арқылы көрсетілуі мүмкін деп түсіндірменің қалдырылғаны бекер емес шығар. Егер бұл тәжірибе одан әрі жалғаса беретін болса, онда лауазымды тұлғалардың тұтынушылармен тікелей байланысқа түсуі және ықтимал жемқорлық тәуекелі де азаймайды", – деп атап кетті Олег Савеленко.
Өкінішке қарай, әзірге монополистің негізсіз бас тарту фактілері бар, ал қуаттылықтарды сот арқылы қайтарып алу уақыт пен ақшаны қажет етеді.
"Сотқа шағымдану екі жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Оған Қарағандыдағы "Татьяна и К" компаниясының ескі балабақшаны сатып алып, наубайхана жасамақ болғанында, оны электр желісіне қоспағаны мысал бола алады. Кәсіпкер монополистердің әрекетіне екі жыл бойы шағымданып, ақыр-соңында өзінікін дәлелдеп шықты. Бірақ уақыт өтіп кетті де, осының салдарынан кәсіпкер банкрот бола жаздады. Қазіргі қолданылып отырған тәртіп тұтынушы үшін өте қиын. Қосымша шығын шығады, жемқорлық қаупі бар", – деп ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі тілге тиек етіп өтті.
Жағдайды шешу үшін бизнес өкілдері делдалдардың көмегіне жүгінеді, бірақ та жалған көмекшілер өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарай бермейді. Көп жағдайда олар жауапкершіліктен қашады. Осыған байланысты бизнес-қауымдастық техникалық шарт алуға өтініш беру жүйесін қайта қарауды және Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жақсы тәжірибесін қолдануды ұсынды.
Монополистердің қызмет көрсетуі әлі күнге дейін цифрландырылмаған. Сондықтан заңдағы жаңа құқықтарды іске асыру қоғам тарапынан ерекше бақылауды қажет етеді. ҰКП өкілі монополия субъектілерінің мемлекеттік корпорациялармен өзараәрекет ету рәсімдері, қызметтерді электронды түрде ұсынуы ашық және нақты болуға тиіс екенін айтты.
"Жалпы монополистердің көрсететін қызметтеріне бизнес тарапынан көп ескерту бар. Электр желісіне қосудан бас тартатын жағдайлар болатынын жақсы білеміз, біреуге қосылуға рұқсат беріп жатса, біреуге бермей жатады. Бұл мәселеге қатысты шағым көп. Қашан қабылдайтыны жайлы критерийлер, қандай шешім болатынын ешкім білмейді. Сондай-ақ жалпы электр қуаты бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Осы мәселені "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп шешіп жатырмыз. Аталған қызмет көрсетуді мемлекеттік етіп, оларды нақты стандарттаруды ұсынып отырмыз. Тізімге кіретін 746 қызметтің барлығы минут бойынша жазылып қойылған. Бірақ, өкінішке қарай, тәртіпке келтіру, стандарттаумен қамтылмаған мәселелер де жеткілікті, тиісінше, бақылау да жоқ. Сол себепті бұл жерде, шынымен де, үлкен қиындықтар бар", – деп қорытындылады мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.
Карина Алимова