Бизнес пен білім бірлессе

Қажет Андас Қажет Андас
2776

Шешілмейтін амал, алынбайтын қамал болмайды.

Бизнес пен білім бірлессе

Аталарымыз бізге: "Ерінбеген етікші болады" десе сенетінбіз. Әлі де сол сенгіштігімізге селкеу түскен жоқ. Бірақ бүгінгі таңда ерінбегеннің де еңбегі өнбейтін болды. Өйткені айшылық жерден хабар алдыратын жаһандық жаңа технологияны кім мықты меңгерсе, сол озатын жағдай туды.

Бұл әлемдік бизнес қауымдастығында бәсі басым бола бастаған  қазақстандықтар үшін басты ұстанымға айналды. Алыс Еуропаны айта алмасақ та, айналамыздағы көршілерді көріп жүрміз. Оларды да осы проблема алаңдата бастапты. Саудаға ептілігіміз болмаса да,     ғылым мен техникаға миымыз жетіп тұр. Бұл жайлы Талдықорған төрінде әлемдік бизнес қауымдастығының өкілдері бас қасқан форумда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

"Жаңа индустриалдық революция жұмысшы мамандардың кәсіби біліктілігі жаңа деңгейде болу керектігін көрсетті. Себебі жұмысшылар алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтарда, заманауи өндірісте жұмыс істей алуы қажет", – деді облыс басшысы.

Алматы облысындағы 73 колледжде 32 мыңнан аса білімгер оқиды. Оның 27-сі дуальді оқытуды енгізудің республикалық жол картасына кірген. Олар 140-тан астам кәсіпорынмен бірлесе 8 салада 17 түрлі  мамандық бойынша білім алады. Тегін техникалық және кәсіптік білім беру үшін  өткен оқу жылында 5 мыңнан аса білімгер қабылданып, оның 3 мыңы жұмысшы мамандығын меңгеруге ниет білдірген. Алайда облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері өңірдегі кәсіпорындарға 25 мыңнан астам маман жетіспейді деп отыр.

"Облысқа фармацевтика, ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы мамандар тапшы. Білікті маман дайындаумен тек білім ұйымдары ғана айналыспай, бұл іске жұмыс берушілер де атсалысуы керек. Осы тұрғыда біз бизнес ортаны дуальді оқытуға белсенді қатысуы үшін ынталандыру шараларын енгізіп отыруымыз аса маңызды", – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

"Атамекен" КҰП пен Білім және ғылым министрлігінің сарапшылары дуальді оқыту жүйесі арқылы мамандарды кәсіби дайындаудың жаңа модельдері қалыптастыруы арқылы бұл мәселені шешудің тиімді жолын ұсынды.

"Бүгінгі таңда бизнес өкілдеріне, дуальді оқытудың қатысушыларына салық бойынша және басқа да салаларда жеңілдіктер берілуі қажет. Оқыту мен тәжірибе екі тарап үшін де тиімді болуы шарт.  Егер үш жыл бұрын оқытудың дуальді түріне қатысқан кәсіпорындар саны 600 болса, қазір олардың саны 3 мыңнан асты", – деді КҰП адами капиталды дамыту департаменті басшысының орынбасары Ләззат Шонаева.

Шетелде мұндай жүйе қолданысқа енгеніне  ғасырға жуық уақыт өтіпті.  Ал біздің елде білім мен кәсіпкерліктің бірлесіп жұмыс атқарып жатқанына  бес-алты жыл ғана болған. Мәселен, облыста "Байсерке Агро" ЖШС республикада бірінші болып Талғар агробизнес және менеджмент колледжін сенімді басқаруға алды. Сондықтан еліміз халықаралық тәжірибеге мейлінше сүйенуі керек.

Осы тұрғыда Германияның Трир қаласы қолөнер палатасының үйлестірушісі  Альберт Овер Қазақстандағы дуальді оқытуды әлі де жетілдіру керектігін сөз етсе, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы өкілдігінің басшысы Райнер Гертц аймақ басшысына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамытуда Германия үлгісін ұсынды.

"Біздің елде  техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үш бөлімге қарайды. Бұл экономика, еңбекпен қамту және білім бөлімі. Өңірге осындай тәжірибені енгізу оң өзгеріс әкелуі мүмкін. Бұл үш бөлім бірлесе, өзара конструктивті диалог орнату арқылы жұмыс істеуі қажет", – деп қорытты сөзін Райнер Гертц.

Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова Еуропалық жоғары оқу орындарында оқу уақытының 60%-да тәжірибе жүргізілетінін алға тартып, осы үлгіге көшуден неге тартынып отырғанымыздың  себебін түсіндіріп берді.

"Мен басында ұлдар мен қыздарды қымбат техникалардың тетігіне отырғызудан қорқатынмын.  Шынымды айтсам, техниканы бұзып тастай ма деп күдіктенетінмін. Кейін байқасам, білімгерлер техниканы дұрыс пайдалану керектігін, жұмысты жауапты атқарғанның артықшылығын  тәжірибелі мамандармен бірдей түсінеді екен", – дейді Рашида Шәйкенова.

Біздің өңірде де өзімізге үйлесімді жаңа тәжірибелер бар екен. Бұл туралы  "КазРосАгро" ЖШС басшысы Амангелді Мүслім баяндады.

"Дуальді оқытуда әріптес атану үшін үлкен өндірістердің болуы маңызды емес. Мысалы, маған тәжірибеге 5 студент те жеткілікті. Бірақ олардың  тиісті біліктілік алатынына кепіл бере аламын. Меніңше студенттерді ынталандыру үшін оларға шәкіртақы төлеп отыру қажет. Қазір мен әр студентке 20 мыңнан төлеймін", – дейді ол.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу