Бизнесте бұрымдылардың бәсі биік

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2571

Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрап отыр. 

Бизнесте бұрымдылардың бәсі биік

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2018 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 1,2 млн жеке кәсіпкер бар. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,8%-ға немесе 9,8 мыңға көп. Оның 560,9 мыңын, яғни 47%-ын әйелдер құрап отыр.

Соңғы бір жылда әйелдердің басшылығымен тіркелген жеке кәсіпкерлік саны 1,1%-ға, яғни 6,3 мыңға артқан. Ал ерлер қауымының көрсеткіші небары 0,6%-ға көбейген. Арулардың атына тіркелген жеке кәсіпкерліктің 78,2%-ы немесе 438,5 мыңы нақты жұмыс істеп тұр. 

Әсіресе, әйелдер білім саласында жеке кәсіпкерлік ашуға әуес екен. Бүгінде нақты жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерліктің 73,5%-ы осы салаға тиесілі. Одан кейінгі орында мемлекеттік басқару және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салалары тұр. Олардың үлесі – 69,2%. Үштікті жылжымайтын мүліктерге қатысты қызметтер саласы түйіндеген (64,5%).

Ал әйелдердің "тісі" батпайтын сала – көлік және қойма шаруашылығы. Аталған салаларда әйелдердің үлесі тым аз (14,8%).

Бүгінде елімізде әйелдердің бизнеспен айналысуына тиімді жағдайлар жасалған. Мәселен, "Даму" қорында әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған екі бағдарлама бар.

Біріншісі "Бизнестегі әйелдер" деп аталады. Бұл бағдарлама Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен қолға алынған. Аталған бағдарламаға "ForteBank" және "БанкЦентрКредит" банктері қатысуда. Кәсіпкерлердің 900 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Несие 14%-дық жылдық мөлшерлемен 120 айға дейін беріледі.

Екінші бағдарлама – "Әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиелеу". Бұл бағдарламаға 9 банк жұмылдырылған. Бағдарлама осы жылдың шілдесінде аяқталады.   

Сондай-ақ, әйелдер бизнесін қолдауда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы да ауқымды жұмыстар атқаруда. Палатаның іскер әйелдер кеңесін басқаратын Ләззат Рамазанованың айтуынша, қазақстандық әйелдер мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 40%-ын қалыптастырып отыр.

"Статистикаға сүйенсек, әйелдердің 40%-ы ауылдық жерде тұрады. Сол себепті "Атамекен" ұлттық палатасы бір жыл бұрын "Бастау бизнес" бағдарламасын ауылға алып келді. Осының нәтижесінде ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігінің тамырына қан жүгірді. Біздің палата үшін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – басым бағыттардың бірі", – деді Ләззат Рамазанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Іскер әйелдер кеңесі төрайымының айтуынша, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ауылдық жерлерде әйелдер кооперациясын дамытуды ұсынып отыр. Мәселен, сауылған сүтті, одан жасалған өнімді кооперация негізінде жүзеге асыру көзделуде. Сонымен қатар, іскер әйелдер кеңесі декреттік демалыстағы әйелдерді де бизнес саласына тартпақ.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Лилия Бурунчуктың айтуынша, Қазақстандағы әйелдердің жұмыспен қамтылуы әлемдік көрсеткіштен едәуір жоғары екен. Мәселен, әлемдегі әйелдер қауымының жұмыспен қамтылуы 50%-ға жетер-жетпес деңгейде. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 75%.

"Қазақстандық әйелдердің білім, денсаулық сақтау салаларындағы үлесі жоғары. Алайда, әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндіктері әлі де болса шектеулі. Парламенттегі, министрліктердегі, атқарушы биліктегі әйелдердің үлесі аз. Мәселен, әйелдердің парламенттегі үлесі – 27%, ал министрліктердегі үлесі – 13%. Сонымен қатар, Қазақстандағы басшылық қызметтегі әйелдер саны да шамалы. Мұндай әйелдердің үлесі 19%-дан аспайды. Аталған бағыттарда әйелдердің үлесін арттыруға кедергі боп отырған бірнеше фактор бар. Біріншіден, әйелдер білім беру, денсаулық сақтау секілді еңбекақысы төмен салаларды таңдайды. Екіншіден, құқықтық шектеулер бар. Қазақстанның Еңбек кодексі әйелдерге 25 кәсіп бойынша жұмыс істеуіне тыйым салған. Үшіншіден, әйелдер кәсіпкерлігін қаржылай қолдауда проблемалар бар. Төртіншіден, Қазақстанда бала күтімі негізінен әйелдерге артылған", – дейді Лилия Бурунчук.

Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, әйелдерді толықтай еңбек нарығына тартпаудың салдарынан кейбір елдер ішкі жалпы өнімнің 27%-ына дейінгі көлемін жоғалтып отыр. Яғни, аруларды еңбекке тарту елдің ішкі жалпы өнімін айтарлықтай арттырады. Мәселен, осының нәтижесінде АҚШ-тың ішкі жалпы өнімін 5%-ға, Жапонияныкін – 9%-ға, Египттікін 34%-ға көбейтуге болады екен. Сол секілді әйелдердің еңбекке араласуы Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ұлттық экономикасын жақсартуға да жол ашпақ.

"2007 жылы басшылық құрамының 25%-ына дейінгі үлесін әйелдер құраған команиялар капиталдың кірістілігін 66%-ға, сату кірістілігін 42%-ға және активтердің кірістілігін 53%-ға арттырған екен. Ал директорлар кеңесінің мүшелігіне әйелдер енген компаниялар тәуекелдерді тиімді басқара алады. Сондай-ақ, клиенттермен, жұмысшылармен, акционерлермен және жергілікті қауымдастықпен жақсы қарым-қатынас орнатады. Жоғары басшылығы әйелдерден тұратын компаниялардың тапсырыс берушілердің қажеттілігіне сай келетін өнімді дамытуда мүмкіндіктері мол. Себебі, Еуропалық Одақта тұтынушылық шешімдердің 70%-дан астамын әйелдер қабылдайды. Бұл тенденция Қазақстанға да қатысты деп ойлаймын", – дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры.      

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу