Өндірістік тәжірибеден өткен маманның машығы жұмысқа келгенде бірден байқалады

4096

Екібастұзда дуальды оқыту тиімділігін көрсетуде.

Өндірістік тәжірибеден өткен маманның машығы жұмысқа келгенде бірден байқалады

Екібастұзда еңбек нарығында жұмысшы мамандығына тапшылықты жою үшін 2012 жылдан бері дуальдық жүйе жолға қойылды. Өндірісті қалада бұл жобаны алғашқылардың бірі болып Қосым Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен колледжі тәжірибеге енгізді.

Биыл дуальдық оқыту аясында колледж студенттері 2 мамандық – пайдалы қазбаларды ашық әдіспен игеру және дәнекерлеу ісі бойынша білім алуда. Алғашқы мамандықта экскаватор машинистеріне оқытады.

Былтыр "Богатырь Көмір", "Проммашкомплект"  ЖШС-лерімен келісімшарт негізінде 67 студент дуальды оқытумен қамтылды. Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Әубәкірованың айтуынша, "Богатырь Көмір" компаниясы ілгеріде токарь мен электрмен дәнекерлеушіге сұраныс болғандықтан, осы мамандықтарға басымдық берген. Жобаны қолдау мақсатында студенттердің қосымша шәкіртақысына компания есебінен 2 160 000 теңге қаржы бөлген. Өндірісте студенттерге тәжірибелі жұмыскерлерден тәлімгерлер бекітеді. Колледж бітірген 20 бала кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. 

Сөзіміз жалаң шықпас үшін тау-кен колледжінде дуальды оқыту жүйесінде білім алып жүрген жастармен жолығып, әңгімелескенді жөн көрдік.

Экскаватор машинисіне оқып жүрген Федор Майер жақында ғана Ақтөбенің Хромтау қаласында өткен "Үздік кенші" республикалық байқауынан оралыпты. 2-орынды иеленген ол қуанышын бізбен бөлісіп, байқаудан алған әсері жайлы әңгімеледі.

"Жұмысшы мамандығына бұрынғыдай емес, талап жоғары. Оны мен байқау кезінде аңдадым. Маған көмірдің неше метр тереңдікте қазылатыны туралы сұрақ келді.  "Богатырь Көмір" кенішінде тәжірибеден өтіп жүрген мен сұраққа тосылған жоқпын, 15 метр тереңдікте қазылатынын айттым. Тест өндірістік сұрақтарға сай әзірленген. Кәсіби ағылшын тілінен орысшаға аударғанда біраз қиналдым", – деп Федор ағынан жарылды.

Федор байқауда жетістікке жетуіне дуальды оқыту жүйесінің көмегі болғанын жасырмады. "Егер өндірісте жұмыс істеп, көзбен көріп, қолмен ұстамасам, жүлденің ауылы алыстайтыны анық еді", – дейді экскаватор машинисіне оқып жатқан жігерлі жас.

3-курс студенті Қантай Ергебаев мамандықты әкесімен бірге таңдапты. "Дәнекерлеуші мамандығы зәру кәсіптерге жатады. Ағылшын тілін жетік меңгерсеңіз, шетелде жұмыс істеуге болады", – дейді ол. Кәсіпорын  жұмыскерлерімен тіл табысып, қосалқы бөлшектерді дәнекерлеу секілді күрделі тапсырмаларды орындап жүр.

"Колледждің келешегі бар екеніне көздері жеткендіктен, балалар сабақты босатпауға тырысады. Компания 38 студентке шәкіртақы тағайындады. Ең бастысы, жастар болашаққа үмітпен қарайды", – дейді Сәуле Әубәкірова.

Біз осы күні тау-кен техникалық колледжін бітіріп, еңбек етіп жүрген жастардың бір шоғырымен кездестік.

Дамир Бекемиров "Богатырь Көмір ЖШС-не қарасты тау-кен жабдықтарын жөндеу зауытында механикалық цехта еңбек етеді.

"Қосым Пішенбаев атындағы тау-кен техникалық колледжінде 2, 3-курстарында оқып жүргенде дуальдық оқыту жүйесіне іліктім. 6 ай бойы тау-кен жабдықтарын жөндеу зауытында өндірістік тәжірибеден өттім. 6-разрядты жұмыскер Баймұрат Сәкенов менің тәлімгерім болды. Колледждегі шәкіртақым сақталды. Оған қоса кәсіпорын жеке жәрдемақы тағайындады. Мен зауытта еңбек ете жүріп, жұмысқа көзім қанықты. Колледжде теориялық білімімді кәсіпорындағы еңбекпен ұштастырып жүрдім. Қолыма диплом тиген бетте ойланбастан зауытқа жұмысқа тұрдым", – дейді ол. Дамир 4-разрядты темір ұстасы. Колледж қабырғасынан жаттыққандықтан ба, жұмыста еш қиналмағанын айтады.

Арғын Иманқұлов та аталмыш колледжде 2012-2015 жылдары білім алыпты. Ол да өндірістік тәжірибеден өткен. Диплом алған соң, әскерде борышын өтеді.

"Әскерден келген соң, бұрынғы өзім танитын ортаға жұмысқа орналастым. Жұмыста ешбір кедергі көрмедім. Колледждегі тәжірибеден өткенім пайдаға асып, кәсібімді жылдам меңгердім", – дейді Арғын Байтұрсынұлы. Жас маманға Сағат Оспанов сынды өз кәсібін жетік білетін адам тәлімгерлік жасаған.

Әділбек Асылбеков – колледждің 2013-2014 жылдардағы түлегі. Ол да колледж бен кәсіпорын арасында талмай еңбек етіп, шыңдалған.

"Өндірістік тәжірибеден өткен маман өзі қатарластарға қарағанда бір саты биік тұрады. Оқуды бітіргенде жұмыс ерекшеліктерімен және қондырғы-құрылғыларымен толық танысып, сол кәсіпорынға орналасуға мүмкіндік алады", – деді.

Жастардың еңбек нарығында жоғары білімді талап ететін қызмет орындарына қарағанда орта не кәсіптік білімге ие жұмыс күші қажет екеніне көздері жеткен.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу